Қайраттылықты қанат етіп, ауыр да жауапты қызметті атқарып жүрген қазақ қыздарына қарап қайран қаласың. Қазіргі таңда Ішкі істер саласы қызметі тек ерлерге тән деген ұғым өзгеріп, ерлермен қатар тең дәрежеде нәзік жандылар да осы салада қызмет жасап келеді. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен нәзік жандылар үшін әрине қиындығы қатар жүретін қызмет болса да, 2018 жылдан бері осы салада қарқынды қызмет етіп жүрген капитан қыз Тілеубекова, қәзіргі таңда ҚАЖД №60 мекемесінің «сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру» бөлімінің аға инспекторы, әділет капитаны. Ол 2004-2008 жылдар аралығында Қорқыт ата университетінде «Бухгалтер» мамандығын, 2014-2018 жылдар аралығында Шымкент университеті «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алады. Бала күнінде темірдей тәріпті талап ететін ішкі істер саласында қызмет атқаратындарға қызығатын ол, «бала күнгі арманымның ұшқыны мені осы салаға алып келді», – дейді.
– Бұл салаға кездейсоқ келген жоқпын. Әкем Батырхан осы салада ұзақ жылдар адал аброймен қызмет атқарып зейнетке шықты, анам Рая, балалардың тәлім-тәрбиесіне үлесін қосып жүрген, беделді, тәжірибелі ұстаз. Ата-анам да менің таңдауыма қарсы болмай, керсінше қолдау білдірді. Сол себепті осы салаға келуіме түрткі болған жақындарым деп білемін, – дейді Толқынай.
«Сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің» аға инспекторы, әділет капитаны Толқынай Тілеубекова мекемеде сотталған азаматтарды еңбекке тарту арқылы олардың өмірге деген көзқарасын өзгерту және түзелуіне жағдай жасау мақсатында жұмыстар жүргізеді.
Сонымен қатар, сотталғандарды жұмысқа орналастыру кезінде олардың жасына, денсаулық жағдайына, еңбекке қабілеттілігіне қарай жұмысқа орналастыру Толқынайдың жауапкершілігіндегі қызмет.
Әр саланың өз қиындығы мен қызығы болатыны рас. Ал, капитан қыз мамандығының қыр-сырын терең зерттеп, зор білім жинаған нағыз маман иесі. Ол, өз саласындағы қиындықтарға барынша шыдамдылық танытып, өз жұмысына риза екенін жеткізеді.
«Еңбек етіп жүргенде адам бойында кәсіби дағды қалыптасады. Кәсіби біліктілігін дамытып, шыңдаған адам өз ісінің хас шебері. Менің қызметімде жұмсақтық та, қаталдық та керек. Сонымен қатар талапшылдық пен аса жауапкершілік қажет. Бұл менің өз қалауыммен таңдаған мамандығым. Сондықтан барлық қиындығына төтеп беруге дайынмын. Халыққа адал қызмет ету біздің міндетіміз, борышымыз. Бұл салаға саналы түрде келгеннен кейін соңына дейін жеткізуім керек», – дейді капитан қыз Толқынай Тілеубекова.
Білімділік пен біліктілікті, жауапершілік пен сауаттылықты талап ететін маңызды саланың тізгінін ұстап жүрген тегеуріні мықты капитан қыз өнерге де бір табан жақын, өзінің әсем даусымен ән айтып, кез-келген отырыстың шырайын келтіріп жібереді. Әріптестер арасында сыйлы, абыройлы. Мекеме ішілік іс-шараларға да белсене қатысады. Өзінің мінсіз қызметінің арқасында Ішкі істер министрлігінен, сонымен қатар ҚАЖ департаменті және мекеме тарапынан төсбелгілер мен бірталай марапатарға ие болды.
Отбасы мен жұмысын қатар алып жүреген Толқынай қазіргі таңда 1 қызды тәрбиелеп отырған ардақты ана.
Ақалтын Байжанқызы ,
№60 мекеме бақ іс жүргізшісі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!