Ақтауда 1-шағын аудандағы Каспий теңізінің жағалауы қызыл түске боялған. Жергілікті тұрғындар дабыл қағып отыр, алайда экологтар ақтаулықтарды сабырға шақырды, деп жазады Egemen.kz.
Жергілікті тұрғындар бұл құбылысқа кейбір химиялық төгінділер әсер етуі мүмкін деп топшыласа, мамандар қарапайым құбылыс екенін айтып, экология мен адамдарға қауіп төндірмейтініне сендірді.
«Бұл – әр қыс сайын жиі кездесетін табиғи құбылыс. Қоңыр балдырлар су бетінде осылай көрінеді», деп түсіндірді «Эко Маңғыстау» ҮЕҰ басшысы Кирилл Осин.
Экологтар суық мезгілде балдырлар көбейіп, гүлдейтінін айтты, сол себепті де теңіздің кейбір бөліктері қызыл түске боялғандай көрініс береді.
Маңғыстаудың Экология департаменті де теңіз балдырларының әсерінен жаға қызыл түске боялғанын мәлімдеді, бірақ сынамалар алынған.
«Достар» жағажайы, «Нұр-Плаза» және яхта клубы аумағынан сынамалар алынды. Талдауларға сүйенсек, теңізде химиялық әсер табылған жоқ. Балдырлар ешқандай зиян келтірмейді. Бұл – табиғи құбылыс, сондықтан алаңдамаңыздар», деп түсіндірді Маңғыстаудың экологиялық зерттеу зертханасының гидробиология бөлімінің зертханашысы Нұрболат Өтемісов.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!