Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкіліне ауылдағы креативті және шығармашыл жастарды қолдау шаралары туралы сауал қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат жастарды экономиканың болашағы ретінде атап, ауыл жастарының қалалық ортадағы бәсекелестіктен тыс қалмауын қадағалау керектігін айтты.
Креативті индустрияны әркім әртүрлі түсінеді: біреу оны қолөнер деп, біреу көркемдік деп санайды. Дегенмен әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, бұл салалар экономикада маңызды рөл атқарады. Біз ауыл жастарына толыққанды қолдау көрсетуіміз керек. Олар қалай іріктеледі, нақты қандай шаралар қарастырылған? – деп сұрады депутат.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов ауылдық таланттарды қолдау шаралары туралы баяндады. Оның айтуынша, елдегі креативті индустрия 12 бағыт пен 43 саланы қамтиды, соның ішінде IT, қолөнер, дизайн және кино сияқты бағыттар бар.
Президенттің тапсырмасына сәйкес шілде айында арнайы креативті қолдау индустрияларын дамыту қоры құрылды. Бұл қор ауыл жастарын қолдауға арналған арнайы бағыттарды жүзеге асырады. Қор фестивальдер, байқаулар, хакатондар ұйымдастырып, талантты жастарды іріктейді. Сонымен қатар гранттар мен қаржылай емес қолдау құралдары қарастырылған. Біз ауыл жастарын дамытуға толық дайынбыз, – деді вице-министр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
