Бұл індет адамзат баласын біраз әуре-сарсаңға салды. Төтеннен келген індет талай жанның өмірін қиды. Талайды өліммен бетпе-бет кездестіріп, аурумен арпалыстырды. Ауру енді азайды ма дегенімізде тағы да өршіді. Қорғанысты күшейту керек деп дабыл қағылды. Енді сақтанбасқа не кедергі?
Әуелгіде бұл аурудың бар-жоғына күдікпен қарағанымыз рас. Бірі – бар, бірі – жоқ деген пікірмен жүрді. Алайда өткен жаздағы ахуал арқылы вирус өзін баршаға таныстырды. Сол уақытта жақынынан айрылғандар, өкпесін ауру қысқандар көбейді. Енді аурудың ауылы алыстап келеді дегенде тағы да өршіп барады. Бұл ауруды жеңудің жолы – сақтық екенін жақсы білеміз. Ендігі кезекте біліп қана қоймай, сол қорған болар шараларды қатаң сақтауымыз керек. Өзімізді қорғау арқылы өзгенің өмірін де сақтап қала алатынымыз үнемі жадыда болуы қажет.
Әлемнің кей елдерінде бұл індет шарықтап, халық сергелдең күйде жүр. Күн санап вирустан көз жұмғандар қатары көбейіп жатыр. Ауруханадағы төсек орны лық толы. Дәл осындай күй кешпес үшін сақтықты күшейтіп, індетті жеңуге үлес қосу керек. Тәртіпке бағынайық! Бәрі де елдің амандығы үшін екені белгілі. Ендеше, сақтық шараларын сақтайық! Жиын-тойларды тоқтатайық!
Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ,
Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ардагер
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!