Аймақтың ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстарды бағамдау мақсатында келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары С.Егізбаев, Е.Саурықов, Ж.Дайрабаев Қазалы ауданындағы іргелі шаруашылық «РЗА» акционерлік қоғамында болды.
Депутаттар 660 басқа арналған тауарлы-сүт бағытындағы ірі қара өсіру кешенінің тыныс-тіршілігімен танысты. Тәулігіне 30 тонна сүт өнімдерін өңдейтін сүт зауытының жұмысын көрді.
Өңірдегі барлық сүт бағытындағы мүйізді ірі қараның 60 пайызы да осы компанияның үлесінде. Ірі ауыл шаруашылығы құрылымы болып саналатын «РЗА» АҚ сүт өндіруді жолға қойған. Зауыт жабдықтары Италия, Голландия, Германиядан, ал сүтті ультрапастеризациялау желісі Италия елінен әкелінген. 2010 жылы Венгриядан асыл тұқымды 660 бас голштино-фриз мүйізді ірі қара сатып алынып, жерсіндірілді. Мұндағы асыл тұқымды сиырдың біреуі жылына 8479 литр сүт береді. Өнімділік облыстағы орташа көрсеткіштен 7 есе жоғары. Сондай-ақ мұнда «Дәмді» сауда маркасымен пастерленген, ультрапастерленген сүт, айран, қаймақ, ірімшік, сары май, сыр сияқты өнімдер шығарылады. Акционерлік қоғамның президенті С.Имандосов “Ауыл” партиясының төрағасы С.Егізбаевқа қолға алынып отырған жоба мақсатын қысқаша жеткізді.
Халық қалаулылары азық-түлік және сүт өнімдерін өңдіруде үлкен үлес қосып отырған кәсіп иесінің жобасын толық қолдайтынын айтып, «РЗА» АҚ жұмысына оң баға берді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!