Сенбі, 23 қараша, 10:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Кешір мені…

14.02.2023

949 0

Өмірде жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды. Кез келген адам қателеседі.

Бір-бірін ренжітеді. Сол ренішпен сол адамға өкпесін артып, өз жүрегіне ауыр жүк жинап жүреді. Ал егер ашуды басып, артқа тастап, бір сәт бәріне кешіріммен қарап көріңізші…

Керемет жеңілдікті сезінер едіңіз. Себебі өзіңізді де, өзгені де ке­шіріп, өкпені өшіріп, жүректі жібітесіз. Ал сіз өзіңізді ренжіткен адамды кешіресіз бе? Бірінші болып кешірім сұрай аласыз ба?

Бірде көше бойында такси күтіп тұрғанмын. Бір көлік тоқтай қалды. Қарасам, көлік жүргізушісі бала кезден  Аслан есімді танысым болып шықты. Оны көрмегелі біраз болған. Асланның өмірі де, ойы  да өзгеріпті. Он бес күндік вахталық жұмыстан келген соң такси болып, отбасын асырайды. Хал-жағдай сұрасқаннан кейін «қазір бәрінің басында несие бар. Бір айлық жет­пейді екен. Қосымша табыс бол­сын деп жүрген жайым ғой», – деп бастады әңгімесін. Бірнеше минуттық үнсіздіктен соң маған мынадай сұрақ қойды.

– Ақтолқын, сен журналиссің. Бір сұрақ қояйын. Өмірде сен біреуді ренжіттің делік. Одан бірін­ші болып кешірім сұрар ма едің? – деп қойып қалды.

– Мен журналистен бұрын адам­мын, – дедім күліп. Содан соң қайта жалғастырдым.

– Ал сұраққа келсек, кешірім сұрай да, кешіре де аламын. Себебі Алла кешірімділерді сүйеді. Аслан, сен біреуді ренжіттің бе? Бұл сұ­рақ­­ты жай қоймадың ғой, – дедім тағы.

Ол көлік терезесіне бір қарап, ауыр күрсініп алды. Негізі адамның күрсінгені жақсы емес қой. Іштей оны бір мәселе мазалап жүргені сезілді.

Асланның айтқаны…

– Менің өмірде өзегімді өртеген бір өкінішім бар. Келіншегім Мәриямды танисың ғой. Екі баламыз бар. Мәриям екеуміз қат­ты ренжісіп қалдық. Отбасы бол­ған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Одан кейін балаларды алып, Мәриям бөлек кетті. Негізі қателік екі жақтан да болады. Бірақ екеуміздің қырсықтығымызбен уа­қыт өте берді, – деп үнсіз қалды.

– Аслан, негізі әр адам біреудің отбасына араласуға және ажыратуға болмай­ды. Шариғат бойынша да солай. Бірақ сен азаматсың. Бала­ларың бар, шүкір. Бір-біріңе кеші­рімді болыңдаршы. Ашуың басыл­ған сияқты. Кешірім сұрап бар­саң, бәрі жақсы болады, – дедім. Бірақ бұл ақылымның кеш екенін кейін­нен түсіндім.

– Кейде бізді сол еркектік намыс жібермей қояды ғой. Не керек, көп ойланып, кешірімді өзім сұрайын, отбасымыздың үзілген жерінен қайта жалғастырайын деген ой келді. Бір күні вахтада күн санап жүрген кезім. Ұялы телефоным шырылдады. Алсам, үлкен балам: «Әкешім, қайдасыз? Анам жол апатына түсті, қазір ауруханада жатыр. Тез келіңізші», – деп жылай берді. Жұмыстан сұранып, қалаға қарай жолға шықтым. Ойымды қанша жақсы жаққа бұрсам да, ішім бір жамандықты сезгендей…

Алып-ұшып, ауруханаға да жет­тім. Келіншегім жансақтау бөлі­мінде жатыр екен. Дәрігерлер де мені күтіп тұрғанға ұқсайды. Дереу халат беріп, «Ол тек сізді күтіп жатыр, сабырлы болыңыз» деді. Менің Мәриямымның қандай күйде жатқанын айтып жеткізе алмаймын. Ол әлі көз алдымда. Жанына жақындап, «Сен тәуір боласың. Біз әлі бірге боламыз. Мені кешір» дей бердім. Негізі оңайлықпен көзімнен жас шықпайтын. Еркек болған соң жіби бермейміз ғой. Бірақ сол сәтте мен көз жасымды тоқтата алмадым.

Мәриям маған қарады да, «Сені біраз күттім, тек енді ғана келдің ғой. Балалар өзіңе аманат. Сен де мені кешірші, кеш болса да…» деп көзін жұмды, сол жұмғаннан қайта ашпады, – деп көлік ішінде тағы көз  жасына ерік берді.

Мұндайда айтар сөз де та­былмай қалады екен. Жасын бір сүртіп, әңгімесін қайта жалғас­тырды.

– Алла жарыма 37 жыл ғана өмір сүруді нәсіп етіпті. Егер мен ке­шірімді ертерек сұрағанымда, екеуіміз отбасылық өмірдің қалға­нын бірге сүрер едік қой. Бойда­ғы ашуды жеңе алмағаныма, дер кезінде шешім қабылдай алма­ға­ныма өкінемін. Өмірде ең ауыры – жақыныңнан айырылу. Ал жақы­нымыз жанымыз­да жүргенде қаді­рін білмейміз. Ер адам тек жарының жанында ғана нағыз бақытты болатынын енді түсіндім. Ата-анаға, бауырға, ағайынға деген махаббат бөлек, ал өз жарың мен балаларыңа деген сезім басқаша болады. Кейде соны мойындағымыз келмейді.

Осы кезде екі балама барынша қамқор әке болып жүрмін. Мен енді олардан бөлек болмаймын, жылатпаймын.  Негізі адам баласы ренжіскен кезде ашуды жеңіп, уақытты көп созбай кешірім сұрап үйрену керек. Сонда бәрі жақсы болады. Басымнан өткен қасірет басқаға да сабақ болса екен деп айтып отырмын. Өйткені ертең не күтіп тұрғанын ешкім білмейді, – деді күрсініп.

Асланның осы әңгімесі ойдан кетпеді. Енді балаларымен бірге бақытты да ұзақ ғұмыр кешсе екен деп тіледім.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: