Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Бас прокурор Берік Асылов мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
«Құрметті депутаттар, шабуылдаушыларға оқ ату Президенттің мәлімдемесінен бұрын басталды. Бұл заң нормалары арқылы реттелген. Осы тұста күштік құрылым қызметкерлері атыс қаруын бірінші рет Алматыдағы Президент Резиденциясын қорғау кезінде – 5 қаңтар күні сағат 16:00 шамасында қолданғанына ерекше назар аударғым келеді. Одан соң полиция мен әкімдіктер ғимараттарына және басқа да объектілерге шабуыл жасалғанда, яғни тәртіпсіздіктер күш көрсету сатысына өткен кезде құқық қорғау органдарының қызметкерлері қару қолданған», – деді Берік Асылов.
Кейін қалаларды қауіпті адамдардан қорғау кезінде қару қолданылған.
«Демек, шабуылдаушыларға қарсы оқ ату Президенттің мәлімдемесінен едәуір бұрын болған. Бұл жағдай туралы барлық дискуссия қоғамдық пікірді әдейі басқа бағытқа бұруда. Іс жүзінде, қылмыскерлерге оқ ату үшін күштік құрылымдарға арнайы бұйрық қажет емес. Бұл туралы: құқық қорғау қызметі туралы; Ұлттық гвардия туралы; терроризмге қарсы іс-қимыл туралы заңдарда тікелей нормалар бар. Олар адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төнген жағдайда шабуылды тойтару үшін атыс қаруын қолдануға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді Бас прокурор.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!