Қазіргі таңда Қазақстанда зейнетке шығу жасы ер адамдар үшін – 63 жас, әйелдер үшін – 61 жас болып белгіленген. Алайда кейбір азаматтар бұл жасқа жетпей-ақ зейнетке шығуға құқылы. Бұл туралы Massaget.kz тілшісіне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.
Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру басқармасының басшысы Әнел Шенееваның айтуынша, Әлеуметтік кодекске сәйкес, бес және одан да көп баланы туған әрі оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген аналар 53 жаста зейнетке шыға алады.
Сонымен қатар, Президенттің тапсырмасына сәйкес, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап, еңбек жағдайы зиянды өндірістерде жұмыс істейтін қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын арттыру мақсатында арнайы әлеуметтік төлемдер тағайындалады.
«Мұндай төлемді алу құқығына азаматтар 55 жасқа толғанда және кемінде жеті жыл бойы міндетті кәсіби зейнетақы жарналарын төлеген жағдайда ие болады. Осылайша, бұл санаттағы жұмысшылар зиянды еңбек жағдайларынан босап, зейнет жасына жеткенге дейін арнайы әлеуметтік төлем алуға құқылы», – деп түсіндірді Шенеева.
Бұдан бөлек, құқық қорғау органдарының қызметкерлері де еңбек өтілі бойынша ерте зейнетке шығу құқығына ие.
«Мұндай зейнетақыны тағайындауды әр қызметкердің ведомствосына байланысты тиісті мемлекеттік органдар жүзеге асырады», – деп толықтырды министрлік.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!