Жұма, 27 желтоқсан, 06:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Индира Бердіғали, облыстық  тілдерді оқыту орталығының ағылшын тілі оқытушысы: Қателікті жоюға талпынбаса, мақсат айқын болмайды

23.11.2024

448 0

Қазіргі заманауи білім беру кезеңі әртүрлі ақпараттық технологияларды кеңінен қолданумен, интернет мүмкіндіктерімен және оқыту әдістері бағытының ерекшелігімен сипатталады. Тіл үйренушінің коммуникативті дағдыларын дамыту тұрғысынан қарағанда ағылшын тілі – оқыту әдістемесінің өзекті мәселелерінің бірі болып саналады. Осы ретте, курс тыңдаушыларын толғандырған сұрақтар бойынша облыстық тілдерді оқыту орталығының ағылшын тілі оқытушысы Индира Бердіғалимен сұхбаттасқанды жөн көрдік.

– Индира Қазыкерейқызы, бүгінгі заман тала­­бы – тіл үйренудің маңызына тоқтала кетсек…

– Өте маңызды сұрақ. Тіл білуге байланысты: «Бір тіл білген – бір адам, екі тіл білген – екі адам» деген тағылым бар. Қанша тіл білсең, сонша биіктесің деген түсініктің де ауқымы кең. Есіңізде болса, философ Әл-Фараби 70-ке жуық тіл білген, ұлы Абай орыс, парсы, араб, түрік, шағатай  тілдерін меңгеру арқылы рухани көкжиегін кеңейтсе керек. Қазіргі заманда да елімізде полиглоттар бірнеше тілді меңгеріп, түрлі салаларында қызмет атқарып жүр. Көп тіл білудің пайдалы жағы – табысты болуға кепілдік. Сіз репетитор ретінде қосымша ақша таба аласыз, мақалаларды, эсселерді аударасыз, құжаттарды рәсімдеуге көмектесесіз және ақылы негізде басқа қызметтерді көрсете аласыз. Өзіңіз ойланып қарасаңыз, жұмысқа қабылдарда бірнеше тілді меңгеру дағдыларына аса мән береді. Яғни, үміткерлер арасынан тіл білу артықшылығыңызға қарай жұмысқа сәтті орналасуыңыз әбден мүмкін. Қазіргі таңда онлайн сервистер дамып келеді. Бір мезетте бірнеше қызмет түрін ұсына отырып табыс табуға да болады. Сонымен бірге шетелдік орындаушылардың әндерін аудармасыз тыңдау, туризм саласына еркін бойлау, тіпті арнайы әдебиеттерді оқу үшін де ағылшын тілін жетік меңгеру қажет. Тілді оқып-үйренуге деген мақсатыңыз уақыт өте келе сіздің үйреншікті хоббиіңізге айналары сөзсіз. Сіз ана тіліңізбен қатар бірнеше тілді оқып-үйренуге ниетті болсаңыз, сонша елдің тарихы мен мәдениеті, экономикалық, әлеуметтік мәселелері мен өмір салтын меңгересіз. Ағылшын тілі – әлемдегі қолданыс аясы кең тілдердің бірі. Сондықтан тілді үйрену ешқашан кеш те, артық та болмайды.

– Ағылшын тілін үйренуде қайсысы маңызды? Грамматиканы үйрену ме, әлде практикада қолдану жеткілікті ме?

– Қандай тілді үйренсеңіз де, бірінші грамматикалық нормаларын меңгеріп алған дұрыс. Мысалы, қазақ тілін үйренуші алдымен септік, көптік жалғаулардың дұрыс жалғануын үйренеді. Болашақта дұрыс сөйлеудің алғышарты бүгіннен басталуы тиіс. Ағылшын тілінің тілдік заңдылықтары мен нормалануын білмейінше дұрыс оқу мен дұрыс жазуға кепілдік жоқ. Әдістемеде ережелерді тәжірибесіз үйренуді «пассивті» білім деп қарастырады. Неғұрлым грамматиканы тереңірек білген сайын соғұрлым тілді сапалы меңгеруге мүмкіндік туады. Ал тәжірибеде қолдана отырып үйрену бұл бастапқы деңгейдің лексикалық минимумын меңгеруге, қысқа сөйлемдер мен сөз тіркестерін құрай отырып сөйлеуге көмектеседі. Бірақ бұл толық әрі дұрыс конструкциялауға кепілдік бермейді. Грамматиканы оқыту барысында орындалатын жаттығулардың өзін іштей бірнеше бөлікке бөлеміз. Олар: фонетикалық, морфологиялық, синтаксистық және лексикалық  мазмұндағы тапсырмалар. Фонетикалық жаттығуларды орындау арқылы сіз айтылған буындар мен дыбыс­тарды дұрыс ажырата алсаңыз, морфологиялық жат­тығулардың мақсаты – тілдің морфологиялық құрылысын, сөздің тұлғасын тану мен сөз таптарын білуге дағдыланасыз. Мәтіндегі сөйлемдердің дұрыс орналасуы, тыныс белгілерінің орынды қойылуы туралы мәселе синтаксис бөлімінде қарастырылады. Осы ретте, сурет бойынша сөйлем құрау, берілген аудиовизуалды тапсырмалар арқылы мәтін құрастыру жаттығулары үздіксіз беріліп отырады. Тілді үйренуде лексикалық минимум ең маңызды элементтердің бірі. Қандай да бір тілді оқытуда қолданылатын әдіс – сөздік қормен таныстыру. Бұл ретте тыңдаушылардың деңгейіне байланысты меңгеруге тиіс сөз саны бекітіледі. Мысалы, қарапайым деңгейде 50-100, орта деңгейде 200-250, жоғарғы деңгейде сөз саны еселеніп отырады. Жалпы грамматиканы оқыту барысында аудиовизуалды құралдарды қолданудың артықшылығы басым. Себебі мәтін тыңдау, фильмдерді көру арқылы тіл үйренушінің нақтылық, дәлдік қабілеттері дамиды.

– Әңгіме барысында фильмдер деп айтып қалдыңыз. Ағылшын тілін үйренуде фильм көрудің қаншалықты маңызы бар? Басты назарда нені ұстау керек?

– Тіл үйрету әдістемесінде АКТ құралдарын қолдану мүмкіндігін пайдалану ұсынады. Тыңдаушыны жалықтырмай отырып тіл үйренуіне оң әсері бар. Фильмдерді тамашалаған кезде тыңдаушының есту, көру дағдылары көбірек іске қосылады. Нақты әрі шынайы ақпаратты қабылдау арқылы, тыңдаушы да таза сөйлеуге машықтанады. Мысалы, тыңдаушы ретінде сіздің деңгейіңізді анықтай отырып, мультфильмнен бастап мюзикл, драма, триллер, комедияға дейінгі деңгейдегі өнімдерді көрсетуге болады. Егер тыңдаушы бастапқы деңгейде болса, триллер немесе драмаларды көрсету – болашақта тіл үйренушінің талабын тежеп, қызығушылығын кемітуі мүмкін. Жоғарыда айтып өткенімдей, қандай тілді үйрену мақсатын көздесеңіз сол елдің тарихымен танысасыз. Кино арқылы сол елдің болмысын, құндылығын, тарихы мен мәдениетін үйрене аласыз. Егер сіз өз бетіңізше фильм таңдауды ұйғарсаңыз, бір кеңес айтайын, шынайы сөйлейтін картиналарды таңдаңыз. Қазір шындыққа жанаспайтын қиял, фантастика жанрындағы көрсетілімдер көп. Мұндағы сөйлеу ритмі, сөйлеу тілі сізді шатастыруы әбден мүмкін. Сондықтан қарапайым, шынайы сөйлейтін фильмдерді қараған дұрыс. Сондай-ақ фильмдердегі актерлардың сөзі мен субтитрлардың сәйкестігі де сізге әсер етуі мүмкін. Сапалы фильм таңдау – сіздің тілді сапалы үйренуіңізге жасалған қадам деп айтар едім. Фильмдегі сөздерді жазып отыратын дәптер арнаңыз. Мүмкін планшет, компьютер немесе басқа да жазуға қолайлы орын таңдаңыз. Сөздің қазақ және орыс тіліндегі баламасын қатар жазып, бірнеше рет дауыстап оқып отырғаныңыз дұрыс. Фильмдердегі диалогтарда қолданылатын сөйлеу дағдыларын меңгеру жеңіл болғандықтан ауызекі сөйлеуді көбірек қараған дұрыс.

– Өзге тілде жақсы, акцентсіз сөйлеу үшін қандай ақпарат көздерін немесе оқу-жаттығу құралдарын ұсынасыз?

– Ағылшын тілінің айтылуы ағылшын тілін үйренудегі ең қиын кезеңдердің бірі. Солай бола тұра, біз оны көп жағдайда елемейміз және оның маңыздылығын екінші орынға қоямыз. Ағылшын тілінің айтылуының көптеген нұсқалары бар: канадалық, австралиялық, орта атлантикалық және т.б. Дегенмен ең танымалы – ағылшын тілінің британдық және американдық нұсқалары. Ағылшын сөздерінің жазылуы мен айтылуындағы айырмашылықтар айтарлықтай көп. Мысалы, ағылшын әліпбиінде небәрі 26 әріп болса да, ағылшын тіліндегі дыбыстар іс жүзінде екі есе көп. Кейбір ағылшын сөздерінің емлесі бірдей, бірақ контекстке байланысты басқаша айтылады, ал кейбір сөздердің айтылуы бірдей болуы мүмкін, бірақ мағыналары мүлдем басқа және жазылуы әртүрлі. Сонымен қатар ағылшын сөзінің емлесі бұл сөздің қалай айтылуы керегін мүлде айтпайды. Сөздіктерде әрбір ағылшын сөзінің транскрипциясы бар, ол сөздің қалай айтылатынын көрсетуге тырысады. Сөзді дұрыс айту, дауыс пен екпінді дұрыс қоюға арналған арнайы оқу құралдары бар. Оларды таңдау барысында өзіңіздің деңгейіңізді анықтап қолданған дұрыс. Сөйлеу мүшелерін дұрыс қозғалту сызбалары бар дидактикалық материалдар да бар. Ғаламторда ағылшындық тренерлердің видеосабақтарында көр­сетілетін дыбыстарды дұрыс айту жаттығуларын көбірек қарау керек. Өз бетіңізше сөйлей отырып видео түсіріп, оны қайта тыңдап көріңіз. Бұл ретте сіз сөйлеу тіліндегі кейбір кемшіліктерді байқамауыңыз мүмкін, ал кәсіби маманмен, арнайы жаттықтырушымен бірге дайындалатын болсаңыз, тілдік барьерді жоюға көмектеседі. Сөздің орайы келгенде айта кететін бір мәселе бар, облысымызда тілдерді оқытуға арналған бір ғана орталық бар. Орталық қызметі арқылы ағылшын тілін үйренетін әрбір адам сұрақтарына жауап ала алады. Айтылым дағдысын жақсартуға көмектесетін ықтималдығы жоғары әдіс – ән айту. Әнді дауыстап айту, қайталау, караокемен ән салу сізге көмектеседі. Жалпы тәжірибеде ән айтқан адам қорқыныш, үрей, шамадан тыс ұялу сезімдерінен алыс болады. Бұл ретте айтқым келгені, сенімділік артады. Ал сенімді адам өмірде ағылшын тілінде таза сөйлеуге мол мүмкіндік алады. Ағылшын тілінде дұрыс сөйлеуді тексерудің тағы бір қызықты, әрі сенімді жолы – speechpad.pw. Бұл ресурс қаншалықты жақсы және дәл дыбысталғанын бағалауға мүмкіндік береді. Сайт Google Chrome браузері арқылы дұрыс жұмыс істейді. Жай ғана Startrecording түймесін басып, кез келген сөзді немесе сөйлемді айтыңыз. Төменгі терезеде бағдарлама дыбыстарды пайыздық қатынаста қаншалықты дәл айтқаныңызды көрсетеді. Ал егер сіз қандай да бір дыбысты қате айтсаңыз, бағдарлама мүлде басқа сөзді тануы мүмкін. Сізге қандай дыбыстар шығатыны және қайсысы жұмыс істеуге қолайлы екені бірден белгілі болады. Егер сіз «жазба» сөзінің жанына құсбелгі қойсаңыз, бағдарлама сіздің сөйлеуіңізді жазады – сіз өз дыбысыңызды сырттан тыңдай аласыз.

– Ағылшын тілін үйренуде тіл үйренушілер тарапынан жіберілетін қандайда бір қателіктер бар ма?

– Қателік дейсіз бе? Әрине, адам бір нәрсені үйрену, жаңадан жасау, қабылдау кезінде қателіктерімен бірге жұмыс істеп үйренуі тиіс. Егер тіл үйренуші өз  қателіктерін дер кезінде тауып, онымен жұмыс істемесе, мақсаты айқын болмайды. Оқытушы бағыт береді, ресурстарды ұсынады, жаттықтырады. Бірақ сабақ кезіндегі 1-2 сағат жаттығуды басқа уақытта жалғастырып, дамыта алмаса, тілдік кедергіге ұшырары сөзсіз. Одан кейін ішкі сенімділігі төмендейді, сенімділік жоғалғаннан ынтасы жоғалады, әрі қарай құлдырай береді. Тыңдаушыларымның арасында да қателігімен күресуді қиын түйін көретін адамдар кездеседі.

Тыңдалым жұмысы басталатын сәттен бастап қобалжу, тапсырманы орындауға деген белсенділігі төмендеу әрекеттері байқалады. Сәйкесінше, грамматикалық жаттығулар мен жазылым тапсырмаларын орындағысы келеді. Бұл әдіс арқылы сіздің тіл үйренудегі әрекетіңіз нәтижесіз болады. Тағы бір тыңдаушылар шыдамсыздық танытып, курстан бас тартып немесе сабаққа жиі келмей қалып жатады. Сіздің түсінігіңіздегі тіл үйрену деген сөз сөйлеуді жаңадан бастау деген ұғым. Мысалы, тілі енді шыққан бала «ана», «әке», «ата» деп айта бастайды. Сол сияқты тыңдаушының өзге тілді үйренудегі қадамдары да тіл сындыру әрекеттерімен үйлеседі. Адамдар бір нәрсені жасау үшін оларға мотивация қажет. Достары немесе туыстары ерекше қолдау білдіріп, сөзбен, іспен құлшынысын арттырады. Бұл да қажет дүние. Тіл үйрену мұқтаждықтан немесе мәжбүрліктен туындамауы қажет. Тіл үйренуге әрбір адам өзінің шын ықыласымен, ниетімен келген дұрыс деп есептеймін. Кейде тыңдаушылар арасынан жұмыс беруші тарапынан қойылған талапты орындау үшін үйренемін деушілер де болады. Тыңдаушыларға айтарым, тіл үйренуге бекінген әр адам сыртқы және ішкі мотивациясын үйлестіре білгені абзал.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет.

Әңгімелескен Е.БАЙМЕНТАЕВ,

 облыстық жастар ресурстық орталығының кеңесшісі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: