Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова тәуелсіз еліміздің ақпараттық кеңістігінде өзіндік орны бар «Qyzylorda» телеарнасының құрылғанына 30 жыл толуына орай арна ұжымымен кездесіп, 30 жылдық мерейтойымен құттықтады. Кездесуге телеарнаның қалыптасуына үлес қосқан ардагер журналистер, сала мамандары қатысты.
Аймақ басшысы ақпараттық саясатты жетілдіруде өңірдің өркенді істері мен айшықты оқиғаларынан өзекті хабарлар әзірлеп, көзі қарақты көрерменге шынайы әрі жедел хабар таратуда «Qyzylorda» телеарнасының үлесі зор екенін атап өтті.
«Qyzylorda» телеарнасы журналистикадағы жаңа тенденцияларды өндіріске батыл енгізген жетекші арналардың бірі. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» Тұжырымдамасын тиімді іске асыруда тікелей эфирде әлеуметтік-саяси мәселелерді қозғайтын «Өзекжарды» бағдарламасы, сан алуан тақырыпты қамтитын «Өмірдің өзі» әлеуметтік ток-шоуы, апталық «Үштаған»ақпаратты-сараптау бағдарламалары көрермен көзайымына айналып, телеарнаның оң имиджін қалыптастыруда айтарлықтай үлес қосып келеді.
30 жыл ішінде телеарна көзі қарақты көрермен алдындағы миссиясын адал атқарып, шынайы әрі жедел хабар тарату қағидасын басты назарда ұстап келеді. Алдағы уақытта да телеарна билік пен қоғам арасындағы бірлікті сақтай отырып, ұлттың рухани жаңғыруына үлес қоса береді деген сенімдеміз»,-деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Кездесуде облыстық телерадиокомпаниясында түрлі қызметтер атқарып, 16 жылдан бері іскер де білікті, ұйымдастырушылық қабілетін танытқан телеарна директоры Жағыппар Қарабала сөз алып, телеарнаны дамытуда мемлекет тарапынан қолдаудың жоғары екенін айтып, телевидение тарихына өлшеусіз үлес қосқан кәсіби мамандардың еңбегін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, телеарнаның түлегі, «Қазақстан» РТРК» АҚ аймақтық хабар таратуды дамыту департаментінің директоры Арсений Дүйсенов, телевизия саласының негізін қалаушы тұлғалардың бірі, журналистика саласының ардагері, сарапшы журналист Айткүл Шалғынбаева телеарнаның қалыптасу кезеңіндегі ерекше сәттерге тоқталып, әсерлі естеліктерімен бөлісті.
Жиында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова телеарнаны дамытуда өзіндік үлес қосқан, халыққа шынайы ақпарат жеткізуде ерекше қолтаңбасы бар журналистерге құрмет көрсетті.
Облыс әкімінің «Құрмет» грамотасы телеқондырғыларға қызмет көрсету жөніндегі инженер Жәнібек Жумановқа, шеф редактор Бекзат Есқалиевке табысталды. Ал, режиссер Гүлсара Мамбетова, персонал жөніндегі менеджер Дина Елеу, бөлім басшысы-жауапты шығарушы Асемгүль Тапалова, телеарна іргетасын қалаған маман Зина Есмаханова, репортер, редактор-жүргізуші Арсений Дүйсенов, ардагер журналист Айткүл Шалғынбаева облыс әкімінің «Алғыс» хатымен марапатталды.
«Qyzylorda» телеарнасы – республикалық филиалдардың ішінде халық шығармашылығын дамыту, жергілікті музыкалық контентті қалыптастыру бағытында арнайы телебайқаулар мен фестивальдар өткізіп келе жатқан бірден-бір арна.
1991 жылдың 30 сәуірінен бастап телеарна көгілдір экраннан жаңалықтар тарата бастады. Ал, 2009 жылдың тамыз айынан бастап телеарна республикада алғашқылардың бірі болып, облыс аумағына тәулігіне 15 сағат көлемінде хабар таратуға көшті.
30 жылдық мереке қарсаңында «Qyzylorda» телеарнасы заманауи телестудияда жаңалықтар таратуда.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!