“InnoFest 2025” – жастардың инновациялық ойлау қабілетін дамытып, ІТ, медиа және кино саласы бойынша 24 сағат ішінде идеядан прототипке дейін жоба жасауды мақсат етеді. Биыл байқауға 1 600-ге жуық жас ниет білдіріп, 250-ге жуық команда қатысты. Нәтижесінде, 9 жоба үздік деп танылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңына облыс әкімі аппаратының “Ақпараттық технологиялар орталығы” КММ директоры Қанат Қараев мәлімдеді.
– Фестивальге аймақ жастарынан бөлек Астана, Алматы, Жезқазған, Түркістан, Шымкент, Ақтау қалаларынан қатысушылар келді. Қатысушылар цифрлы сабақ жоспары, телефон алаяқтары, смарт туризм, сөйлейтін әліппе сынды көптеген жобалар ұсынды. Биыл фестивальде ІТ, медиа және киноиндустрия саласында жетістікке жеткен спикерлер шақырылып, олар жастармен шеберлік сағаттар өткізіп, идеяларды бірлесе талқылады. Байқауда үздік деп танылған 9 жобаға жалпы жүлде қоры 5 400 000 млн теңгені құрайтын қаржылай сыйақылар үлестірілді. Әр жеңімпаз командаға І орын – 1 000 000 теңге II орын – 500 000 теңге, ІІІ – 300 000 теңгенің қаржылай сертификаттары табысталды,- деді Қанат Қазбекұлы.
– Фестивальдің негізгі мақсаты – аймақ дамуына қажетті жаңа инновациялық идеяларды қолдау, ІТ бағытына қызығушы жастардың жобаларын қаржыландыруға мүмкіндік беру және жаңа есімдерді шығару. Дәл қазір біздің нарыққа креативті индустрияны қалыптастыратын азаматтар өте керек. Оның ішінде ІТ саласы ерекше маңызға ие. Жасанды интеллект бағытына деген сұраныс бар кезде біз үшін білікті де білімді жастардың жаңа жобалары әркез өзекті. Біздің жастар жасанды интеллект саласындағы жаңашылдықтарды меңгеріп, Кореяда білімін жетілдіруге мүмкіндік алады. Айта кетсек, биыл фестиваль 5-ші рет өткізілді. 5 жыл ішінде ІТ бағытында өткізілген Inno.Fest, Smart City Kyzylorda Hackathon, Pecha Kucha, мастер-класстар секілді шараларға 10 мыңға жуық қатысушы тіркеліп, өз жобаларын ұсынды, – Kyzylorda Hub жетекшісі Жанарыс Түбекбаев.
– Менің жобамның тақырыбы – сұрыптаушы қоқыс жәшігі. Жалпы менің экология саласында жүргеніме 6 жылға жуық уақыт болды. Осы уақыт аралығында табиғатымызды жақсарту, қорғау мақсатында бірнеше жобаларға қатыстым. Сондай бір жобалардың бірінде ақпарат жинау үшін Белкөл кентіндегі қоқыстарды өңдейтін фабрикаға барған болатынмын. Сол кезде адамдар қоқысты қолмен сұрыптайтынын көріп, дамыған заманға сай оны арнайы құрылғылардың неге жасамасқа деген ой келді. Осылайша, сол құрылғыны жасап шығардым,- деді “Innofest 2025” жеңімпазы Диас Тасболат.
– Мен Extrnos атты жоба жасадым. Бұл ұялы телефондарға арналған қауіпсіз жүйе. Жобаны жасауға 7 ай уақытымды жұмсадым. Ол андройд пен iOS-қа қарағанда мықты әрі қауіпсіз,- деді “Innofest 2025” жеңімпазы Нұрислам Айбекұлы.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!