Сенбі, 23 қараша, 22:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

«Ішіме сыйған қызым сыртыма да сияды» деген түсініктен арылу керек

12.05.2021

2728 0

Тақырыпты көлденеңнен қойып, мәселені тікесінен айтпасқа амал қалмады. Қазір «үйлену оңай үй болу қиын» деген тәмсілді жадыларынан шығарып, көтерген шаңырақтарын құлататындар көбейді. Ашығын айтқанда, ажырасатындардың саны артып барады.

Тақырыпты көлденеңнен қойып, мәселені тікесінен айтпасқа амал қалмады. Қазір «үйлену оңай үй болу қиын» деген тәмсілді жа­дыларынан шығарып, көтерген шаңырақтарын құлататындар кө­бейді. Ашығын айтқанда, ажыра­сатындардың саны артып барады.

Екі жас бірін-бірі ұнатып, бо­лашақ өмірлеріне серік болады деген оймен тағдырларын тоғыс­тырады. Ата-аналар «ұлым ер­жетті, қызым бойжетті, өрісім кеңейді, туысым көбейді», – деп қуанып құда болады. Ел-жұрттың көзінше құшақ айқастырып, төс қағыстырып, қуаныштарын көпші­лікпен бөліседі. Шамасы келгені де, келмегені де ақшасы бары да, жоғы да «ұлымның тойы еш­кімнен кем болмасын» немесе «қызымды дұрыстап ұзатайын» деп қолындағы барын шашады. Індет өршіген тұста да тойдың азайғаны шамалы. Қаржысы жоқ болса малын сатады, төрт түліктен тұяқ қалмаса, банктерді жағалап, несие алады. Әйтеуір жұрттан қал­маудың амалын қарастырып, дүр­кіретіп той жасайды. Осылайша, жастар мейрамханаларда тойларын өт­кізеді. Жарайды делік. Тойды жасаған ата-ана «бір міндеттен құтылдым» деп, көпшілікке ду­ман сыйлағандарына, жастарды қуанышқа бөлегендеріне разы болады. Іштей «той жақсы өтті» деп топшылап, көңілдері тоқ жүреді. Бірақ «бірінсіз-бірі тұра алмаймыз» – деп уәде беріп, бас­тарын біріктірген жастардың кей­бірі отбасылық өмірге үйрене алмай, ажырасып жатады. 

«Ішіме сыйған қызым  сыртыма да сияды» деген түсініктен арылу керек

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек,  2013 жылы  168 417 неке тіркелсе, 51 482 шаңырақ құлаған. Ал 2014 жылы 159 328 отбасы құрылса, 52 673 неке бұзылған. Тіпті 2015 жылы 148 769 неке қиылса,  53 293 жұп ажырасқан. Бұл дегенің елімізде жыл сайын 50 мыңнан аса неке бұзылады деген сөз. Келтірілген мәліметтерді ойдан шығарып отырған жоқпыз. Еліміздің ұлттық экономика ми­нистрлігіне қарасты статистика комитетінің деректерін негізге алдық. Енді сәл болса да адами көзқараспен жағдайды екшеп көрейік. Қазақтың заңғар ақыны Мұхтар Шаханов айтқандай: «Қар мен жаңбырға қарсы тұр­ғанмен, асау тағдырға қарсы тұра алмайтындар көп» Жұбайлар жы­рындағы осы мағынаны білдіретін сөз көп адамға ой салар…

Сөздің ашығын айтайық, отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Жұбайлық өмірде кез­дескен шамалы қиындықты көтере алмай, өліп-өшіп сүйіп қосылған қосағыңнан бас тарту көңілге қонбайтын іс. Осы ретте біз Үміт Махамбетжановадай 12 баланың анасына  хабарласып, пікірін білген едік. 80 жастағы қадірлі анамыз кейінгілерден ақылын аямайтын жан екен.

– Шаңырақ құлап, отау бұ­зылып жатса, кінәні ешқашан бір адамнан іздемеу керек. Мұндайда ене де келінге сүйеу болғаны абзал. Ақылын үйретіп, білгенімен бөлісіп кеңесін беріп отырса, кел­ген келін тез бауыр басады. Бая­ғының тілімен айтқанда «тастай батып, судай сіңеді». Қыз баласы ұзатылып, болашақ шаңырағының табалдырығын аттағанда нағыз үйіне кіріп келе жатқандығын ұғыну қажет. Халқымызда «қыз жат жұрттық» деген тәмсіл бар. Аталы сөздің астарына үңілген адам қыздың ұлтты сақтаушы рөл атқаратынын түсінеді. Сол себепті бабаларымыз қызды ұлтының ұя­тына балаған. Қырық үйден тыйым салынса да салт-дәстүрмен сабақтасқан тәрбиенің мәнін ұғынған. Міне, сондықтан да дала заңын ұстанған бабаларымыздың дәуірінде ажырасу деген мүлде бол­маған. Қазіргі жастарға бәріне сабыр мен төзім керек деп айтар едім, – дейді Үміт апай.

Ата тарихымызда ажырасу былай тұрсын жетім, жесір деген атауымен жоқ еді. Әмең­герлік жолмен қосылып, бауы­рының баласын өзінікіндей өсі­ріп, тәрбиелеген. Қазір қалай? Әмең­­герлікке көнетін әйел бар ма? Ай, қайдам, кейбір ер-азаматтардың өздері әйелінің сөзінен аса алмай, бақилық болған бауырының жұ­байына иелік жасамақ түгілі, бала­ларына да қарасудан қала­ды. Егерәки, ата-баба жолын жаң­ғыртып, әмеңгерлікті қайта қолға алса, жетім мен жесір болмаушы еді.

Жоғарыда қазір жылына 50 мың­нан аса неке бұзалатынын айтып өткен болатынбыз. Бұл мақтанатын дүние емес. Ашығын айтқанда – масқара! Онсызда демография­лық ахуалды жақсартудың жолын із­деп, қайтсек халықтың саны көбейе­­ді, – деген демографтар тыным тап­пауда. Еліміздің экономика­лық, әлеуметтік, саяси жағдайын ны­ғайтуға жұмса­лып жатқан күш­тің барлығы – тұ­рақтылықты сақ­таудың амалы. Ал тұрақты­лық болса бейбіт өмірге жол ашылады. Мұндай жағдайда ха­лықтың саны еселеп арту керек. Ғы­лыми тұжырымдамамен де, адами көз­қараспен де солай. Бірақ үйленген жастардың басым бөлігі ажырасып жатса, халықтың саны қалайша еселеп артады? Кінәні кімнен із­деген дұрыс? 

Мәселенің мәнін ашып айту үшін тағы да санды деректерге назар аударайық. 2019 жылы елімізде 103964 неке тіркелген болса, оның 45204-і сот шешімімен ажырасқан. Жалпы статистика мәліметіне сүйен­сек, соңғы жылдары шаңы­рақ көтергендердің саны көбей­ген. Тиісінше шаңырағын шайқал­тып, баланы тірі жетім етіп, ажы­­расқандар да жетерлік. Бұл мә­селеде Қызылорда облысындағы көр­сеткіш те көңіл көншітпейді. Қызылорда облысының статистика департаментінің мәліметіне сүйен­сек, Сыр бойында 2014 жылы 6579 неке қиылса, 1592 жұп ажы­расқан көрінеді. Ал 2015 жылы 5839 отбасы шаңырақ көтерсе, 1725 жұптың некесі бұзылған екен. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған аймақта өмір сүреміз десек те же­тісіп тұрғанымыз ша­малы. Ашын­ғаннан қаттырақ айтпасқа амал жоқ. Енді соңғы деректерге көз жүгіртейік. Был­тыр аймақта қаңтар мен шілде аралығында 359 жұп ажырасса, 2019 жылы дәл осы уақыт ішінде 1272 жұптың жолы екіге айырылыпты.

– Несін жасырамыз, кейбір жас келіндер қит етсе болды кетемге басады. Қал деп айтуға намысы жібермейтін жігіттер «кетсең кете бер, басқасын аламын» – деп ке­кірейіп тұрады. Сонда бір-біріне деген сүйіспеншіліктері мен ыстық махаббаттары қайда қалды? Отау тігерде жігіт қызға үйленбесе, қыз жігітке тимесе болмайтын еді ғой. Ажырасқан күнде де арада бала болса, оның тағдырын кім ойлайды? Сүйген адам сүйіктісін ары итермесе керек-ті. Үйге қай­тып келген қызға құшағын айқара ашатын ата-аналардікі не жөн, не жосық? Бірінші болып: «ішіме сый­­ған қызым сыртыма да сияды» – деп аналар шығады. Бұл – үлкен проб­лема.Үйдегі жағдайға қарай қабағынан қар жауып тұратын әке­лер «қызымды жылатып қоймай­мын» – деп ашуға басады. Мұны еш­кім жоққа шығара алмайды. Дәл қазір қоғамда болып жатқан жағдай – осы. Мұндайда әркімге өзінікі дұ­­рыс. «Қарға баласын аппағым, кірпі баласын жұмсағым дейдінің» кейпіне еніп, дүйім жұрттың алдында төс қағыстырып, құшақ айқастырып құда болған екі жақтың ата-ана­лары бір-бірін жұлып жеуге дайын тұрады. Ақиқатына барып, шындығына үңілетіндер аз. Осы жағы да қиындау. Деген­мен шешім қабылдағанда салқын­қандылық та­нытып, есті адамның тірлігін жа­саған абзал, – дейді қармақшылық ақсақал, білім саласының ардагері Бағдәулет Маханов.

Иә, шынында жас жұбайларға ақыл айтатын, пана болатын үл­кендер жағы мәселенің мәнісіне үңілмей даурығып жататыны бар. Дұрыс, кез келген мәселеге бір жақ­ты қарауға болмайды. Таяқтың екі ұшы болатынын ұмытпау керек. Біреуін бассаң екіншісі маңдайға тиеді. Жас келіншек баласымен ажырасып әкесінің үйіне барғанда басында ештеңе білінбеуі мүмкін. Дегенмен ол үйде де шаңырақты шаттыққа бөлегісі келетін келін бар. Ұлдың баласы мен қыздың баласы ойнап жүріп бір-бірін жылатып қойса, теперіш көрмесінші деп жиеннің жағдайын жасауға тырысамыз. Қызың үйде отырған соң тым болмаса үйде жыламай жүрсінші деп бар ықы­ласыңды аударасың. Осылай бірте-бірте еленбей қала беретін үйдегі келін бір күні болмаса бір күні  жарылады. Қашанғы шыдасын?.. Мұндай жағдай туындағанда ана­лардың ішіне сыйған қызы сыр­тына сыймай кетеді. «Қайтып келген қыздың орны бар» деген мәтел қате.

Түйін

Халқының болашағына алаң­дайтын әрбір адам жұбайлардың ажырасуына жол бермеуі қа­жет. Бұл мақаланы жазудағы мақ­сатымыз – осы. Сөз соңында «Іші­ме сыйған қызым, сыртыма да сияды» деген түсініктен арылу керекті айтқымыз келеді. Бәлкім сонда жастар арасындағы ажырасу мәселесі азаятын шығар. Сіз қалай ойласыз, қадірлі оқырман?

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: