Өңірде қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану бағытында жүйелі жұмыстар жалғасып келеді. Атмосфералық ауа мен су сапасына тұрақты бақылау жасалып, рұқсатсыз қалдық орындары жойылды. Сонымен бірге экологиялық мәдениетті көтеру және табиғатты сақтауға бағытталған кешенді шаралар атқарылуда. Бұл туралы бүгін облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Алмас Искаков мәлімдеді.
– Қоршаған ортаны қорғау – біздің ортақ жауапкершілігіміз. Бұл бағытта Қызылорда облысында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, жасыл аймақты кеңейту – біздің басты міндеттеріміздің қатарында. Жыл басынан бері облыс көлемінде ауқымды сенбіліктер мен түрлі экологиялық акциялар ұйымдастырылды. Оған 156 мыңнан аса тұрғын қатысты. Қала мен ауылдарды тазалау, көшелер мен өзен-көл жағалауларын қоқыстан арылту жұмыстарына 500-ден астам техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 6 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық арнайы орындарға шығарылды. Сонымен бірге ағаш егу жұмыстары да кең көлемде жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін 240 700 дана ағаш көшеті отырғызылды. Бұл тек экологияны жақсартуға ғана емес, өңірдің жасыл қорын көбейтуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді. Әрбір азаматтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, табиғатқа ұқыпты қарау – біздің басты назарымызда. Бұл ретте жастардың, еріктілердің белсенділігі де айрықша. Халықпен бірлесе атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігі зор. Алдағы уақытта да біз осы бағыттағы іс-шараларды жүйелі жалғастырып, экологиялық ахуалды жақсартуға бар күш-жігерімізді саламыз. Бұл – болашақ ұрпақ алдындағы борышымыз, – деді Алмас Илиясұлы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!