Жұма, 03 мамыр, 07:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Халық табысын арттыру жолы қандай?

19.04.2022

702 0

Халық табысының деңгейін статистикаға сүйенбей-ақ айтуға болады. Қарапайым халықпен пікірлесе қалсаңыз, несиеге табысы жетпеген, айлықтан-айлыққа зорға жететін, жұмыс таба алмай жәрдемақымен күнелткен отбасылар аз емес.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басындағы Мәжіліс отырысында бұл мәселеге ерекше тоқталып, халықтың табысын арттыруды қолға алуды тапсырды.  Президент «Мемлекеттік аппарат «өзін-өзі тиімді жұмыспен қамтушылар», «ресми емес жұмыспен қамту» сияқты терминдермен құтылып кетуді ойлайды. Кесірінен көптеген адам әлеуметтік қорғаусыз қалып жатыр. Сол үшін бірқатар шара қабылдаған жөн. Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеу қажет», – деген болатын.

Президент тапсырған бағдарлама да көп ұзатпай қабылданды. Ел үміт артқан бағдарлама елдегі кедейлік деңгейін төмендетуге, халықтың табысын арттыруға, елді жұмыспен қамтуға қалай көмектеспек? Жалпы бұл бағдарламадан не күтеміз?

Айта кетелік, бағдарлама әзірлеу барысында экономика министрлігі мемлекеттік органдармен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және сарапшылық қауымдастығымен бірлесіп, кедейшілік пен жұмыссыздық деңгейі бойынша нақты жағдайға талдау жүргізген. Талдау елдің бүгінгі күнкөріс деңгейін анықтаған. Сандарды сөйлетсек, соңғы екі жылда халықтың нақты ақшалай табысының өсу қарқыны 2019 жылғы 6,4 проценттен 2021 жылғы қаңтар-ақпанда 3,1 процентке дейін баяулағаны байқалған.

Талдау нәтижесінде халық табысын артты­ру бағдарламасына 10 басымдық белгіленген. Атап айтқанда, ел дамуының негізі – жұмысшы жастар, халықтың осал топтарының жекелеген санаттарын жұмысқа орналастырудың жаңа мүмкіндіктері, бюджет жұмыскерлеріне лайықты жалақы, еңбек кірісіндегі теңгерімсіздіктерді жою, ауылшаруашылығында жұмыспен қамтуды арттыру, туризмдегі жұмыспен қамтуды арт­тыру, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру шеңберінде жаппай жұмыспен қамту, өңдеу өнеркәсібінде тиімді жұмыспен қамтуды ынталандыру, халықтың табысын арттыру факторы ретінде кәсіпкерлік кірістің өсуін ынталандыру, табыстың сатып алу қабілетін қорғау.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бағдарлама шеңберіндегі шаралар­ды шартты және жанама деп бөлуге бола­тынын айтты. Тікелей шаралар бюджет жұмыс­керлерінің жа­лақысын көтеруге және кірістердегі теңге­рімсіздікті теңестіруге бағытталған. Жа­нама шаралар халықты жұмыспен қамтуға жәр­демдесу, кәсіптік даярлау (қайта даярлау), өңдеуші кәсіпорындардың өнімділігін арттыру және кәсіпкерлікті дамыту арқылы табыстың өсу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Бағдарлама 80 шарадан тұрады, олар мынадай негізгі бағыттарға бөлінген: халықтың еңбек табысының артуы; кең ауқымды жұмыспен қамтуды дамыту арқылы халықтың табысын арттыру; сатып алу қабілетін қорғау. Бағ­дарламаны іске асыру лайықты еңбек пен масылдықтан бас тарту идеяларын ілгерілету жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмысымен қатар жүретін болады. Еңбек табысын арттыру бағыты аясында 22 шара іске асырылады. «Еңбек табысының өсуін қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, ғылым салалары жұмыскерлерінің орташа жалақысы көтеріледі. Өндіріс кәсіпорындары жұмыскерлерінің табы­сындағы теңгерімсіздіктерді жою бойынша шаралар қабылданады», – деді Ә. Қуантыров. Оның айтуынша, еңбек өнімділігін арттыру мақсатында өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын жаңғыртуды ынталандыру бойынша шаралар іске асырылмақ. Өндірістік дағдыларды дамыту бойынша бағдарламада «Өмір жолдамасы» кадрларды алдын ала даярлау жобасын өңірлік деңгейде іске асыру сияқты іс-шаралар көзделген. Одан кейін министр кең ауқымды жұмыспен қамтуды дамыту арқылы халықтың табысын арттыру бағытында 41 шара іске асырылатынын айтты. Жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған іс-шаралар жастарды жұмысқа орналастыру бойынша «Алғашқы жұмыс орны», «Түлектерге арналған жастар практикасы» жобаларын, сондай-ақ осал топқа жататын жекелеген адамдарды жұмысқа орналастыру тетігін іске асыруды қамтиды. «Мектеп оқушылары, колледж түлектері арасында кәсіптік бағдар беруді енгізу, халықты, негізінен жастарды жаппай даярлау, қайта даярлау, біліктілігін арттыру «фабрикаларын» құру жөніндегі іс-шаралар біліктілік пен дағдыны арттыруға бағытталған».

Шағын және орта бизнесті дамытуды ынталандыру шағын және орта бизнесті қолдаудың өңірлік бағдарламасы шеңберінде несилер мен микронесиелер бойынша жергілікті бюджеттерден субсидиялар беру, моно- шағын қалалар мен ауылдық елді мекендерде жеңілдікпен микрокредит беруді және жаңа кепілдік беру құралын енгізу арқылы жүзеге асырылатын болады. Сонымен қатар министр бағдарлама шеңберінде табыстың сатып алу қабілетін қорғауға ерекше мән берілетінін жеткізді.  Осы бағытта мынадай іс-шаралар іске асырылатын болады: ӘМАТ тізбесіне енбеген азық-түлік тауарларының өндірісін ұлғайту, ішкі нарықтың импортын негізгі азық-түлік емес тауарлармен алмастыру бойынша шараларды іске асыру, халықтың проблемалы қарыздарымен жұмыс істеу бойынша банктердің жеке жоспарларын қабылдау.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, жоға­рыда аталған іс-шараларды іске асыру 2025 жылға қарай мынадай 5 нысаналы индикаторға жоспарлы түрде қол жеткізуді қамтамасыз етеді: ЖІӨ-дегі еңбекақының үлесі – 34,5%, жалпы табыстағы еңбек қызметінен түскен табыстар үлесі – 76,2%, табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен аз халықтың үлесі – 5,2%, жұмыссыздық деңгейі – 4,7%, бүкіл кезең ішінде барлығы 2 млн астам адамға жұмыс орындарын құру.  2025 жылға дейін елімізде 2 млн-ға жуық жаңа жұмыс орны құрылады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сүйенсек, еңбек нарығында 300 мыңға тарта жұмыссыз және NEEТ санатындағы жастар, 80 мыңнан астам көпбалалы және мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған аз қамтылған отбасы бар. Бұл орайда министрлік әлеуметтік қолдауды және жұмыспен қамтуды қажет ететін азаматтарды «ерте анықтау» жүйесін енгізуді қолға алған. Сонымен қатар NEEТ жастар үшін «Алғашқы жұмыс орны», түлектер үшін «Жастар практикасы» «Ұрпақтар келісім шарты» жобалары аясында субсидиялаудың ұзақтығы мен мөлшері ұлғайтылса, жастарды жұмысқа ынталандыру үшін тиісті заңға «жас жұмысшы» ұғымын енгізіп, сынақ мерзімін алып тастау, басқа өңірден келген жастарға тұрғын үй жалдау үшін көтерме жәрдемақы енгізу шаралары, көпбалалы отбасыларды қолдау жұмысы жүруде.

Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановты қабылдады. Қабылдауда халықтың табысын арттыру бағдарламасының жүзеге асу барысын хабарлаған премьер-министрдің орынбасары бүгінде 1 миллионнан астам бюджеттік сала қызметкері мен квазимемлекеттік сектордың өндірістік сала маманының жалақысы көте­рілгенін хабарлады. Сонымен қатар кәсіп­керлерге міндеттемелер беру негізінде мемлекеттен көмек алатын ірі бизнестегі 2,8 миллион қызметкердің табысын арттыру қарастырылған. Алдағы уақытта жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген. Тағы бір атап айтарлығы, бағдарлама негізінде «Бақытты отбасы» жобасы аясында көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған 20 мың әйел жұмыспен қамтылмақ. Жастарды жұмыспен қамту үшін «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны» жобасы жүзеге асып, 400 айлық есептік көрсеткішке дейін грант берілмек.

Бір сөзбен айтқанда, атауының өзі халықты елең еткізген бұл бағдарлама халықтың табысын арттыруға қызмет етпек.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: