Бейсенбі, 21 қараша, 15:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Кондуктор оқушылар немесе қоғамдық көліктегі «онлайн» оқу

10.11.2020

649 0

         Бүгінде қоғамдық көлікке міне қалсаңыз, кондуктор болып жүрген кәмелет жасына толмаған балаларды кездестіресіз. Әсіресе шет аймаққа қатынайтын жеке қоғамдық көліктерде кондуктор оқушының саны басым. Тіпті кейбірінің жасы 13-ке де толмаған. Алғашында көпшілік аялдаманың атауын айтуға даусы жетпей қарлығатын жасөспірімді көргенде көпшілік аяушылық білдіретін. Ерсі көрінгенімен, уақыт өте халық та бұл жағдайға таңырқауды қойған секілді. Қазір көрсек те көрмегендей, білсек те білмегендей кейіп танытамыз. Ара тұра үлкендердің ескертуі болмаса, одан асып шара қолданып, тексеріс жүргізген құзырлы орган жоқтың қасы. Жазғы демалыс уақытында тоқтау болмаған мұндай келеңсіздік, онлайн оқу кезінде де тыйылмай отыр. Баланың оқуға жұмсайтын қайратын қаржы жұтып, талабын табыс көмескілеген тірлікке тоқтау салуға неге құлшынбаймыз?

Баланы қамсыз өсіру – ата-ана парызы. Мамандық игеріп, өмірді танығанша бар жауапкершілік те әке-шешеге жүктеледі. Себебі жасөспірім бала еліктегіш, сыңаржақ ойдың жетегінде кетуге бейім. Өтпелі кезеңнің «әлегі» де біраз әбігерге салатыны тағы бар. Қоғамдық көлікте таңнан кешке дейін жүрген бала жан-жағындағы ересек адамдардың іс-қимылын, сөз қолданысын үлгі етіп, қайталайтыны анық. Сондықтан қалыптасу кезеңінде көпшілікпен жұмыс жүргізу бала психологиясына кері әсерін беретіні айдан анық. Қарсы тарап қоғамға сіңісу, ортамен байланыс үшін бұл жұмыстың зияны жоқ деп санауы мүмкін. Алайда қоғамдық көліктегі жүргіншінің мәдени деңгейі, әдеп-ұстанымы бірдей бола бермейтінін ескеру қажет секілді.

Халық көп қатынайтын аялдамадан бірнеше қоғамдық көлікті барлау мүмкіндік туды. Әсіресе, №28, 7, 6 секілді бағыттағы қоғамдық көлікте жасөспірім кондукторлар көп кезікті. Бірнешеуіне мініп, жолаушы кейіпте баланы сөзге тарттық. Әңгіме жұмысқа таяған сәтте бәрі бойларын аулақ салып, ашыла сөйлемеуге тырысады. Тек Айбол (есімі өзгертілді) есімді оқушы ғана неліктен жұмысқа шыққанын бүкпесіз баяндады.

– Ата-анам жұмыс істемейді. Үйге қаржы тек осы машина арқылы келеді. Әкем 6 жыл қоғамдық көлік айдап, 4-5 кондуктор ауыстырды. Кондуктор болған адам күніне 3 мың алады. Оған қоса «левый» жұмыс істеп, табыстың бір бөлігін алып қалатын кездері болды. Сондықтан келген қаржы толық үйге бару үшін әкем көлік жүргізуші, мен кондуктор болып жұмыс істеймін, – деді.

Өзінің айтуынша, «қала орталығындағы» мектепте 8 сынып оқиды екен. «Сабаққа үлгеру қиын емес пе?» деген сауалға:

– Мұғалімнен тапсырма алып, уақытылы орындап отырамын. Түскі үзіліс кезінде үйге қайтқан сәтте немесе жұмыс аяқталғасын тапсырманы орындап жіберемін. Сабақ үлгерімімде ешқандай мәселе жоқ, – деді жасөспірім.

Бұдан арғы әңгіменің жөнін жанындағы әкесінің қатулы қабағы тыйып тастағандай болды ма, әйтеуір, қалған сұраққа жауапты келте қайырды. Зиян келтірмеу ниетімен бұдан арғысын қазбаламай, келген аялдамадан түсіп қалдық.

Шынында, баланың барлығы бұл жұмысқа қызыққаннан көнбейді, амалсыздан барады. Мұның өзі отбасының жүгін бірлесе көтерген баланың ерте есейгенін көрсететіндей. Алайда оқудың жөні бөлек. Қатарластарынан қалмай, оқу бағдарламасын игеруге тыңғылықты дайындық пен жүйелі ізденіс керек. Таңнан кешке дейін жұмысбасты болған балада нендей білім болсын?!

– Баланың еңбекке ерте араласуына қарсы емеспін. Өзімнің кенже ұлым да 17 жасынан жұмыс істеп, тіршілікке араласты. Жұмыс оқушының болашақ мамандығына сәйкес болып, өміріне кері әсерін тигізбеуі қажет. Өзі қызыққан кәсіп болса, ширай түсуіне жақсы ғой. Алайда кейбір бала отбасы қиындығын бөлісемін деп ауыр жұмыс істеуге мәжбүр. Сол жағы қынжылтады. Ал кондуктор оқушыларды күнде көреміз. Қазір қашықтан оқу деп тым еркінсіп кетті. Қадағалайтын мұғалім, тексеріп жүрген тиісті мекеме маманы жоқ, – деді қала тұрғыны Айнагүл Оразахметқызы.

Бұл сөз баланың жұмыс істеуге хақысы жоқ дегенді білдірмейді. Жоғары сынып оқушысы жазғы демалыс кезінде немесе сабақтан тыс уақытта қосымша табыс табуына толық мүмкіндігі бар. Заң да кеңдік етеді. Тек қажетті талап сақталса болған. Мәселен, он төрт жастан он алты жасқа дейінгі балалар аптасына 24 сағаттан аспайтын уақыт, ал он алтыдан он сегіз жасқа дейінгі жасөспірімдер аптасына 36 сағаттан аспайтын мерзімде жұмыс істеуге құқығы бар. Оған ҚР Еңбек кодексі дәлел. Алайда түнгі уақытта, ауыр жұмыс істеуге, еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстарды атқаруға, толық материалдық жауапкершілікті жүктеуге, қызмет уақытынан тыс мерзімде жұмыс істеуге тыйым салынатыны туралы қатаң ескертілген.

Ал ұстаздардың уәжі:баланы онлайн сабақта толық бақылау мүмкін емес. Баланы бақылау, жол сілтеу ата-анаға тікелей қатысты деген пікірде:

– Оқушы берілген тапсырмамен танысып, белгіленген уақытта жіберсе болғаны, үйдегі жауапкершілік ата-ана мойнында. Көзбе-көз алдыңда отырған шәкіртке тәлім-тәрбие беру мен қашықтан білім берудің айырмашылығы бар. Бала үнемі байланысқа шыға бермейді. Қадағалау барысында ұялы байланыстың нашарлығы мен құрылғының жоқтығын сылтау ететін оқушылар әлі бар, – дейді мұғалім Айткүл Якудаева.

Бүгінде шаһардағы 55 білім ошағында 66597 оқушы бар. Білім бөлімі мамандары мен ұстаздарға шәкірттің барлығын толық қадағалуға мүмкін емесі анық. Сондықтан ата-ана жауапкершілігінің маңызы зор. Әрине, әрбір ата-ана баланың бақытты өмір сүргенін қалайды. Ешбірі жетіскеннен жұмыс істетіп, еріккеннен кәсіп қудырмасы белгілі. Алайда білім-ғылыммен ғана алға ұмтылуға, жетістікке жетуге болатын заманда баланы көштен қалдырып, оқуға баулымау ұрпағының келешегіне балта шабумен пара-пар екенін ұмытпаған жөн.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: