Сейсенбі, 08 шiлде, 15:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№49,2162
05.07.2025
PDF мұрағаты

Кассациялық саты – сот актілерінің заңдылығы мен біркелкілігін қамтамасыз етудің жоғарғы процесуалдық кепілі

07.07.2025

51 0

Қазіргі заманауи құқықтық мемлекет жағдайында сот төрелігін жүзеге асыруда кассациялық тәртіптің маңызы арта түсуде. Бұл саты заңдылықты, сот шешімдерінің тұрақтылығын және құқық нормаларының біркелкі қолданылуын қамтамасыз етудің тетігі ретінде ерекшеленеді. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде және Азаматтық процестік кодексінде сот ісін жүргізудің кассациялық тәртібі егжей-тегжейлі реттелген. Аталған тәртіптің қолданылуы құқықтық мемлекеттің іргетасы саналатын сот актілерінің заңдылығы мен әділеттігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Кассациялық саты – бірінші және апелляциялық сатылардағы сот шешімдерінің заң талаптарына сайлығын қайта сарапқа салуға арналған жоғарғы деңгейдегі процессуалдық бақылау нысаны. Бұл сатыда нақты дәлелдемелер қаралмайды, қайта соттың құқық нормаларын дұрыс қолдануы, процестік нормалардың бұзылу-бұзылмауы, сот актілерінің негізділігі мен заңдылығы зерттеледі. Бұл өз кезегінде сот жүйесінің ішкі біртұтастығын қамтамасыз етіп, заңнаманы біркелкі қолдану мәселесіне қатысты тұрақты және бірыңғай практика қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының құрылымында жұмыс істейтін кассациялық алқалар азаматтық, әкімшілік, қылмыстық және өзге де санаттағы істер бойынша түпкілікті құқықтық ұстаным қалыптастырып, төменгі соттардың қызметіне әдістемелік бағдар береді. Бұл – сот жүйесінің қызметін үйлестіретін және бағыттайтын негізгі элементтердің бірі.

Кассациялық тәртіптің енгізілуі – тараптар үшін құқықтық қорғаудың қосымша механизмі ғана емес, сонымен қатар сот корпусы үшін сот шешімдерін заң шеңберінде шығаруға деген жоғары жауапкершілік. Жоғарғы Соттың қаулыларында көрсетілген тұжырымдар төменгі сатыдағы соттарға құқықты қолдану кезінде туындайтын даулы мәселелерді шешуге негіз болады. Мұндай құқықтық ұстанымдар нормативтік түсіндіру сипатында болмаса да, тәжірибеде ерекше маңызға ие.

Кассациялық тәртіптің заңнамалық негізі оның қолданылу шегін нақты белгілейді. Істер тек апелляциялық тәртіппен қаралғаннан кейін және заңда көзделген процессуалдық талаптар сақталған жағдайда ғана кассациялық сатыда қаралуы мүмкін. Бұл заң үстемдігін қамтамасыз ету мен іс жүргізудің әділеттілігін сақтаудың тағы бір кепілі болып табылады.
Кассациялық сатыдағы сот төрелігіне қойылатын талаптар жоғары. Судьялар кәсіби деңгейде нормативтік актілерді талдап, құқықтық негіздерге сүйене отырып шешім қабылдауға міндетті. Бұл сатыда қабылданатын актілер бүкіл сот жүйесіне бағыт-бағдар беріп, құқық қолдану тәжірибесін жүйелеуге елеулі үлес қосады. Соның нәтижесінде құқықтық анықтылық пен тұрақтылық қамтамасыз етіледі.

Сот төрелігін қамтамасыз етудің ең жоғарғы деңгейі ретінде кассациялық саты құқықтың үстемдігін нығайтады және азаматтардың әділ сотқа қол жеткізу құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды құрал ретінде қызмет етеді. Оның тиімді және мақсатты түрде қолданылуы бүкіл сот жүйесінің сапасын арттыруға, сот шешімдерінің әділеттілігі мен негізділігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.

 Ақзер Бодыкова,  

Қызылорда қаласының

мамандандырылған тергеу

сотының бас маманы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: