Бірінші топтағы мүгедектерге күтім көрсетуші адамдарға ең төменгі күнкөріс деңгейінде жаңадан арнаулы жәрдемақы енгізілді.
Аталған көмек бөгде адамның тұрақты көмегіне мұқтаж І топтағы мүгедектігі бар азаматтарға арналған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Айгүл Маханова хабарлады.
«Биыл жәрдемақы мөлшері 50 426 теңгені құрады. Бұл көмек күтім жасайтын 198 адамға тағайындалды. Күтімді жүзеге асыратын адамға жәрдемақы мынадай жағдайларда тағайындалмайды. Егер күтуші кәмелеттік жасқа толмаса, психикалық денсаулық орталығында есепте тұрса, І топ мүгедегі толық мемлекеттік қамсыздандыруында болған жағдайда ала алмайды. Сонымен қатар 7 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға берілетін жәрдемақы сырқатының дәрежесіне қарай 37 процентке дейін ұлғайтылды. Жалпы облыс бойынша 7 жастан 16 жасқа дейінгі 3080 балаға мүгедектік топ белгіленген. Бүгінгі таңда 478 балаға мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы берілді. Айта кететін жайт, «ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізіліп, 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға күтім жасау кезеңі 18 жасқа дейін ұзартылды», – деді Айгүл Маханова.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!