Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 00:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Кенжекей Сатмаханова: «Ұядан алты қарлығаш ұшырдым»

06.03.2021

5972 0

Қыз – өмірдің гүлі. Барлық адамзаттың қадірлеп, аялайтын асыл аруы. Қыз баланы қазақта кішкентайынан мәпелеп, аялап өсірген. «Қыз әкесін тозақтан қорғаушы, әйел күйеуінің иманының жартысы, ал жәннат ананың табанының астында» дейді халық даналығы.

Қыздың орны қашанда төр. «Үш қызы бар жұмаққа барады» дейді. Ел ішінде рахатты қыздан көріп отырғандар да бар. Соның бірі – Қарауылтөбе ауылдық округіндегі Пірмановтар отбасы. Кенжекей Сатмаханова алты қызды өмірге әкелген ана. Аманбай Пірманов екеуі көңіл жарастырып, Аманкелді ауы­лына келін болып түскен. Екеуі осылайша алты қыздың ата-анасы атанды.

– Өмірге алты қыз әкелдім. Алты қарлығашымды да ұядан ұшырдым. Құдайға шү­кір, күйеуім қыз таба бересің деп үйден қуған жоқ. Басқалар секілді ұл туып беретін басқа әйел аламын демеді. «Сен қыз туғаныңа қуан. Қыз көре алмай жүрген отбасы қаншама?» деп қолдау көрсетті. Сол үшін наурыздың біріне отағасына алғыс айттым. Қыздарымның бәрін құтты орнына қондырып, немере сүйіп отырмын, – дейді Кенжекей ана.

Кенжекей ананың шаңырағында бауырмалдық, бірлік пен береке салтанат құрып, көпке үлгі болуда. Дүниеге алты қыз әкеліп, оларды мәпелеп өсірген ананы қалай мақтасақ та жарасады.

Кенжекей Сатмаханова бухгалтер болып еңбек еткен. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отыр. Отағасы Аманбай Пірмановпен шаңырақ көтергеніне биыл 50 жыл толады екен. Қыздары Алма, Мариям, Айжан, Райхан, Гүлжазира, Ұлдай әрдайым анасының тәлім-тәрбиесін өз ұрпағына үлгі етіп отырады.

– Анамыз әкеміздің жарқылдап жүруіне жағдай жасай отырып, бізді де бағып-қақты, шаруаға үйретті. Қазақтың салт-дәстүрін берік ұстанған анамыздың дастарқаны жаюлы, қазаны асулы тұратын. Бізді жұмысқа аямай-ақ салды. Біріміз тамақ істесек, екіншіміз ауланы сыпырамыз, енді біріміз қорадағы малды жайғаймыз. Сөйтіп жүріп сабағымызды әзірлеуге үлгереміз. Жалпы ауылда бізге қызығатындар көп, – дейді кенже қызы Ұлдай.

Жетпіс жастан асқан Кенжекей анамыздың өмірі көпке үлгі. Өнегесі мол жанның ұлағатты әңгімесін тыңдауға өз ұрпағы ғана емес, жақын-жуық, ағайын-туыс да жиі жиналады. Маған елдің тыныштығын ауылдағы осындай асыл аналардың тәлім-тәрбиесі сақтап тұрғандай болып көрінеді.

Кенжекей Сатмаханова: «Ұядан алты қарлығаш ұшырдым»

Суретті түсірген

Нұрболат Нұржаубай

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: