Конституцияға 30 жыл толуы – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі. 1995 жылы бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған Ата заң үш онжылдық бойы елдің тұрақтылығы мен дамуының берік негізіне айналды. Конституция мемлекеттің саяси жүйесін айқындап, билік тармақтарының өкілеттіктерін нақты бөліп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын заң жүзінде бекітті.
Ата заңның қабылдануы елдегі қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға ықпал етті. Конституциядағы адамды мемлекет құндылығы ретінде тану қағидасы қоғамдағы әділдік пен теңдік принциптерін қалыптастырды. Әрбір азаматтың сөз сөйлеу бостандығы, ар-намысы мен жеке өмірінің қорғалуы, білім алу және еңбек ету сияқты құқықтары осы құжатпен белгіленді. Соның нәтижесінде Қазақстан құқықтық мемлекет ретінде қалыптасу жолында берік қадам жасады.
Өткен 30 жыл ішінде Конституция қоғамдағы өзгерістерге сәйкес бірнеше рет жаңартылды. Бұл түзетулер мемлекеттік басқаруды жетілдіруге, билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға, Парламенттің өкілеттігін кеңейтуге және халықтың басқару процесіне қатысуын арттыруға бағытталды. Соңғы реформалар елімізде әділетті әрі ашық саясат жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.
Конституция бүгінгі таңда да өз маңызын жоғалтқан жоқ. Ол адам құқықтарын қорғаудың, мемлекеттік тұрақтылықты сақтаудың, еліміздің әлемдік қауымдастықтағы беделін нығайтудың басты кепілі болып табылады. Қазақстанда қалыптасқан тыныштық, ұлтаралық келісім, қоғамдық татулық – Ата заңның нормалары мен қағидаттарының нақты нәтижесі.
Қазіргі кезеңде ел ауқымды реформалар жүргізіп, жаңа даму бағытына бет бұрып отыр. Бұл жолда Конституция стратегиялық бағдар рөлін атқарып, мемлекеттің жаңаруына негіз болып келеді. Әділетті қоғам құру, азаматтардың әл-ауқатын арттыру, мемлекеттік институттардың тиімділігін күшейту сияқты мақсаттардың барлығы Ата заңда бекітілген қағидалармен тығыз байланысты.
Конституцияға 30 жыл – бұл өткенге баға беріп қана қоймай, болашаққа бағыт жасайтын кезең. Ата заңымыз елдің бірлігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін, қоғам дамуының берік іргесін қалыптастыратын құжат болып қала береді.
М.Д.Атабаева
Қызылорда қаласының №2 сотының жетекші маманы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
