Қаржы мониторингі агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті «QazConstructions» ЖШС басшылығына қатысты бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Тергеу барысында компания өкілдерінің Абай және Шығыс Қазақстан облыстарындағы әлеуметтік нысандар құрылысына бөлінген 2 миллиард теңгеден астам қаражатты заңсыз иемденгені анықталды, деп хабарлайды BAQ тілшісі.
Күдіктілердің қатарында «QazConstructions» серіктестігінің бұрынғы директорының орынбасары мен Күршім ауданы мәслихатының депутаты бар. Аталған компания 7 ауданда 11 әлеуметтік нысан – соның ішінде төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен жеті ауылды сумен қамтамасыз етуге арналған су желілерін салуға тиіс болған. Алайда жобалар аяқталмай, нысандар пайдалануға берілмеген.
Тергеу мәліметінше, бюджет қаражаты компаниямен байланысы бар фирмалар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, кейін күдіктілердің жеке қажетіне жұмсалған.
Қылмыстық жолмен алынған табысқа Астанадағы элиталық тұрғын үй кешендерінен пәтерлер, Lamborghini Urus, Cadillac Escalade, Mercedes-Benz маркалы көліктер мен асыл тұқымды жылқылар сатып алынған. Барлық бұл мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды. Қазіргі таңда екі күдіктіге қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр, – деп жазылған хабарламада.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!