Бейсенбі, 20 наурыз, 00:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№20,2133
18.03.2025
PDF мұрағаты

«Көш, Қайрақан, көш десіп»…

19.03.2025

187 0

Наурызнама бойынша бүгін – жаңару күні. Наурыздың өзі «жаңа күн», «жаңа жыл» деген мағынаны білдірсе, жаңару күнінің мәні зор. Жалпы Наурыз мерекесі жаңару, тазару сөзімен үндесіп жатыр. Наурыз мерекесіне елдің есік алдын тазартып, ағаш егіп, үй жинауы, бекер емес. Бұл жаңа жылға ескіден арылып, жаңарып, тазарып жетейік дегенді білдіреді екен.

Бұл көшпенді елдің Наурыз мерекесінде жасалатын салт-дәстүрі десек те болады. Мұхтар Әуезов бастаған бір топ ғалымдар жазған «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты кітапта Наурыз мерекесін жаңа үміт, жаңа тіршілік деп есептейтіні жазылған. Сонымен қатар халықтың Наурыз мерекесі қарсаңында айналасын тазартып, отпен аластап, ескіден арылуға ұмтылатыны – жаңа күннен жақсылық, жаңа үміт күткен ниеттен туғаны белгілі. Кітаптан үзінді келтірсек: «Ертеде мал бағып, күн көрген халықтың барлық тіршілігінің қожасы ауа райы болған, оның амандығы, тоқтығы, қуанышы осының бәрі ауа райына байланысты болған. Алты ай бойы қабағын түйіп, әлденеге соғары белгісіз болып келген қыс өтіп, күн райы түзелген күндерде халық мейлінше қуанған. Қыс қысылшаңынан құтылғанда, мал аман шыққанға қуанады. Жаңа жыл жаңалық күні. Ескі ауыртпалықтың, қырсықтың бәрі қыспен бірге кетіп, енді жаңа тіршілік, жаңа үміт, жаңа тілек есігі ашылған күн деп есептейтін», – деп жазады.
Сондай-ақ Наурыз күні айтылатын тілек те, өлең де, бата да өзгеше болған екен. Ғалымдар Наурыз күні айтылатын өлең жырлардың бізге толық жетпегенін айтады. Дегенмен «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» деген ең ізгі тілектер Наурыз мерекесімен бірге жасап келе жатыр. Тағы да «Қазақ әдебиет тарихынан» үзінді келтірейік:
Ұлыстың ұлы күні не істелсе, барлығы да арнау өлеңмен, жыр, тақпақ мақал жөнімен айтылатын арнаулы тілекпен ерекше ырыммен істелген. Бұрынғылардың ұлыстың ұлы күніне арналған ерекше амандасуы, ерекше көрісуі, ерекше батасы болған. Бірақ олардың көбі мейрамның нағыз өзіне арналған өлең жырлар бізге жеткен жоқ. Бізде бары солардың кейбіреулері ғана. Мысалы, «Ұлыстың ұлы күні» адам бір-бірімен ұшырағанда мынадай сөздер айтып, құшақтасып көріскен. «Амансыз ба? Ұлыс оң болсын! Төрт түлік ақты болсын! Ұлыс береке берсін, бәле-жала жерге енсін.
Көпшілік аузындағы мына өлеңдерде ұлыстың ұлы күні халықтың істейтін ырымы, кәдесі, тілейтін тілегі – бәрі өте айқын танылады.
Ұлыс күні кәрі-жас
Құшақтасып көріскен.
Жаңа ағытқан қозыдай
Жамырасып өріскен.
Шалдар бата беріскен,
Сақтай гөр деп терістен.
Кел, таза бақ, кел десіп,
Ием тілек бер десіп,
Көш, Қайрақан, көш десіп,
Көз көрместей, өш десіп…
Ұлыстың ұлы күнін ырым етіп, соған қарап болашақты болжайтын болған. Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар, Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жолы болар», – деп жазады.
Ғалымдардың айтуынша, Қайрақан жамандықтың иесі саналған мифтік бейне. Жаңа күнге қадам басқан халық жамандықты аластап, айналаны тазартып, ескіден арылып, жаңаруға ұмтылады екен. Бала күнімізде анамыздың қай ыдысты шайса да, бісмілләсін айтып, «қәтірән, қәтірән» деуі ата-бабамыздың «көш, Қайрақан» дегені уақыт өте өзгеріске ұшырап жетсе керек. Тазалыққа, жаңаруға ерекше мән берген Наурыз мерекесі жақсылығымен келгей! Жаңару күні құтты болсын!

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: