Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 20:41

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Кішкентай тұрғындардың бақыты үшін…

05.02.2022

1186 0

Балаға бақытты балалық шақ сыйлау әр ата-ананың арманы екені жасырын емес. Баласының жүзінен қуаныш пен шат күлкі көру әр анаға жылулық сыйласа, құлынының жеткен әр жетістігін әкесі мақтан тұтары анық. Көңіліне кірбің түсіп, қабағынан қар жауған баланы көрген шеше байғұс өзін қоярға жер таппай қалады. Бұл – ата-ана мен бала арасындағы махаббаттың шынайы көрінісі.

Бүгінгі күні балаға көңіл бөлу бәсеңдеп бара жатқаны анық. Ал өмірге келе сала айналасынан мейірімділік, сүйіспеншілік пен қорған күтетін балаға бұл ауырлық ететіні рас. Еліміздің тұтқасын ұстар болашақ ұрпақтың бүгінгі балалығы бақытты өтуі аса маңызды. Тәрбиенің тал бесігін көрмеген, жақсылықтың артынан ермеген баланың болашақта жақсы адам болуы қиын. Алайда бүгінгі қоғамда бала тәрбиесіне бей-жай қарайтын ата-ана, еркіндікті өз үлесіне пайдаланатын бала көбейді. Мемлекет басшысы бұл проблеманы аңғарса керек-ті. 2022 жыл «Балалар жылы» болып жарияланды. Осы орайда бұл жылы қандай өзгеріс керек деген сұрақты саралап көруді жөн көрдік.

ТӘРБИЕ КҮН ТӘРТІБІНЕН ТҮСПЕЙДІ

Ең бірінші мәселе – бала тәрбиесі. Расымен, бүгінгі қоғам қазақылықтан алыстап барады. Ал қазақ халқы тәрбиеге ерекше көңіл бөлген. Дегенмен жаңа заманда бала тәрбиесіне ден қоймадық десек артық айтқандық емес. Уақыт ағымынан алыстап қалмас үшін ата-ана жұмыс істеп, табыс табамын деп талпынып жүреді. Ал баласының тәрбиесін балабақшадағы мамандарға тапсырып қойған. Бірақ ол тәрбие ата-ананың, ақ жаулықты әженің берген тәрбиесіндей бола алмайтыны анық. Тіпті бесіктен белі шықпаған балаға смартфон беріп, видео арқылы тыныштандыру әдетке айналған. Алайда бұл ананың әлдиі мен бесік жырына жетпейтіні анық.

Сонымен қатар бүгінгі қоғамда баланы «таяқпен» тәрбиелеу де ден алып келеді. Әрине, бала «тәйт» көріп өсуі керек. Бірақ кейде физикалық тәрбиелеудің тым шектен шығып кететіні, өз баласын сау-тамтығын қалдырмай соққыға жыққан ата-аналар кездесіп жатады. Бұл ең алдымен баланың денсаулығына қауіп төндірсе, екіншіден психологиялық тұрғыда кері әсер етеді. Тән жарасы емделгенмен, жан жарасына шипа табу оңай дүние емес. Ал бала кезден таяқ жеп өскен адамның келешекте жүйке жүйесі нашар, қоғамға бір өкпесі бар болуы мүмкін. Міне, осының кесірінен адам суицидке жақын немесе қылмысқа бейім келуі әбден мүмкін. Тіпті депрессия, өзін қоғамнан тыс сезіну адамға психологиялық тұрғыда кері әсер етеді.

Мұның алдын алу үшін ең алдымен, әрине, ата-ана бала тәрбиесіне көп көңіл болып, көбірек тілдесуі керек. Кейде балаларға бірге отырып әңгімелескен, олармен қосылып ойын ойнау секілді әрекеттер жетіспей жатады. Бала ең алдымен жылулықты ата-анадан іздейтінін естен шығармау керек. Сонымен қатар баланың қоғамға бейімделуі, адамдармен қарым-қатынасы да ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Бұл турасында мектептегі мұғалімдер, психологтар көбірек жұмыс істеуі керек. Себебі бүгінгі қоғамда балалар арасында буллинг күшейіп барады. Баланы келеке қылу, ұрып-соғу немесе әдейі ашуландыру оған кері әсер етеді. Ал балалар мұны дұрыс түсінбеуі мүмкін. Осы тұста психолог мамандар мен ұстаздар қауымы көбірек көңіл бөлуі керек.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік қолдау және азаматтардың мүддесін қорғау мәселелеріне кеңінен тоқталды. Соның ішінде отбасы және бала институтын қолдау бойынша маңызды шаралар туралы айтылды. Әсіресе, Президент балалар қауіпсіздігі мен құқықтарының қорғалуы мәселесіне ерекше көңіл бөлінуі керектігін айтып өтті. Шынында да Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері кәмелетке толмағандарға қарсы 879 қылмыс тіркелді, оның 402-і жыныстық зорлық-зомбылықпен тікелей байланысты. Жыл сайын бұл сипаттағы қылмыстар саны өсіп келеді», – дейді Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Мәдина Бектенова.

ЮНИСЕФ мәліметінше, әлемде 150 миллион бала мектеп қабырғасында және одан тыс жерде құрдастары тарапынан зорлық көріп, қудалауға ұшырайды. Сарапшы маман арнайы зерттеулер көрсеткіштеріне сәйкес түрлі елдерде буллингтен балалар 19-30 процентке дейін зардап шегеді екен. «Қазақстандағы жағдай да мәз емес. ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы өткізген зерттеулерге сүйенсек, 11-15 жастағы жасөспірімдердің 17%-і мектепте айына бір немесе бірнеше рет буллинг құрбаны болған», – дейді сарапшы.

Кішкентай балалардың интернет желісіндегі қызығушылығы, әлеуметтік желідегі жазбалары мен тіркелген адамдарына да бақылау жасау маңызды. Себебі адам ойлап тапқан ең үлкен жетістіктің бірі – интернет кейде кері әсер етіп жатады. Бұған дейінгі мектеп оқушыларын суицидке итермелеуді мақсат тұтқан «ойындар» дәлел. Мәселен, 2019 жылы интернетті пайдаланатын 6 процент бала виртуалды зорлық-зомбылық оқиғаларына тап болған. Оңы мен солын дұрыс айыра алмайтын бала кейде алдау-арбауға еріп кетуі мүмкін. Сондықтан желідегі қызығушылығын саралау назардан тыс қалмауы керек. Мамандар ертерек қозғалып, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жоба жасап шығуы керек. Ал ата-ана жауапкершіліктен қашпай,

баласын бақылауда ұстағаны дұрыс. Бұл орайда қазіргі компьютер, смартфондарда «Ата-ана бақылауы» атты арнайы функция көмекке келеді.

БАЛА ҚҰҚЫҒЫ ТАПТАЛМАСЫН

Қазақстанда 5 жыл ішінде жетім балалар саны 6039 балаға, яғни 21 процентке азайған. 2015 жылы 29666 бала ата-ана қамқорлығынсыз деп танылса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 23627 баланы құраған. Жетімін жылатпаған қазақ халқы үшін бұл көрсеткіш жақсы емес. Өткен жылы қоғамның көп талқысына түскен, ата-ана құқығынан айыру туралы заң осы орайда біреудің көңілінен шықса, біреуге қажетсіз көрінді. Шетелде көп қолданылатын заңды кей қазақстандықтар біздің идеологиямызға қарсы деп үн қатты. Енді бірі бұл балалардың тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болуынан қорғайды деді. Дегенмен қоғамда екіұдай пікір тудырған бұл заң әлі де болса терең зерттеуді талап ететінін көрсетті.

Расымен, жетімдер үйін азайтуды көздеген қазаққа баланы тірі жетім ету қажет емесі айдан анық. Оның орнына жауапты сала мамандары ата-аналармен жұмыс істеп, баланы буллингтан қорғағаны дұрыс секілді.

Одан бөлек, бала құқығын қорғайтын орындар өз жұмысын ешқашан тоқтатпауы керек. Бізде Білім және ғылым министрлігінде «Балалардың құқықтарын қорғау» комитеті бар. Олар жыл сайын тұрақты негізде «Жасөспірім», «Бітіру кештері», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім-Заң-Қауіпсіздік», «Жұмыспен қамту» жедел-алдын алу іс-шараларын жүргізеді. Бұл өз кезегінде балалардың түнгі уақытта жалғыз жүруінің, бала еңбегін қанаудың алдын алады. Демек бұл жұмыстарды комитет күшейтпесе, тоқтатпауы керек. Мектептердегі ювеналды полиция мамандары да өз міндеттерін бұлжытпай атқарып, балаға қауіп төнбеуіне баса назар аударуы қажет.

«БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ» БӘСЕҢДЕП ТҰР

Ақпарат пен технология көз ілеспей дамыған қоғамда бала тұрмақ үлкендердің кітап оқып, әдебиет әлеміне бойлайтыны кемде-кем. Ертегі мен жырлардан гөрі телефон шұқылағанды қош көретін балалардың болашақта қандай болатынын белгісіз. Десе де қазақ халқы ерте кезден-ақ бесіктегі балаға тәлім-тәрбиесі мол ертегі мен жырларды тыңдатып өсіргенін естен шығармаған абзал.

Алайда балалар кітап оқымайды деуден бұрын балалар әдебиетінің бүгінгі ахуалын саралау керек. Қазақтың төл ертегілері кез келген баланы баурап алатыны сөзсіз. Бірақ қазіргі заманға сай жазылған әдеби дүниелер де керек-ақ. Бұл туралы сенатор Нұртөре Жүсіп Үкіметке ұсыныс тастап, мәселенің мәнісін айтты:

– Әдебиет – адам жанының айнасы. Балалар әдебиеті – ұлттық мәдениеттің негізін сақтаудың, ана тілінің байлығын арттырудың, сөйлеу мәдениетін қалыптастырудың ең қуатты механизмі. Балалар әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан классик жазушылардың көбісі өмірден өтті. Кезек – жас толқынға келді. Бауыржан Момышұлының «Ертегісіз өскен бала рухани мүгедек адам», – деген қанатты сөзі бар. Гүлге су құймаса, солып қалады. Өспейді. Балалар әдебиеті де сол гүл сияқты. Бұл салаға қомақты қаржы құйылмаса, ешкім жөндеп айналыспайды. Кембридж тәсілі бойынша, 1 сыныпқа келген оқушының сөздік қоры үш мың сөзге жетуі керек. Ата-анасы күні бойы жұмыста, сәби кезінде ертегі тыңдамаған, тақпақ жаттамаған балада сөздік қор қайдан болсын? Горькийдің «балалар жазушысы өзге жазушылардан да сапалы жазуы керек» дейтін сөзі бар. Кішкентайлар үшін шығарма жазу оңай емес. Ғалымдардың зерттеуіне қарағанда, әрбір он жылдықта дүниеге келген сәби, бала психологиясы бір-бірінен мүлдем алшақ болады екен. Баланың жанын түсінбей, жақсы туынды шықпайды. Шығатын кітаптардың ішінде балалар әдебиетінің үлес салмағы өте төмен. Таралымы да, сапалық жағы да көңіл көншітпейді. Кейбір авторлар кітаптарды өз қаражатына шығарады. Қазір әлемде полиграфия жақсы дамыған, дизайн мен графиканың уақыты. Қазақстандағы баспалар жұмысы халықаралық стандарттарға сай келмейді. Халықаралық тәжірибелерге сүйену керек. Шетелде автор, иллюстратор, баспагер, әдеби агент – тұтас шығармашылық топ күш біріктіреді. Бұл ретте бізге алысқа бармай-ақ, Ресей тәжірибесінен үйренуге болады, – деді депутат.

Осы орайда Н.Жүсіп бұл мәселеге қатысты бірнеше ұсыныс та айтты. Ең алдымен, тиісті бағдарламалар аясында балалар әдебиетін дамытуға арнайы қаржы бөлуді ұсынды: «Балаларға арналған кітаптарды басып шығаруға жеңілдік беру үшін қосылған құн салығынан босату қажет. Ұлттық мультфильмдер шығару ісінде жекеменшік компанияларды қаржылай қолдау тетіктерін қарастыру маңызды. Жергілікті әкімдіктер тарапынан кітапханаларда «Балалар әдебиеті» бөлімін жасап, жаңа кітаптармен толықтырса дейміз. Жасөспірімдердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін электронды кітаптарды енгізу қажет. Мұндай кітаптар қолдануға өте тиімді, барынша ыңғайлы, қазіргі заман талабына сай болғаны жөн. Сондықтан Үкімет қазақ балалар әдебиетін дамытудың кешенді бағдарламасын жасап, аталған шараларды қолға алуы керек деп есептейміз», – деді ол.

Бүгінгі қоғамда бұл мәселе шынымен өзекті. Тәлім-тәрбиесі жоқ, пайдасы аз дүниелерді көрумен уақыт өткізгеннен гөрі ұлағаты мол, тарихи, ұлттық дүниелермен сусындағаны дұрысырақ. Бұл мәселе Үкіметтің назарынан тыс қалмай, алдағы уақытта балаларға арналған бағдарлама жасалып, құнды дүниелер жарық көретініне сенім мол.

БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫ БАСТЫ НАЗАРДА БОЛУ КЕРЕК

Келешектің тұтқасын ұстайтын – бүгінгі балалар. Бүгінде ерте жастан пайда болатын аурулар саны күннен күнге артып келеді. Қоршаған ортаның әсерінен, тамақтардағы зиянды қоспалардың кесірінен балалардың аурушаңдығы артты. Бұл орайда медицинаның күші артып, балалар ауруын бәсеңдету маңызды. Мамандарды арнайы шетелде оқытып, отандық медицинаға жаңалық алып келуіне ықпал етілуі тиіс. Себебі көптеген ауруды, соның ішінде балалар ауруын қазақстандықтар шетелде және қымбат қаражатқа емдетуге мәжбүр. Бұл, әрине, бір сәтте шешілетін мәселе емес. Дегенмен назардан тыс қалдыруға да болмайды.

Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша әлемде әрбір 500-ші сәби мен әр 200-ші жасөспірім қант диабетімен ауырады екен. Аутоиммунды аурулардың қатарына жататын қант диабетіне шалдыққан балалардың қатары ДДҰ сарапшылары айтқандай, Қазақстанда да аз емес. Аурудың көбеюіне бірнеше себеп бар. Ең бірінші тұқым қуалаушылық әсер етсе, екіншіден сәби шақтағы аурушаңдығы, инфекциялық ауруларды жиі жұқтырып, әлсіреген баланың ауруға қарсы тұрар иммунитеті әлсіреуінен ұйқы безінің жұмысы дағдарып, инсулин бөлінуінің біраздан соң тоқтап қалуы себеп. Одан бөлек бұл аурудың пайда болуына экология да әсер етуі мүмкін.

Соңғы уақытта балалар арасында, тіпті жаңа туған сәбиде бассүйек қысымы пайда болған. «Негізі, бассүйек қысымы деген қалыпты жағдай. Кез келген адамның миында белгілі бір мөлшерде су болады. Қарапайым тілмен айтқанда, ол су миды суарып, қоректендіріп тұрады. Бірақ кейбір балалардың миында анатомиялық патология болады. Яғни сол су жүретін жолдары, тары-лып қалады. Тәулігіне бір циркуляция жасап айналып тұратын су негізінен қаннан пайда болады. Ал мидағы судың жүретін жолдары жабылған соң, мидың қысымы көтеріледі. Мұндай жағдайда медицинада гидроцефилия деген диагноз қойылады. Бұл сәбидің бас сүйегінде ми сұйықтығының мөлшерден тыс жиналуы деген мағынаны білдіреді», – дейді жоғары категориялы балалар невропотологы Айжан Жантасова.

Дертке дер кезінде ем қабылдамаса, көздің көру қабілеті де нашарлайды және бала қимыл-қозғалыссыз қалып, мүгедектікке ұшырауы мүмкін екен. Сондықтан бала мазасызданып жылай берсе, қалтырап-дірілдесе, тырысқақ ұстайтын болса, бірден дәрігерге қаратып, емін толық алған жөн.

Айта кетерлік жайт, Денсаулық сақтау министрлігі биыл құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорының қаражатынан орфандық аурулары бар балаларды емдеуге арналған болжамды шығындардың есебі мен дәрілік заттардың тізбесі бойынша ұсыныстар енгізбек. Балалардың денсаулығын сақтау саласында сирек (орфандық) және ауыр аурулары бар балаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету неғұрлым өзекті болып саналады.

– Әлемдегі ешбір ел өте жоғары шығындарды ескере отырып, барлық орфандық ауруларды толық қаржыландырмайды. Сондықтан да қорды құру орфандық аурулармен ауыратын науқастар үшін қымбат тұратын медициналық қызметтер мен дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді, – деді денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Одан бөлек, бүгінде балалар арасында «трендке» айналатын ойыншық саны көп. Олардың дені шетелде жасалады. Оның үстіне зиянды заттардан жасалатыны тағы бар. Сондықтан ойыншықтардың бақылауда болуы, зиянды заттардың бала қолына түспеуіне қаперден шығармау маңызды. Бала тағамдарының да қауіпсіздігі де аса маңызды. Әр тағамның зертханалық тексерістен өтуі қауіптің алдын алады.

P.S.

Бала – біздің болашағымыз. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ұғымды алға тартып, 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Бал-бөбек балғындарға арнаған жыл қаңтар қасіретімен басталса да алдағы уақытта ашық аспан астында балаларға бақытты балалық шақ сыйлайтынымыз айдан анық. Атаулы жылға орай біраз мәселенің шешімін тауып, бала игілігі үшін жасалған игі істер сенім мол. Осы орайда бұл тақырыпқа тереңірек бойлап, алдағы уақытта балаларға қатысты мәселелерді кеңінен тарқатып жазатын боламыз. Бастысы – балғындарымыздың балалық шағы бақытқа толы болсын. Біз осы үшін барымызды салуымыз қажет.

А.НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: