Бір көршіңіз кіре беріс есігінің алдына қоқысын шығарып қойған, ал басқасы бесік арбалардан қойма жасап қойды ма? Біреу үнемі подъездте темекі шегеді, ал үстіңізде тұратын көрші қонақ шақырып, түн ортасына дейін шулайды ма? Бұл жағдайлардың барлығы әкімшілік құқық бұзушылықтар болып саналады. Заңгер Данияр Байғабатов көпқабатты үйде тұрып, не нәрселерге айыппұл алуыңыз мүмкін екенін анықтады, – деп хабарлайды Massaget.kz .
Есік алдына қоқыс қойып қою жиі көршілердің бір-бірлерімен сөзге келуіне себепші болады. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде «Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау» деп аталатын 434-2-бап бар. Айыппұл – 5 МРП (18 460 теңге) немесе қайталанған жағдайда 10 МРП (36 920 теңге).
Бесік арба, шана және басқа да жеке заттардан қойма жасауға тыйым салынған. Ол өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзады. Ол үшін алдымен ескерту беріледі, содан соң физикалық тұлғаларға 5 МРП (18 460 теңге) немесе қайталанған жағдайда 10 МРП (36 920 теңге) айыппұл салынады. Заңгердің айтуынша, егер баспалдақ айналасы және алаңшалар пәтер иелерінің жеке заттарымен толып тұрса және соның салдарынан өрт шықса, онда физикалық тұлғаларға 10 МРП (36 920 теңге) мөлшеріндегі айыппұл ретінде жауапкершілік қарастырылған.
Подъездте, баспалдақта және подъезд балконында темекі тарту Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 441-бабы бойынша тыйым салынған. Ол үшін 15 МРП (55 380 теңге), қайталанған жағдайда – 20 МРП (73 840 теңге) айыппұл салынады.
Құрылыс және басқа ірігабаритті қоқысты тұрмыстық қоқыс тастайтын жерге тастауға болмайды. Бұл Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 336-бабына сай қалдықтарды жинап қою немесе жағу кезiнде атмосфералық ауаны қорғау және өрт қауiпсiздiгi жөнiндегi талаптарды сақтамау деп қарастырылады. Айыппұл – 20 МРП (73 840 теңге). Мұндай қоқыс түрін шығаруға сонымен айналысатын компанияны шақыру керек.
Тыныштықты бұзу да – айыппұл салуға себеп. Бірақ бұл кезде нақты уақыт аралығы ескеріледі. Заңнамадағы өзгерістерден соң жұмыс күндері сағат 22:00-9:00 арасында, ал мерекелік және демалыс күндері сағат 23:00-ден 10:00-ге дейін шулауға болмайды. Бұл жағдайда физикалық тұлғаларға 5 МРП (18 460 теңге) мөлшеріндегі айыппұл немесе қайталанған жағдайда екі есе көбірек айыппұл қарастырылған.
Бұл жағдайлардың әрқайсысында полицияға хабарлау керек. Бірақ сізде фото және видео түріндегі дәлел болуы керек. Мысалы, егер сізге көршілеріңіз ұйықтауға кедергі жасап жатса, өз пәтеріңізден видеоролик түсіріп алыңыз: онда шудың естіліп тұрғаны жақсы және сол күннің датасын, уақытын және мекенжайын айтыңыз. Ал істі ары қарай құқық қорғау органдары қарайды. Алайда бұл жағымсыздықты сөйлесу арқылы да шешуге болатын болуы әбден мүмкін. Себебі көршімен қарым-қатынасыңыз жақсы болғаны дұрыс. Халық арасында «алыстағы ағайыннан, жаныңдағы көршің артық» деген жақсы сөз бар. Бірақ көршіңіз ескертуіңізге құлақ аспаса және мұндай жағдайлар қайталана берсе, бұл шаруаны шешуді полицияға тапсырыңыз.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!