Биыл Қызылорда облысында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан қолайсыз аймақтар ретінде 74 елді мекен есепке алынды. Кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының көктемгі кезеңі сәуір айынан басталып, екі кезеңмен жүргізіледі.
Алдымен оңтүстік аймақтар – Жанақорған, Шиелі аудандары мен Қызылорда қаласында басталды деп жоспарланды. Өңдеу жұмыстарына «Циперметрин» препараты қолданылатын болады. Бұл ветеринария басқармасының ұсынымына сәйкес жыл сайын өзгертіліп отырады, мұндағы мақсат – кенелердің дәрілік затқа төзімділігін болдырмау.

Залалсыздандыру барысы аясында мал қоралары мен мал бастары, суаттар, шаңлақтар қамтылатын болады. Осы ретте Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі тұрғындарға өңдеу алдында қыстан жиналған қорадағы қи-көңді тазартып, арнайы белгіленген полигондарға елді мекенннен сыртқы аймаққа шығару қажеттігін ескертеді. Себебі аурудың табиғаттағы тасымалдаушысы болып табылатын иксодты кенелер қи-көңнің астында қорексіз жылдап тіршілік ете береді, аналық кенелер үшін де жұмыртқа тастауға өте қолайлы жер боп табылады. Вируспен зақымдалған аналық кене ауруды тікелей жұмыртқа арқылы 100 пайыз өз ұрпағына береді. Жұмыртқадан жаңадан өрген кенелер түгелдей осы ауруды денесінде сақтаушы әрі тасымалдаушы болады, яғни жаңадан аурудың табиғи ошағы пайда болады. Механикалық тазарту жұмыстары жүргізілмеген аумақтарда зақымданған кенелерді жою мүмкіндігі төмендейді, сәйкесінше дәрілеу жұмыстарының тиімділігі әлсірей түседі. Сондықтан қолайсыз аймақ тұрғындарының да жауапкершілік танытып, залалсыздандыруды жүргізуші мердігерлермен қоралар мен малдардың түгел әрі сапалы дәріленуін қадағалауы аса маңызды.
Кенеге қарсы өңдеу жұмыстарымен бірге зоологиялық-паразитологиялық топтармен арлау жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері 10 елді мекеннен 650 кене жиналып, зерттелуде.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – аса қауіпті ауру. Дегенмен ауру белгілері байқалған кезде шұғыл медициналық көмекке жүгініп, ем алған жағдайда, толық айығып шығуға болады. Аурудың негізгі белгілері: күрт дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, тамаққа тәбетінің жоғалуы, құсу, жүрек айну, бұлшық еттерінің ауыруы, бүйрек тұсының ауыруы, қатты бас, іштің ауруы. Осы белгілер байқалған жағдайда дәрігерге қаралмай, өз бетімен ем жүргізген жағдайда әрі қарай тістің қызыл иегінен, мұрыннан, асқазаннан, ішектен, әйелдерде жатырдан қан кетумен асқынып, өлім жағдайына әкеліп соқтыруы мүмкін. Сондықтан кене шаққан жағдайда немесе табиғат аясында жұмыс жасағаннан кейін, егіндік, мал күтімінен кейін жоғарды аталған белгілер байқалса, міндетті түрде дәрігерге қаралу керек.
Аурудың жұғу жолдары:
• кене шаққанда, мал сойғанда, малдың етін жіліктеу, қақтау кезінде, малдың үстіне жабысқан кенені жалаң қолмен жұлып алғанда, мыжғанда, мал қырқымы кезінде жүннің арасындағы кенені қайшымен қиып жіберген кезде кененің ішіндегі биологиялық сұйықтықтармен жанасқанда;
• Конго-Қырым геморрагиялық қызбасымен ауырып жатқан адамға көмек көрсету кезінде, зертханаларда қанмен жұмыс жасау кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамаса, науқастың қанымен жанасқанда;
• ауа арқылы (өте сирек кездеседі) жұғуы мүмкін.
Аурудың алдын алу шаралары:
• Табиғатқа шыққанда ауылшаруашылық малдарына, үй жануарларына (мал қырқымы, сиыр сауу, т.б.) күтім жасағанда мейлінше ақшыл түсті жабық киім кию, шалбардың балағын етік ішіне немесе шұлық ішіне салып, жеңді түймелеп, кене кірмеу жағдайын жасау;
• Мал қырқымы кезінде қырқымға қатысушылар қорғаныс киімдерімен жұмыс жасау, ұзын резеңке қолғап, алдына резеңке алжапқыш (кененің қаны киімге жұқпас үшін) және ұзын қоныш етік кию (кене балақтан кірмес үшін);
кенелердің жабысуын болдырмауға арналған түрлі жақпа майлар, аэрозольдер түріндегі үркіткіш заттар (репелленттер) пайдалану.
Г. Сыздыкова
Қызылорда облысының СЭБД басшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
