Жұма, 27 желтоқсан, 05:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Гүлшара Әбдіқалықова: Қуаңшылықтың алдын алу үшін шаруалармен бірге қажетті қадамдарды жасаймыз

11.03.2022

1099 0

Өткен аптада облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда қаласына қарасты шеткері аумақтағы елді мекендерді аралап, тұрғындардың мәселесін тыңдаса, кеше Арал ауданына жұмыс сапарымен барып, қуаншылыктың алдын алу және көктемгі вегетациялық кезеңде егін егу мәселелері бойынша шаруалармен кездесіп, Сексеуіл кентінің тұрғындарымен жүздесті.

Алдымен өңір басшысы ауданда салынатын клубтар мен кітапханалар құрылысы, Бақтыбай батыр көшесін қайта жаңғырту, аспалы темір жол өткелінің жобасы мен балық шаруашылығын дамыту бағдарламасымен танысып, мамандармен пікірлесті.

Облыста балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған Жол картасы әзірленді. Нәтижесінде балық экспорты екі есеге, тауарлы балық өсіру көлемі 111 есеге артып, 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Өңір басшысы табиғат пайдаланушылармен пікір алмасу сәтінде көлдерді тауарлы балық шаруашылығына бейімдеудің маңыздылығына тоқталды.

Біз байлығымыз саналатын теңізді, ондағы балықты сақтауымыз керек. Тағы бір мәселе, ол балық аулау әдісі. Оны қазіргі заманға сай етіп, шаруашылықтарға заңды түрде учаскелерді белгілеп алсақ, жаңа жұмыс орнын ашуға өз септігін тигізеді, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Ал, аудандағы тарихи-өлкетану мұражайында аймақ басшысының назарына мұражай құрылысының жобасы мен көпқабатты тұрғын үйлер салу мәселелерін ұсынылды.
Мұнан кейін облыс әкімі Арал қаласында сала мамандарымен бірге ауыл шаруашылығы мәселелерін талқылауға арналған жиын өткізді.
Отырыста аудан әкімі Серік Сермағамбетов егін және мал шаруашылығы бағытында негізгі жұмыстарды тізбелесе, Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов облысқа келетін судың қазіргі жағдайы мен алдағы болжамы туралы баяндады. Сондай-ақ, көлдер жүйесін суландыру мен оларды сақтап қалу жағдайы қозғалды.
Кездесуде облыс әкімі вегетация кезеңінде судың аз келуіне байланысты тиімді тетіктерді қарап, суды аз қажет ететін дақылдарға мән беру қажеттігін алға тартты. Сондай-ақ, Көкаралды күрделі жөндеуден өткізу мәселесі де сөз болды.

«Бізге керегі – төрт түліктің басын аман сақтау және жоғарыдан түсетін су деңгейіне байланысты егін жұмыстарын мерзімінде бастау. Биыл да судың аз келуіне байланысты қарекетті қадамдарға шаруалармен бірге кірісуіміз қажет. Әкімдік тарапынан Жол картасы әзірленді. Картаға енген 65 жобаға ҚР Үкіметі резервінен 3,6 млрд.теңге бөлуге ҚР Қаржы Министрлігінен келісім алынды. Сондай-ақ, Үкімет ревервінен барлығы 22 каналды тазалау, 41 ұңғыманы жөндеу және бұрғылау, 133 дана насос қондырғысын алуды жоспарлап отырмыз.
Көлдерді суландыру мен балық шаруашылығына байланысты да мәселелер туындайтынын мен жақсы түсінемін. Көрші мемлекетте болып жатқан жағдай да ауыл шаруашылығына, оның ішінде экспортқа тікелей әсер етеді. Дегенмен, бірігіп проблемаларды шешудің тиімді тетіктерін қарастырсақ, бұл қиындықтан да шығамыз», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Өңір басшысы аудандағы шаруа қожалықтары өкілдерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, жауапты басқарма басшыларына бірнеше тапсырма берді. Яғни нақты мал басына қажетті жем-шөппен қамтамасыз ету, құдықтар мен скважиналарды қазуға жоба-сметалық құжаттар дайындау тапсырылды. Сондай-ақ, егін егу науқаны басталмай тұрып, Арал ауданындағы көлдер жүйесін суландыруға тиісті жұмыстарды жүргізу, биыл егілетін 200 гектар картоп, көкөніс, бақша және жоңышқа дақылдарының егіс көлемдерін қажетті сумен қамтамасыз етуді ұйымдастыру жүктелді. Ал, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы аудан әкімдерімен бірлесе керекті жем көлемін нақтылап, «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» арқылы жеңілдетілген бағада жем сатып алуды ұйымдастыру, тауар өндірушілердің мал азығына жұмсаған шығындарын ішінара субсидиялауға қажетті қаржының бөлінуін пысықтауы керек. Мұнан бөлек, ветеринария басқармасына мал ауруларын болдырмас үшін ветеринар мамандардың әрбір ауылды аралап, диагностикалық жұмыстарды атқару ісін жүргізіп, шаруа қожалық иелеріне сырғалау жұмыстарына қажетті түсіндірмені ұдайы жүргізуді тапсырды.

Облыс әкімі Арал ауданына жұмыс сапары аясында Сексеуіл кентіне де барды. Мұнда елді мекенді газдандыру, кентішілік жол салу, темір жолшыларға арналған 38 екі пәтерлік тұрғын үйдің құрылыс барысы, электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары мен «Құмсай» бөгетінің жағдайын талқылады. Сондай-ақ, кент тұрғындарын толғандырған мәселелерін тыңдап, пікірлесті.

Тұрғындар аймақ басшысынан құрылысы ұзаққа созылған аурухана құрылысын аяқтауға ықпал етуге, елді мекенді газдандыру мен жастарды жұмысқа тарту бойынша өз ұсыныстарын жеткізді. Өз кезегінде облыс әкімі көтерілген мәселелердің жеке бақылауына алғанын айтып, аталған проблемаларға қажетті қаржы мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді. Сондай-ақ, аралдықтардың қаңтар оқиғасы кезінде қатынасы қиындаған пойыз жолаушыларына тамақ беріп, қонақжайлылық пен құрметтің үлгісін танытқан Сексеуіл кентінің жастарына алғыс айтып, ілтипатын білдірді.

Гүлшара Әбдіқалықова: Қуаңшылықтың алдын алу үшін шаруалармен бірге қажетті қадамдарды жасаймыз
Гүлшара Әбдіқалықова: Қуаңшылықтың алдын алу үшін шаруалармен бірге қажетті қадамдарды жасаймыз
Гүлшара Әбдіқалықова: Қуаңшылықтың алдын алу үшін шаруалармен бірге қажетті қадамдарды жасаймыз

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: