Бейсенбі, 26 желтоқсан, 21:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

«Халал» халал ма?

28.06.2022

1160 0

Өткенде қаламыздағы бір супермаркетке соғып, үйге қажетті азық-түлік алмақ болдым. Сонымен керек-жарағымды түгелдеп жүріп, шұжықтар ілінген сөреге келіп қалыппын. Менің алдымда тұрған екі тұрғынның бірі екіншісіне «қолыңдағы шұжық халал ма екен, қарап ал» деп жатыр. Мына жайтты көрген менің санама күмәнді бір ой сап ете қалды.

Иә, қазіргі таңда тұтынушылардың басым бөлігі дүкендерден әлгі екі тұрғын секілді «халал» өнімді іздейтіні рас. Тіпті, кейбіреулер «халал» сөзінің мағынасын түсінбегенмен, сондай белгісі бар өнім қауіпсіз деп сенеді. Алайда соңғы кездері «халал» деп айдар таққан өнімдер де күмәнді бола бастады. Бұлай деуімізге салмақты себебіміз де бар. Өйткені соңғы жылдары Денсаулық сақтау министрлігі қаншама кәсіпорынның «халал» деп шығарған шұжықтарынан доңыздың ДНК-сын табуы жиіледі. Міне, осыдан келіп, «Халал» шынымен халал ма?» деген ой туындады бізде. Бүгінгі әңгіме ауаны сол жайында болмақ.

«Халал» һәм «Харам»

Жаныңа қажеттінің көбін кезіктіретін базар немесе дүкенге бара қалсаң, сатып алғалы тұрған азық-түлік өнімін «мынау халал ма?» деп сұрайтынымыз рас. Расында, «халал» сөзі нені білдіреді? Әуелі соған тоқталайық. «Халал» – рұқсат етілген нәрсе деген ұғымды береді. Ал «харам» дегеніміз тыйым са­лынған деген мағынада қолданылады. Дініміз дұрыс-бұрысын осылай бөліп береді. Алайда бұл халал өнімін не қызметін тек қана мұсылман елдері пай­даланады деген сөз емес. Біздің айтып отырғанымыз жалпылама түсінік.

Қазіргі таңда еліміздің ет және ет өнім­дерін шығаратын кәсіпорындарын­да малды дұрыстап соймай, керісінше электр тоғымен өлтіру, пышақпен ұрып өлтіру сияқты тәсілдердің қолда­нылатыны аян. Шетелде малды байлап қойып, басын кувалдомен ұрып не қазыққа байлап қойып, тоқ арамен мойнынан орып жібергенін де көргенбіз. Қош. Жалпы бұлайша өлтірген малдың бойын­да қан ұйып қалады. Медицина осылай дейді. Жөн-жосықсыз өлтірген жануар ең алдымен қорқып қалады-мыс. Ал мал қорыққан кезде бүйрек без­дері шошынады екен. Міне, дәл осындай тәсілмен сойылған малдың етін жеген адамда қатерлі ісік ауруының қоздырғышы пайда болуы да мүмкін. Бұл жайында мамандар талай айтқан, айтып та келеді. Негізінен мұсылмандарда адал бауыздалмаған малдың етінен істелген тағамның бәрі «харам» деп есептеледі. Мұсылмандардың көбі, әсіресе, қазақ халқы малды соярда жөн-жоралғысын жасап, «бісмілләсін» айтып, батасын қайырып, бауыздап сояды. Ал сол бауыздалған малдың бойындағы қан толығымен сыртқа шығады. Оны көп­шілік білетін де шығар.

– Қазақ халқы малды «Менде азық жоқ, сенде жазық жоқ» деп, бісімілләсін айтып барып бауыздайды. Малды сою­дың жөн-жобасын кішкентай кезімізден көріп өстік. Мал сою жауапкершілікті, әсіресе тазалықты қажет етеді. Өйткені ағзадағы инфекция қанға барып жина­лады. Оны медицинада да айтады ғой. Бірақ оны қазақ ертеде білген. Жалпы малды сойғанда одан аққан қанның сыртқа толығымен шығуына мән беру қажет. Малдың қаны сыртқа толығымен шығарылса, ет таза, денсаулыққа пай­далы болады. Міне, осыны «халал» деп жеуге болады. Сондықтан малды сойғанда дұрыстап бауыздап, қанын толық ағызып барып терісін сыпыру керек, – дейді тәжірибелі қасапшы Ғабит Жарылқасынов.

Иә, қасапшы сөзін құп алып, осы жолмен мал бауыздап, елге өнімін ұсы­натындар болса жақсы ғой. Дегенмен мұндай ойды кім айтса да, оған құлақ асушылар аз болып тұр-ау. Біз осы тұста халал мен харам жайын және жеген астың адал не адал еместігін білмеген пендеге қандай үкім болатынын да имамнан сұрап білдік.

– Мұсылман кісі жеген асының шариғатқа сай адал және таза бол­ғанына мән береді. Өйткені бұл –  Жаратушымыздың әмірі. Алла Тағала көптеген аятта таза әрі адал аспен азықтануды бұйырған. Аяттардың бірінде былай деген: «Ей, адам баласы! Жер-жүзінде өздеріңе арналған адал, таза тағамды жеңдер!..». Ендеше таза әрі адал тағаммен азықтануымыз маңыз­ды. Ал енді етті адал деуіміз үшін, бі­ріншіден, шариғатта харам саналатын хайуан еті болмауы керек. Мысалы, доңыз, жыртқыш, өлексе тағысын тағы. Екіншіден, «Бісімілләмен» бауыздалған болуы керек. Себебі әдейі «бісміллә» айтылмай сойылған малдың етін жеуге болмайды. Бұл – Алланың бұйрығы.

Құранда «Алланың аты атал­май бауыз­далған малдың етін жемеңдер!», – де­лінген. Дегенмен қазіргі қоғамы­мыз асханаларға толы. Адамдар мұндағы бері­ліп жатқан еттің ненің еті екенін әрі «бісімілләмен» сойылған, сойылма­ғанын білмейді. Бұл жағдайда, әри­не, адалдығына сеніміңіз бар жерден барып тамақтану тақуалыққа жақын әрі ең дұрысы. Алайда ондай асхана табылмаған жағдайда немесе сіздің жағдайға тап болған кісі не істегені дұрыс деген сұрақ әр мұсылманның көкейін­де туындауы занды. Еліміздегі асхана­лар мен мейрамханалардың басым көпшілігі я мұсылмандардікі немесе христиандардікі. Асхана не мей­рам­хананың иесі мұсылман болса, әрі ұсынған тағамындағы еттің «арамды­ғына» көзіміз жетпейтін болса, ол етке «адал» деген үкім беріледі. Ол тағамды ішімізден «біссіміллә» деп айтып жей берсек, күнә болмас, – дейді «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Болатбек Әбуов.

Дін осылай дейді. Жалпы халал өнімнің қоғам үшін маңызы орасан екенін білеміз. Әсіресе денсаулық сақтау саласында. Себебі халал өнімнің зияны жоқтығы ғылымда дәлелденіп отыр. Халқымыз «ауру – астан» дейді. Халал өнім жайлы сөз қозғасақ, әуелі азық-түлік тақырыбына ойысатынымыз да содан шығар. Осы мақаланы жазарда мына­дай дерекпен ұшырастық. Жалпы адам денсау­лығына кері әсер ететін факторлардың 60 про­центі тамақтанудан келеді екен. Яғни адам денсаулығы үшін халал өнімнің маңызы зор. Сол себепті де әлемде халал өнімдерді тұтынатын мемлекеттер жыл санап көбею үстінде. Бұл – бір ғана мысал.

Бүгінде «халал» сертификатын дүние жүзінде 6 миллиардқа жуық адам тұтынады екен. Халықаралық қаржы агенттігі осылай дейді. Ал халал өнім шығарудан Франция, Аустралия, Жаңа Зеландия ел­дері көш басында екен. Олар халал стандартын қол­данумен шектел­мей, экспортқа шыға­рып, елге үлкен кө­лемде қаржы түсі­руде. Міне, халал стандартына осы­лай­ша әлем жұрт­шылығы қы­зығу­шы­лық танытуда. Оның ішінде, әлбетте біздің Қазақстан да бар. Бүгінде елімізде көптеген зауыттар мен ет комбинаттары, тіпті қызмет көрсету орындары халал стандартына көшті. Бүгінде 600-ге тарта кәсіп­орын аталған стандарт бойынша жұмыс істеуде. Бұл қатарда қызылордалықтардың да үлесі бар.

– Қолдан келгенше адал мен арамды ажы­ратып, діннің үкімімен жүрген дұрыс. Мен тағы бір­нәрсені айта кеткім келеді. Халал стандарты тек тамақ өнеркәсібін ғана емес, өзге де толып жатқан салаларды қамтуы қажет деп ойлаймын. Мысалы, киім-кешек, аяқ-киім, жиһаз доңыздың терісінен жасалмауы керектігі қатаң бақылауға алынса, косметика, парфюмерия, фармацевтикада харам дүниелер­дің қолданылмауы қадағаланса нұр үстіне нұр болар еді. Егер осыларды қолданса, халал өнімнің болашағы зор деп ойлаймын, – дейді «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Болатбек Әбуов.

«Халалды» халал дей аламыз ба?

Қазақ ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ерте­ден білген. Соған орай тұтынатын киімнен бастап, азық-түлікке дейін адал мен арамды бөліп тұрып, тәптіштеп айтып кеткен. Содан болар, әсіресе асқа қатты мән береміз. Сөзсіз, бәріміз жеген асымыздың адал болғанын қалаймыз. Сол себепті халық халал өнімді тұтынғысы келеді. Халал өнімдердің дамып келе жатқанын айттық қой. Дейтұрғанмен аталған салада кемшіліктер де баршылық. Қазіргі таңда елімізде ет өнімдерінің 60 проценті халал болып шығып жатыр. Алайда оның бәрі қаншалықты адал? «Халал» белгісі бар өнім­нің бәрі бірдей сенім­ді ме? Шұжықтан ауыз тиіп, дәмін көріп, құра­мына доңыз етінің қосы­лып-қосылмағанын анық­­тау мүмкін бе? Елді алаң­­дататыны – осы.

– Талай рет дүкеннен шұжық алдық қой. Сыртында «мусульманский» деп жазы­лып тұрады. Одан бөлек қан­шама түрі бар. Басым бөлігінің қапта­масында халал белгісі бар. Қалтаңнан қанша теңге шығарып сатып аласың да, үйге келіп жейін деп жатсаң, ортасынан майда-шүйде сүйек шығады. Турап дастархан үстіне қоясыз, шамалы уақыт өткен соң келіп қарасаң, көзге шошқаның майындай болып, сыртқа май ағып жатады. Иісі жаман. Осыдан келіп, халал сертификатын оңды-солды беретін болған ба дейсің. Халықты бұлай алдауға бола ма? – дейді қала тұрғыны Асыл Аймағанбетова.

Денсаулық сақтау министрлігі ақпаратына сүйен­сек, әзірге жалған «халал» өнімдерге кедергі болу қиын секілді. Иә, санитар дәрігерлер ет өнімдерінен талай рет сынама алып, құрамынан доңыз ДНҚ-сын анықтаған кездер аз емес. Оны естіп те, оқып та жүрміз. Шұжықпен қатар «халал» белгісі бар қалбырдағы бұқтырылған сиыр етінен де шошқа ДНҚ-сы табылуда. Мұн­дай жайттар айта берсең көп енді. Осының бәріне халық ал­данады, ал өндірушілер «харам» өндірістен та­бысқа кенеледі. Бүгінгі жайт, міне, осындай.

Осы тұста бізді халал стандарты қалай беріледі деген ой мазалады. Содан сертификат­тың қалай берілетінін білмекке, ҚМДБ «Халал Даму» ЖШС-ның Қызылорда облысы бойынша жауапты өкілі Перизат Шарапатоваға хабарластық.

– ҚМДБ-ның «Халал» сертификаты – барша мұсылман қауымының сенімін арқалайтын құжат. Сондықтан «Халал Даму» ЖШС тарапынан кәсіпорындар мен мекемелерді тексеру кезінде кәсіпорынның қызметі, тағам өнімдерінің құрамы халал талаптарына сай болуына, құжаттарының дұрыстығына, үнемі қадағаланып, тексеріліп отыруына аса мән беріледі.

Кәсіпорынның «Халал» сертификатын алуы заң аясында  тәртіп бойынша жүзеге аса­ды. Тәптіштемей, маңыздыларына тоқталып өтейін. Ең алдымен «Халал Даму» ЖШС өнім үлгі­лерінің құрамын анықтайды. Ол үшін біз Қазақстан-Жапон инновациялық генетикалық модификацияланған зертханамен келісімге оты­рып, бірлесіп жұмыс жасаймыз. Бұл зертхананың технологиясы заманымыздың ең мықты деген зертханаларынан кем емес. Өнімнің құрамында өте аз мөлшерде де доңыздың ДНҚ-сын анықтап бере алатын мүмкіндікке ие. Ең маңыздысы да – осы. Егер кәсіпкер осы межеден өте алмаса, оған халал сертификаты берілмейді, – деді Перизат Жанділдақызы.

Иә, бұл сертификатты алған кәсіпкер жіті тексеріледі. Жауапты мамандар өңірдегі сер­тификатталған кәсіпорындарды жүйелі түр­де қадағалайтын бақылаушы-инспекторлар жос­парлы түрде ай сайын, жоспарсыз түрде кез келген уақытта тексеріс (аудит) жұмыстарын жүргізеді.

Перизат Жанділдақызының айтуынша, бү­гінге дейін Қызылорда облысы бойынша сер­тификат алған өнімдердің құрамына қатысты шағым түспеген. Жалпы шағым түскен жағдайда тексеріп-түзету жұмыстары жүргізіліп, тиісті шаралар қолданылады.

– Жалпы халал сертификатын алған кәсіп­орындардың сапасын арттыруға әсер ететін негізгі  фактордың бірі – тұтынушылар талабы мен сұранысы. Егер тұтынушылар тарапынан да халал стандартының шарттары сақталуы талап етілсе, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді ҚМДБ «Халал Даму» ЖШС-ның Қызылорда облысы бойынша жауапты өкілі Перизат Шарапатова.

«Халал» атын жамылушылар көп

Денсаулық сақтау министрлігінің сөзіне сүйенсек, елімізде «халал» атын жамылған харам өнім аз емес екен. Яғни адал ас деп елді алдап, халалдың атын жамылып, құрамында доңыздың еті мен майы араласқан тауарлар сатып жүргендер бар. Осындай жайттардан соң «халалға» халықтың сенімі жоғала бастайтыны сөзсіз. Бұл мәселенің қалай, қашан реттелері де әзірге белгісіз.

Бүгінде кейбір компаниялар кәсіпкерлерге оңды-солды сертификат беріп, ақша тауып жүр. Әйтпесе, жаңағы айтқан кемшіліктер қайдан шықты? Қой терісін жамылған «қасқырлардың» салдарынан халал нарығы тұтынушылардан айырылса, шынайы «халал» өнімін шығаратын кәсіпорындар пайдадан қағылуда. Осындай жағ­дайды көргенде, бізге заңды күшейтіп, сонымен қоса қадағалауды да қатаңдатқан  дұрыс шығар деп ойлайсың.

P.S. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, айналамыздағы мемлекеттермен салыстырғанда халал өнімді тұтыну жағынан еліміз көш ілгері тұр екен. Әйткенмен көріп отырғанымыздай еліміздегі халал нарығында келеңсіздіктер мен кемшіліктер аз емес. Тек енді уақыт оздырмай, осының барлығын бір ретке келтірсек игі. Себебі халал өнімнің ар жағында ұрпақ денсаулығы жатыр. Ет өнімдерінің халал жолмен өндірілуіне дұрыстап ден қойсақ, Алла алдында да, ар алдында да таза болып, алты алаш адал астан дәм татар еді. Заңды да, адалдықты да өзімізден бастау керек.

Ақтілек БІТІМБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: