Дүйсенбі, 25 тамыз, 21:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№63,2176
23.08.2025
PDF мұрағаты

Конституция – жас ұрпаққа берілген құқықтық мұра

18.08.2025

98 0

2025 жылы Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толып отыр. Бұл – тарихи кезең. Тәуелсіз еліміздің ең басты заңы болып табылатын Конституция – Қазақстан халқының ерік-жігерінен туындаған, мемлекетіміздің іргетасын қалаған негізгі құжат.

30 жыл бұрын қабылданған Негізгі Заң еліміздің қоғамдық-саяси құрылымын бекітіп қана қойған жоқ, сонымен қатар әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепіліне айналды. Ол – тұрақтылықтың, бейбіт өмір мен дамудың берік негізі.

Жас буын – еліміздің болашағы. Ал құқықтық мәдениеті жоғары, заңға құрметпен қарайтын жас – Тәуелсіз Қазақстанның тірегі. Конституция – сол жас ұрпақтың ертеңіне жол ашып, білім алып, еркін еңбек етіп, өз пікірін айтуға толық мүмкіндік беретін құқықтық негіз.

Сот жүйесінде еңбек етіп жүрген маман ретінде айтарым: Конституция – тек заңгерлерге арналған ресми құжат емес. Ол – барша халыққа ортақ құндылық, әрбір қазақстандықтың өміріне тікелей қатысы бар маңызды ереже. Біздің елімізде әр азаматтың сот арқылы өз құқығын қорғауға құқығы бар. Бұл – Конституцияда нақты жазылған және сот билігі осы бапты іс жүзінде жүзеге асырып келеді.

Сот ісін жүргізу барысында жиі байқайтын жайт – жастар арасында құқықтық сауаттылықтың маңызы артып келеді. Олар өз құқықтарын жақсы біледі, заңға жүгіне біледі, әділеттілікке ұмтылады. Бұл – Тәуелсіз елдің ұрпағы екендігінің айқын дәлелі. Мұның түп тамыры — Конституцияда қаланған.

Ата Заңымызда бекітілген демократиялық қағидаттар, азаматтардың теңдігі, заң алдындағы жауапкершілік, бостандық пен құқықтар – барлығы да қазіргі заманның талаптарына сай келеді. Әлемде саяси тұрақсыздық, дағдарыстар орын алып жатқанда, Қазақстан Конституциясының мызғымай тұруы – үлкен жетістік және ұлт ретінде ұйысуымыздың белгісі.

Мерейлі 30 жыл – тек өткен жолға көз жүгірту ғана емес, алдағы даму бағытымызды айқындайтын маңызды кезең. Еліміз Конституцияны басшылыққа ала отырып, жаңғыру жолында биік белестерге жетіп келеді. Осы жолда әрбір жастың жауапкершілігі зор. Заңды құрметтеу, құқықты сақтау, әділдікке ұмтылу – бұл тек заң талаптары ғана емес, еліне адал қызмет етемін деген жас ұрпақтың борышы.

Қорыта айтқанда, Конституция – біздің ортақ игілігіміз, баға жетпес байлығымыз. Ал оны құрметтеу – әр азаматтың, әсіресе жас буынның қасиетті парызы. Ел боламыз десек – заңды қадірлейік. Тұрақтылық пен бірліктің, әділдік пен еркіндіктің кепілі болған Конституцияның рухына адал болу – ұлтқа қызмет етудің биік үлгісі.

Ж. Мұғжапбарова,

Қызылорда қалалық сотының іс қағаздарын жүргізуші инспекторы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: