Сенбі, 21 желтоқсан, 23:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Интернет: Жақсы дүниенің де жаманы бар

21.02.2023

1470 0

Сурет: pbs.twimg.com

Интернет. Бұл ұғымның біздің өмірімізге түбегейлі еніп алғанына көп болған жоқ. Дегенмен бір күндік өмірімізді интернетсіз елестете алмаймыз.

Ауа-райы, жаңалықтар, байланыс тіпті кейде ақшамызды да интернетсіз пайдалана алмайтын күнге жеттік. Әрине, оның пайдасын көретін кездеріміз аз емес. Алайда зиянын шегіп, зардабын көріп, интернеттен опық жеген адам көбейді. Алдын алу шаралары да атқарылуда. Бірақ неге тоқтам жоқ?

АЯҚ БАССАҢ − АЛАЯҚ

Жыл басында, 5 қаңтарда 39 жастағы қызылордалық азаматша 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Оның темір торға тоғытылуының басты себебі – алаяқтық. Бұл сөзге бүгінде құлақ етіміз үйреніп кеткенінің өзі өкінішті. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігінің 4-тармағымен, алаяқтық бойынша айыпталған әйел «Несие алып беремін және медициналық мекемеге медбике болып жұмысқа орналастырып беремін», − деп екі адамды алдап, 850 мың теңгесін қолды қылған.

Интернет: Жақсы дүниенің де жаманы бар

Жалпы өткен жылдың 9 айында Қызылорда облысында 591 алаяқтық қылмыс тіркелген. Соның ішінде интернетті пайдалану арқылы өзгенің қаражатын иелену бойынша 329 оқиға орын алған. Сондай-ақ бұл қылмыстардың көбі біздің күнделікті қолданатын «WhatsApp», «OLX»,  «Kolesa.kz» және «Крыша» секілді әлеуметтік желі мен маркетплейстерде болған.

Алаяқтық туралы бүгінгі қоғамда аз сөз айтылып жүрген жоқ. Бүгінгінің басты мәселесіне айналған алаяқтықты азайту, алдын алу үшін ақпараттық ескертулер толастамады. Дегенмен бұған қарамастан интернет алаяқтықтың құрбанына айналғандар әлі де бар. Сенатор Амангелді Толамисов Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында интернеттегі алаяқтық деректерінің таралуына қатысты мәселені көтерді.

Сенат депутатының айтуынша, соңғы 5 жылда елде интернеттегі алаяқтық көрсеткіші 10 есеге өскен. Күнделікті өмірде цифрлық желілерді кеңінен қолдану бұған себеп болуда. Адамдардың аты-жөні мен ЖСН-і секілді мәліметтерді алаяқтар пайдаланылуы мүмкін. 

− Атап айтқанда, еліміздегі банктердің смартфондарға арналған қосымшалары мен сайттары кез келген азаматқа ЖСН және жеке куәлік нөмірі бойынша салықтар мен айыппұлдар туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде азаматтардың дербес деректерін заңсыз пайдалануға әкелуі мүмкін. Азаматтардың құқық қорғау органдарына осындай жағдайлармен жүгінуін мысалға келтіруге болады. Азаматтардың жеке деректерін пайдалана отырып, интернет және телефон арқылы алаяқтық әрекет жасауға қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру қажет. Атап айтқанда, киберқылмысқа, оның ішінде азаматтардың жеке деректерін пайдаланып істелетін қылмыстарға кешенді талдау жүргізу керек, − деді Амангелді Толамисов.

Расында, қазіргі кезде адамдардың жеке деректерін сақтауды күшейту маңыздырақ. Мобильді қосымшалардағы дерек қорының қолжетімді болғаны жақсы, әрине. Бірақ алаяқ­тардың, кибершабуылдың зардабын шегетін күнге жеткізбеу маңызды.

Ал алаяқтар мәселесін шешу үшін әрбір адам өз жеке деректеріне бей-жай қарамай, алғашқы қоңырау соққан адамға-ақ мәліметтерін беруден сақтануы тиіс. Онлайн сауда озып тұрған кезеңде алдайтын адамдардың барын ұмытпауы керек. Полиция мұндай істерді күнделікті ашуға тырысып, ақшаны оңай иемденгендерді ұстауға тырысып бағуда. Алайда кейбір қоңырау, тіпті вирустық қосымшаларды шетел азаматтары жасауы мүмкін екені назарда болуы керек. Сан соқтырып кеткен алаяқтарды құрықтау қашанда оңай бола бермейтінін түсінсек. Тірнектеп жинаған теңгемізбен арам ойлылардың қалтасына кетпеудің басты жолы – өз қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету.

БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУГЕ БЕЙІМДЕЛУ КЕРЕК

Қазіргі кезде әр кішкентай баланың қолында бір-бір смартфон бары біздің қоғамға үйреншікті болып кеткелі біраз болды. Әрине, бұл ең алдымен баланы күнделікті өмірде бақылау, байланысу үшін таптырмас құрал болып тұр. Тіпті сол смартфон арқылы балаңыздың қай жерде жүргенін де көруге болады. Алайда баланың да смартфонды өз қажеттілігіне пайдаланатыны бар. Бірақ оның не ойнап, не көріп жүргенін немесе әлеуметтік желіде кімдермен тілдесетінін барлығы біле бермейді.

Интернет: Жақсы дүниенің де жаманы бар
teenager girl suffering cyberbullying scared and depressed exposed to cyber bullying and internet harassment feeling sad and vulnerable in internet stalker danger and abuse problem

Соңғы уақытта балалар арасында суицид көбейіп, жүйке жүйесі нашарлаған баланың өзгеге шабуыл жасауы артты. Мұны қоғам интернетте ойын ойнаған, әлеуметтік желідегі біреу сондай тапсырма берген деген оймен қорытындылап жатады. Ал сол қауіпсіздікті ең бірінші ата-ана қамтамасыз етуі керектігін есінен шығарып алғандар жоқ емес.

Кибербуллинг мәселесі бүгінде көп айтылып жүр. Әлеуметтік желіде қоқан-лоқы көрсету, бопсалау деректері көбейіп кетті. Әсіресе 2020 жылғы пандемия салдарынан енгізілген карантин кезінде көпшілік бос уақытын әлеуметтік желіде өткізді. Сол уақытта «онлайн қылмыскерлердің» зардабын шеккен адамдар саны артты. Бұл ту­ралы 2020 жылы «Қазақстанның интернет ассо­са­циясы» президенті Шавхат Собиров айтқан еді.

− Расында, карантин мен пандемия барлық адамды, әсіресе жасөспірімдер мен балаларды желіге жіпсіз байлап қойды. Алайда интернет тек уақытты қызықты өткізу мен байланыс орнату құралы емес екенін түсінуіміз керек. Мұнда алаяқтық фактілері, сонымен қатар кибербуллинг те кездеседі. Карантин кезінде және одан кейін де бізге балаларының кибербуллингке тап болғанын айтып, шағымданған ата-аналар көбейді. Ең басында келемеж қылудан басталатын дүние ақырында бопсалауға дейін барады», − дейді ассосация президенті.

Шавхат Собировтың айтуынша, 2011-2019 жылдары ассосацияға интернеттегі бопсалау туралы 19 мың хабарлама келіп түскен. Ал пандемиядан кейінгі уақытта бұл көрсеткіштің тағы да артқаны анық.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы Жолдауында бұл мәселені көтеріп, заң жобасын қабылдауды тапсырған еді. Мемлекет басшысы өткен жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Дегенмен бұл заң негізінен интернет-ресурстардың, әлеуметтік желілердің және мессенджерлердің жұмысын өз қалауы бойынша шектей немесе тоқтата алмайтынын және тек балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты ғана жоюға болатынын айтқан.

Алайда жеке адамдардың балаларыңызды қорқыту фактілерін, психикасына нұқсан келтіретін ойындарды ойнамауын бақылау ең бірінші кезекте ата-ананың міндетінде. Бұл үшін қазіргі смартфондарда арнайы «Ата-ана бақылауы» секілді арнайы функцияларды пайдаланып үйренуі қажет. Одан бөлек баламен арнайы байланыс орнату да маңызды.

ПСИХОЛОГ: «УАҚЫТ ЖОҒЫН СЫЛТАУРАТАМЫЗ»

Мәселенің мәнісін анықтау үшін арнайы маманға да жүгінуді жөн көрдік. Психолог маманнан балаларды буллингтен қорғау, желі­дегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолдарын сұрастырдық. Бізді мазалаған сұрақтарға «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің психологы, садху терапевт Гүлжайна Нетбаева жауап берді.

Интернет: Жақсы дүниенің де жаманы бар

− Жасөспірім шақ – бала мінез-құлқының ең құбылмалы кезеңі. Ерме мінез, көнбістік, ашушаң болу, агрессия, ішкі эгоның шектен тыс көріністері де осы кезеңде біліне бастайды. Бала бойында сыртқы ортадағы кез келген әрекетке тез бейімделушілік пен қабылдап алу синтезі жүреді. Кибербулингке ұшыраған жеткіншектің сәйкесінше мінез-құлқы өзгере бастайды. Мәселен, ашық-жарқын, ақкөңіл, барлық адаммен тіл табыса алатын бала керісінше тұйықталып, ашушаң болып, қоғам­нан өзін бөлектеп алады. Қолындағы телефонын ешкімге көрсетпей, жасырып, құпия­сөзін өзгертіп, жеке шекарасын бекі­тіп қояды. Ақшаға қажеттілігі артады, ата-анасынан ақша сұрап, жөнсіз мазалай бас­тайды. Үнемі күдіктеніп, күмәнданып жүреді. Негізінен мұндай қысымға мінез-құлқы тұ­рақталмаған, бала кезінен отбасынан қысым мен жәбір көрген, мейірімге мұқтаж, пси­хикасы тұрақталмаған жастар еріп кетеді. Кез келген тәрбие отбасынан басталатынын ескерсек, баланы жасқаншақ емес, ойын ашық айта алатын еркін әрі батыл етіп тәрбиелеудің маңызы зор, – дейді Гүлжайна Ғабитқызы.

Психолог өз сөзінде бүгінгі ата-аналардың бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтынын да алға тартты. Уақыт тапшылығын сылтауратып, бір смартфонмен баласын «алдап» қоятын ата-аналар көбейгені рас. Бұл туралы маман: «Баланың қалыптасуында ата-ана рөлі жоғары. Әсіресе мінез-құлқы отбасындағы ахуалға қарай қалыптасатын сәттер көп. Бүгінде нарықтық қоғам ақшаға, материалдық қажеттіліктерге баса назар аударады. Барлық адами ресурс қаржыға келіп тіреледі. Адамға өмір сүруі үшін нәпақа тауып, жұмыс істеуіне тура келеді. Сондықтан баласының күн ұзақ немен айналысып жатқанын білмейтін ата-аналар көбейді. Бұл мәселені шешу өте қиын. Қатарынан қалмасын деп, қолына қымбат телефонды алып беріп қоямыз. Ал ішіне жаһанды сыйғызған смартфоннан баламыздың не көріп, не үйреніп жатқанын білмейміз. Әрине, уақыт тапшы деп өзімізді алдауымыз мүмкін. Шынтуайтында, ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігі де төмендеген сияқты. Бастысы, «Менің мазамды алмаса болды» дегендей көзқарас бар екені шындық. Дәстүрлі отбасы институтының әлсірегенін содан-ақ көруге болады. Тәрбие беретін ата-аналардың өзін тәрбие мектебінен өткізу қажеттілігі туындап тұрғандай», − дейді.

Психолог маманнан кибербуллингке ұшы­раған баланы ертерек анықтау жолдарын да сұрадық. Мұндай кезде баланың мінез-құлқы қалай өзгеретінін, оны байқаған адамның не істеу керектігін айтты.

− Мұндай кезде салмақ пен жауапкершілік ата-анаға түседі. Одан кейін тәрбие ошағы саналатын білім ордаларына, ортасы мен достарына да байланысты. Негізі мектептерде ұстаздарға арналған арнайы нұсқаулықтар бар. Онымен пән мұғалімдері де, сынып жетекшілері де таныс. Оның мазмұнына тоқталатын болсақ, егер мұғалім баланың мінез-құлқындағы бір өзгерісті байқаған болса, онда оқушыны мұқият бақылауға алуы керек. Баланың кибербуллингке, жоғары сынып оқушыларынан әлімжеттік көріп не бопсалауға ұшырағанын байқаса, дереу мектеп әкімшілігіне және ата-анасына хабарлауы тиіс. Сонымен бірге мектепте психолог-педагог мамандар жұмыс істейді. Олар да баламен сөйлесіп, психологиялық қолдау жұмыстарын жүргізуі қажет. Сөйтіп, баланы құтқарудың жолын іздестіреді. Ал егер де жағдай ушығып, мектептегі мамандардың шамасы жетпей жатса, онда кибербуллингке тап болған балалармен жұмыс істейтін арнайы мекемелерге, мамандарға жүгінген дұрыс. Бұдан бөлек, ата-ана мен мектеп ұстаздары балаларға интернетті пайдалану нұсқаулықтарын көрсетуі керек. Яғни олардың онда не көріп, не тыңдап отырғанын бақылауда ұстап, қажет болса, бағыт-бағдар берген дұрыс. Мәселен, интернетті пайдалануға белгілі бір уақытқа шектеу қоюға да болады. Күніне 30 минут не бір сағат дегендей. Ойындарды да ата-ананың рұқсатымен орнату, сонымен бірге балаларға пайдалы болатын платформалар жөнінде кеңес беру деген секілді қолдау әрекететтеріне қолға алуға мән берген дұрыс, − дейді Гүлжайна Нетбаева.

ОҚУШЫ БАҚЫЛАУСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Білім ордасының бүгінгі міндеті айтарлықтай артты. Оқушыны білім нәрімен сусындатудан бөлек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық ортадағы статусын анықтау, ортаға бейімдеу шараларын жүргізу керек. Әсіресе өзгенің айдауына ермей, әлімжеттік көрмеуін қадағалау маңызды. Бұл мақсатта қазіргі мектепте қандай шара атқарылатыны туралы қаладағы Н.Ахмадеева атындағы №112 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жұлдыз Асқаровадан сұрадық.

Интернет: Жақсы дүниенің де жаманы бар

− Мектеп оқушылары арасындағы буллинг, интернеттегі қауіпсіздік − қазіргі өзекті мәселеге айналды. Ал бұған жол бермес үшін педагогтер тарапынан біраз жұмыс атқарылуда. Мәселен, жыл басында «Кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша» жоспар жасалды. Жоспарға сай «Ұстаз−Ата-ана−Мектеп» үштік одағының бірлестігін нығайту, балаға қауіпсіз орта жағдайын жасау мақсатында іс-шаралар ұйымдастырылады.  Атап айтқанда, биылғы оқу жылының өзінде «Құқықбұзушылықтың алдын алу профилактикасы шараларын ұйымдастыру,  кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық және қылмыс, нашақорлықтың алдын-алу, интернет қауіпсіздігі мен суицид, зорлық-зомбылық, ерте жүктіліктің алдын алу» бағытында ақпараттық-танымдық біліммен қамтамасыз ету мақсатында үздіксіз сала мамандарымен байланыс орната отырып, құқықтық сағаттар, түсіндірме профилактикалық жұмыстары және дөңгелек үстелдер өткізіліп келеді.  Профилактика  бағытында сынып сағаттарында, сонымен қатар психологтармен, мектеп инспекторымен бірлескен іс-шаралар атқарылып келеді. Жастар ресурстық орталығының мамандары «Зорлық-зомбылықтың алдын алу және бала құқығы» тақырыбында кездесу өтті, − дейді Жұлдыз Ғалымжанқызы. 

Одан бөлек, мектеп оқушыларына «Қатігездік пен зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» атты лекция жүргізілген. Лекция барысында «Тұрмыстық-зорлық зомбылық» тақырыбында ҚР-ның Конституциясы баптарына сәйкес адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмаушылық, азаматтың ар-намысы мен абыройына нұқсан келтірмеу, адам құқығының қорғалуы жайлы жан-жақты түсінік берілді. Зорлық-зомбылықтың түрлері, сипаттамалары және оларға қолданылатын жаза түрлері таныстырылды. «Зорлық-зомбылықсыз қоғам» тақырыбында 8-сынып оқушыларымен дөңгелек үстел, «Әйел зорлық, бала қорлық көрмесін» тақырыбында 9-сынып оқушыларымен кездесу, «Үйдегі тыныштықтан жер бетіндегі бейбітшілікке» тақырыбында 7-сынып оқушыларына танымдық сағат, «Қауіпсіз балалық шақ» тақырыбында бастауыш сынып оқушыларымен түсіндірме жұмыстары, мектеп инспекторы және психологтармен бірлескен құқықтық-психологиялық кеңес беру бағытында іс-шаралар жүргізілген.

Сондай-ақ Мектеп психологтары да «Буллинг, кибербуллинг туралы сөйлесейік» тақырыбында түсіндірме жұмыстарын, «Мек­тептегі зорлық-зомбылықтың алдын алу» мақ­сатында психологиялық  тренинг өткізуде. Ата-аналар жиналысында тақырып төңірегінде мәселелер қозғалып, тығыз байланыс орна­тылған. Мұндай шаралардың маңызы жоғары. Ең бірінші кезекте қауіптің алдын алуда ақпараттық түсіндірме жұмыстарының көмегі мол. Сонымен қатар педагогтің біліктілігі де оқушыны қауіптен сақтай алады.

P.S. Қалай болғанда да интернеттен түбегейлі бас тартпақ түгілі шектеудің өзі қазіргі заманда оңай болмайды. Бірақ болашағымыз деп жүрген балалардың басын қатерге тікпеуіне, қауіптен аман болуына жағдай жасау – міндет. Алайда ересектердің өзі алаяқтарға алданып, сан соғып қалып жатқанда бейқам балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету де мәселеге айналды. Интернетті өмірімізге қалай кіргізсек, ондағы қауіпсіздікті де ең бірінші кезекке қоюды, қауіпсіз қолдануды үйренуіміз керек-ақ.

А.БІРКЕНОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: