Бүгін «Мұстафа Шоқай мұраларын зерттеудің өзекті мәселелері: тарих, таным және тағылым» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысушылар Қызылорда қаласының тарихи және мәдени орындарымен танысты.
Қонақтар қатарында Түркияның Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдіуақап Қара, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Тарих институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Раджабов Қаһромон және Әзербайжан ҰҒА Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Гюллю Йологлу, сонымен қатар, шоқайтанушы ақын, Қазақстан Жазушылар оддағы Басқарма Төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов, филология ғылымының кандидаты, доцент Төрәлі Қыдыр, Қазақстан Жазушылар одағы Балалар мен жасөспірімдер әдеби жанрлық кеңесінің төрағасы Тоқтарбай Елдос бар.


Сапар барысында меймандар Қызылорда қаласының көрікті жерлерімен танысты. Олар алдымен қаланың орталығында орнатылған Қобыланды батыр ескерткішін тамашалап, қазақ батырының тарихымен жақынырақ танысты. Сондай-ақ, 100 жылдық тарихы бар, қайта жаңғыртудан өткен теміржол вокзалын көрді. Сондай-ақ қонақтар «Анаға тағзым» орталығына барып, елдің мәдени және рухани мұрасымен терең танысу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, қонақтар «Аль-Асад» сауда үйінің қабырғасына орнатылған Мұстафа Шоқайға арналған ескерткіш тақтаны көріп, оның тарихи маңызы туралы мәлімет алды. Бұл ғимаратта 1899–1902 жылдары жас Алаш арысы білім алғаны белгілі. Сапар соңында меймандар облыстық тарихи-өлкетану музейіне барып, өңірдің бай мәдени мұрасымен және Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қызметіне қатысты құнды жәдігерлермен танысты.
Айта кету керек, ертең осы тақырып аясында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция Студенттер сарайында өтеді.


Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!