Депутат Нартай Аралбайұлы Президент бекіткен тұжырымдама өңірлердегі ішкі саясаттың ортақ бағытын айқындайтынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол кез келген ресми құжаттың қабылдануын қоғамдық ұйымдардың, сарапшылардың, саясаткерлердің ортақ мүддесі деп қабылдау керектігін айтады.
Ішкі саясаттың билік тармағында өзіндік маңызды орны бар. Дегенмен, өңірлердегі ішкі саясат ортақ бір бағытта жұмыс жасап жатқан жоқ. Тәуелсіздік алған жылдан күні бүгінге дейін ішкі саясат не нәрсеге жауапты, мемлекеттің тұрақтылығы тұрғысынан нақты қай бағытқа жауап беру керек деген құжат болған жоқ. Сондықтан бұл өте маңызды құжат, – деді ол.
Сондай-ақ депутат Мемлекет басшысы бекіткен тұжырымдама еліміздегі күрмеуі шешілмеген көп мәселелерді шешуге септігін тигізетінін тілге тиек етті.
Әр өңір ішкі саясатында біз көбінесе белсенді жастармен жұмыс жасаймыз. Ал ауылдағы, базар маңындағы жастардың жұмысқа орналасуы, еңбекке баулу жұмыстары назардан тыс қалып жатады. Сондай-ақ, отбасы саясаты, дін саласындағы түрлі мәселелер, этносаралық қарым-қатынас мәселелерін де бір ортаға түсіру керек болатын. Бір сөзбен айтқанда, бұл құжат барлық саладағы мәселелердің шешімін көрсететін, сонымен қоса өңірлерде ішкі саясатта жұмыс істейтін басшылардың, мамандардың қызметін мығымдап, саяси беделін арттыра түсетін құжат болып отыр, – деді ол.
Сонымен қатар Нартай Аралбайұлы осыған дейін орталық деңгейде ішкі саясатқа жауап беретін мемлекеттік органдар бекітілмегенін, бұл құжат нақты жауапты органды көрсететінін атап өтті.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
