Қызылорда облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында көлік саласында бірқатар нәтижелерге қол жеткізді. Автомобиль, теміржол және су көліктерін бақылау бағытында заң бұзушылықтар анықталып, айыппұлдар өндірілді, сонымен бірге заңсыз тасымалдаумен күрес күшейтілді. Сондай-ақ, көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру бойынша жүйелі шаралар атқарылды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Бақытжан Бекмұратов мәлімдеді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін көлік саласының маңыздылығына ерекше тоқталған болатын. Осы орайда, Қызылорда облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы заңдылықты қамтамасыз ету, азаматтардың қауіпсіздігін қорғау, сондай-ақ мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдерді толық әрі уақытылы орындау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында инспекция мамандары көлік саласының үш бағыты – автомобиль, теміржол және су көлігін бақылау жұмыстарын атқарды. Автомобиль жолдарының ұзындығы облыс бойынша 3418 шақырымды құрайды. Бұл жолдарда біздің 12 маман екі жылжымалы көліктік бақылау бекеті арқылы тәулік сайын тексерулер жүргізіп келеді. Алты айда 422 құқық бұзушылық анықталып, 23,6 миллион теңге айыппұл салынды. Сонымен бірге, автокөлік құралдарының жүріп өтуіне байланысты алым жоспары 26 пайызға артығымен орындалып, республикалық бюджетке 212 миллион теңгеден астам қаражат түсті. Бұл – тек облыс үшін ғана емес, тұтас ел экономикасы үшін маңызды көрсеткіш. Жүк тасымалы саласында да нақты жұмыстар атқарылды. Шиелі мен Жаңақорған аудандарында тас тасымалдаушыларға қатысты 297 әкімшілік іс қозғалды, оның ішінде артық салмақпен жүру деректеріне байланысты 57 іс бойынша жауапкершілікке тарту шаралары қабылданды. Алдағы уақытта Самара–Шымкент тас жолының Бірқазан елді мекені маңына автоматтандырылған өлшеу станциясын орнату жоспарланып отыр. Бұл заманауи құрал көліктердің артық салмақпен қозғалысын автоматты түрде тіркеп, заң бұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жолаушыларды заңсыз тасымалдаумен күрес ерекше назарда тұр. Жергілікті полиция қызметі, әкімдік, кірістер департаменті және өзге де мемлекеттік органдармен бірлескен «Заңсыз тасымалдаушы» акциясы тұрақты түрде өткізілді. Осы іс-шара барысында 90-нан астам көлік тексеріліп, 16 тасымалдаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жолаушыларды лицензиясыз тасымалдаған фактілер бойынша әкімшілік сот шешімдері шығарылып, айыппұлдар салынды. Бұл жұмыстар заңсыз қызметтің азаюына ықпал етуде. Техникалық байқау орталықтарының жұмысына да бақылау күшейтілді. Облыста 43 орталық тіркелген, қазіргі таңда 44 стационарлық және 9 мобильді желі қызмет көрсетуде. Су көлігі саласында 1300-ден астам шағын көлемді кеме тіркелген. Биылғы жарты жылда 79 кеме тексеріліп, 34 құқық бұзушыға айыппұл салынды. Әсіресе Арал және Қазалы аудандарында балық аулау мақсатында пайдаланылатын кемелердің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта төтенше жағдайлар департаментімен бірлескен бақылау және түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы да бақылауда. 2025 жылдың алты айында көлік саласы бойынша 3229 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде кейбір өтінімдердің кері қайтарылуына құжаттардың толық болмауы немесе төлемнің жасалмауы себеп болды. Бүгінде барлық қызмет түрлері электронды форматта көрсетіледі, бұл ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Қорыта айтқанда, Қызылорда облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы заңдылықты сақтау, көлік қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және халыққа сапалы қызмет көрсету бағытында жоспарлы әрі нәтижелі жұмыстарды жалғастырып келеді. Алдағы уақытта да бұл жұмыстарды күшейтіп, көлік саласының тұрақты дамуына барынша үлес қосатын боламыз, – деді Бақытжан Алтынбекұлы.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!