Ұлыстың ұлы күнінде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мүгедектерді оңалту орталығына барып, қызмет алушыларды әз-Наурызбен құттықтап, ардагерлермен пікірлесті. Шарада мәртебелі қонақ болған ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Мұрат Бақтиярұлы мен Ақмарал Әлназарова және Мәжіліс Төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева және Сыр елінің бірқатар зиялы қауымы қатысты.
Аймақ басшысы алдымен мерекелік көріністерді тамашалап, орталықта қызмет алушы азаматтардың қолынан шыққан өнімдер топтамасы қойылған көрмені көріп, «Модельдік пәтер» жұмысымен танысып, орталық қызметінің тиімділігі туралы сөз қозғады.
«Тәуелсіздігіміздің төртінші он жылдығына аяқ басып жатырмыз. Наурыз мейрамы аясында өздеріңізбен жолығып, жаңару айын бірге өткізіп отырмыз. Бұл оңалту орталығы мүгедектігі бар азаматтарға түрлі деңгейде реабилитациялық көмек береді. Облыста бір жылдың өзінде әлеуметтік саладағы бағдарламаларға 19,8 млрд. теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға 3,1 млрд. теңге қаржы бағытталып отыр. Жақында ғана облыстық мүгедектер қоғамының орталығы ашылды. Бұл мүгедектігі бар жандар үшін қоғамда кедергісіз орта қалыптастыруға, құқықтарының қорғалуына, бос уақыттарының тиімді пайдалануға мүмкіндік беретініне сенімім мол. Келіп жеткен Наурыз әр отбасына құт болып енсін, ырыс-несібеміз мол болсын, шаңырақтарды шаттыққа кенелтіп, қуанышқа толтырсын деп тілеймін! Ұлыстың ұлы күнінде игі тілектеріңіз қабыл болып, халқымыз аман, істеріңіз табысты, жеріміз тыныш, бірлігіміз берекелі болғай», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Мерекелік шара барысында демеушілер есебінен салалық 5 мекемеге 500 мың теңгелік сертификат табысталды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!