Сенбі, 28 желтоқсан, 15:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Халық мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көру керек

12.12.2020

1808 0

Аптаның бейсенбісінде қала әкімдігінде аппараттық мәжіліс өтті. Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев күн тәртібіндегі мәселелерді талқыламас бұрын ақтаңгер ақын, жыр жампозы  «Алтын домбыраны» үшінші рет алып, айтыс аламанындағы көшті бастаған Мұхтар Ниязовты мерейлі жеңісімен құттықтап, домбыра сыйлады. Сонан соң кадрлық өзгерістерге тоқталып, Талсуат ауылына тағайындалған әкім Айбек Жылқыбайды таныстырды.

Жиында Тасбөгет және Белкөл кентіндегі жыл басынан бері атқарылған жұмыс сараланды.

Алдымен Тасбөгет кентінің әкімі Семсер Сыздықов хабарлама жасап, атқарған жұмысын баяндады. Жалпы Тасбөгет – Қызылордаға жақын орналасқан елді мекен. Қала мен кенттің бір-біріне жақындығы сонша екі аумақты бөліп қарастыра алмайсың. Оның үстіне соңғы кездері Тасбөгетте ыждағаттылықпен істелген тірлік көп. Соның бірі ретінде облыстық балалар ауруханасың басқа емес, қала іргесіндегі Тасбөгетте салынғанын атап өтуге болады. Бұдан бөлек кентке кіре берісте жаңадан шағын аудан бой көтерген. Кәсіпкерлік саласы да қанат жайып келеді. Биылдың өзінде кентте жаңадан 119 жеке кәсіпкер тіркеліп, шағын бизнеспен айналысушылардың саны 1199-ға жетті.

Мемлекеттік бағдарламалармен де жұ­мыс жасау қолға алынған. Биыл барлық мемлекеттік бағдарламаны қосқанда түрлі кәсіп бойынша 66 жоба мақұлданған. Нәтижесінде бұл жобалар 70,4 млн теңгеге қаржыландырылды.

Тасбөгетте жол жөндеу жұмыстары да етек алып келеді. Биыл кенттің жаңадан қалыптасып келе жатқан аумағындағы 15 көшеге малта тас төсеу үшін тиісті қаржы бөлінді. Нәтижесінде 11 көшеге тас төселіп, тұрғындар батпақты жолдан құтылды деуге болады. Сондай-ақ ха­лықтың сұранысы бойынша кентке стритбол алаңы салынды.

Осы негізде хабарлама жасаған кент әкімі тазалықты қамтамасыз ету, карьерлердің ретсіз қазылуын тоқтату, заңсыз иеленген жерді анықтау, карантин талаптарын қатаң сақтау мақсатында да жұмыс жасап жатқанын мәлім етті.

Қала басшысы Тасбөгетте «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша ешқандай жоба жоқтығын алға тартып, халық мемле­кеттік бағдарламалардың игілігін көру керектігін айтты.

Мұнан соң Белкөл кентінің әкімі Ардақ Ибраимов баяндама жасады. Жалпы Қызылордаға қарасты екі кент болса, соның бірі – Белкөл. Теміржолдың бойында, тас жолдың жағасында орналасқан елді мекен Қызылордаға да жақын. Қалай алып қарасақ та орналасу орны тоғыз жолдың торабына сәйкес келеді.

Белкөлде де атқарылған жұмыс аз емес. Әсіресе, шағын және орта бизнесті өркендету жолға қойылған деуге болады. Былтыр кент­те 24 кәсіпкерлік нысан тіркелсе, биыл 44 кәсіпкерлік нысан тіркелген. Кентте жол мә­селесі толығымен шешілген деп мәлім­де­ген Белкөл әкімі жарық бағаналарын орнату жұмыстары да жүйелі жүргізілгенін айтты.

Жыл басындағы есептік кездесудегі ел тілегінің бірі Белкөл кентіне қарасты Бірқазан елдімекеніне кіреберіс жолын жөндеу болса, қазір бұл мәселе де қала әкімінің қолдауымен өз шешімін тапқанын баяндады.

Қала басшысы Белкөлде де атқарылуға тиісті жұмыстың барын назарға салды. Әсіресе, «Бизнестің жол картасы 2020» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары арқылы Белкөлде бизнес бастаған азаматтар санының аздығын сынға алып, кентте қылмыстың ашылуы мен санитарлық тазалыққа байланысты да кемшіліктердің барын атап өтті.

Аппараттық мәжілісті қорытындылаған қала әкімі қос кенттің басшысына әлі де болса жұмысты ширату қажеттігін тапсырды.

Ә.ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: