Қызылорда қаласы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан. Сондықтан жыл сайын эпидемиологиялық маусымда аурудың алдын алу, залалсыздандыру жұмыстары күшейтіледі. Бүгінгі ақпарат алаңында жауапты сала мамандары Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы жүргізіліп жатқан негізгі шаралар туралы баяндады.
– Өткен жылы алғашқы диагнозбен КҚГҚ-ның 6 жағдайы тіркелді. Оның 3 жағдайы клиникалық және зертханалық тұрғыда расталды. Биыл эпидемиялық мерзім басталғалы кенеден зардап шегіп, медициналық көмекке 45 адам жүгінді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 40 пайызға жоғары, – деді Қызылорда қалалық санитариялық – эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бейбіт Бидаш.
Қолайсыз аймақтардың санитариялық-қорғаныш белдеулерінде, буферлік аймақтарды құру және ауылшаруашылығы мал бастары мен олардың қора-жайларында көктемгі кенеге қарсы дезинсекция жұмыстарының 1-ші кезеңі 9-21 сәуір аралығында, 2-ші кезеңі 18-30 сәуір аралығында бір мезетте жүргізіледі.
– Жалпы, қала бойынша Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан 8 елдімекен қолайсыз деп танылды. Дегенмен, ол өткен жылмен салыстырған 4 елдімекенге азайған. Сәйкесінше көктемгі эпидмаусымда кенелерге қарсы залалсыздандыру жұмыстары 407 гектар аумаққа жүргізіледі, – деді ҚР ДСМ СЭБК «Ұлттық сараптама орталығы» Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Фарида Ыдырысқызы.
Айта кету керек, инфекцияны жұқтыру көп жағдайда кене шағумен, мал күтімімен, ауыл шаруашылық жануарларын союмен, науқасқа күтім жасаумен байланысты болады. Сондықтан далалық аймақтарда жүргенде барынша сақтанған абзал. Кене малдың үстінде болатындығын ескере отырып, малды алдын ала кенеге қарсы егіп, қораларда кенеге қарсы улау жұмыстарын жүргізу керек және мал күтімімен айналысуда бөлек арнайы киім кию қажет.
– Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына күдікті немесе науқас анықталысымен инфекциялық төсекке оқшауландырылып, шұғыл індетке қарсы іс-шаралар жүргізіледі. Қазіргі таңда аурухана бойынша 40 инфекциялық станционар дайын, 32 төсектік провизор орындар жабдықталған, – деді облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Шарипа Жақсылыққызы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!