Биылғы жыл облыстың егін шаруашылығы үшін оңайға түскен жоқ. Су тапшылығы мен вегетациялық кезеңнің күрделілігі шаруалардың жұмысын айтарлықтай қиындатты. Дегенмен, қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде егілген егін сумен қамтамасыз етіліп, қазіргі таңда өнім жинау жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев баяндады.
– Биылғы жыл облыс егіншілері үшін оңай болған жоқ. Вегетациялық кезеңде судың тапшылығы айқын сезілді. Соған қарамастан, Үкіметтің қолдауы мен жергілікті атқарушы органдардың жедел шараларының нәтижесінде егілген егін сумен қамтамасыз етіліп, науқан тұрақты жүргізілді. Егістікті тұрақты суаруға 3,9 млрд м³ су лимиті белгіленіп, осы көлемге сәйкес облыста 189,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде негізгі дақыл – күріш 80,9 мың гектарға егілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, суды көп қажет ететін күріштің көлемі жылдан жылға оңтайландырылып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биылғы жылы суды аз қажет ететін дақылдардың көлемі 2242 гектарға артты. Су үнемдеу технологиялары да кеңінен қолданылып, өткен жылмен салыстырғанда 3,7 мың гектарға көбейіп, жалпы көлемі 8,1 мың гектарға жетті. Бұл агросектордың жаңа талаптарға бейімделіп келе жатқанын көрсетеді. Қазіргі таңда ерте егілген дәнді дақылдарды жинау аяқталды. Күріш, мал азықтық, майлы дақылдар, көкөніс пен бақша өнімдерін жинау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Негізгі дақыл күріштің 63 мың гектардан астамы орылып, 277 мың тоннадан астам өнім жиналды. Орташа өнім гектарына 51,4 центнерден келеді. Күрішті ору жұмыстарын қазан айының екінші онкүндігінен кешіктірмей аяқтау жоспарлануда. Күзгі науқанға 4117 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылды. Биылғы науқанның ерекшелігі – барлық қиындықтарға қарамастан, кешенді қолдау шараларының уақытылы қабылдануының арқасында егінді шығынсыз жинап алу мүмкін болып отыр. Шаруалардың еңбегін бағалаймыз және алдағы уақытта да ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру, жаңа технологияларды енгізу, су үнемдеу әдістерін кеңінен пайдалану бағытында жүйелі жұмыстар жалғасын табады. Бұл – біздің өңірдің аграрлық әлеуетін арттырып, тұрақты дамуына негіз болады, – деді Талғат Тұрсынұлы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!