Интернетке фотосурет жариялаған астаналық айыппұл төледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты авторлық құқықты бұзу бойынша азаматтық істі қарап, талап қоюшының пайдасына шешім шығарды.
Фотосурет иесі өзінің келісімінсіз жаңалықтар тарататын интернет-порталдағы жарияланымдардың бірінде оған тиесілі фотосуреттің пайдаланылғанын анықтаған.
Компания өкілі мәлімдегендей, сурет автордың рұқсатынсыз орналастырылған.
Талап қоюшы сотқа жүгініп, жауапкер оның меншігіндегі фотосуретті заңсыз пайдаланғанын көрсетіп, 369 200 теңге мөлшерінде өтемақы өндіріп алуды сұрады.
Сот талап шағымданушының талабын негізді деп танып, оның «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңның 19-бабының талаптарына сәйкес келетіндігін анықтады. Соттың шешімімен талап қою толық көлемде қанағаттандырылды, – деп хабарлады Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
