АСТАНА. ҚазАқпарат – «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» акционерлік қоғамының төрағасы Әділ Өтембаев лицензиясынан айырылған банктер депозит ақшасын қалай қайтаратынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Банк лицензиясынан айырылған жағдайда салымшылардың сол банктегі депозиттерде, шоттарда және төлем карточкаларында жатқан ақшалары мына заңнамада белгіленген шекті мөлшерде клиенттерге қайтарылады:
– теңгедегі жинақ депозиттер бойынша – 20 млн теңге;
– теңгедегі өзге депозиттер, шоттар және карточкалар бойынша – 10 млн теңге;
– шетел валютасындағы депозиттер, шоттар және карточкалар бойынша – 5 млн теңге», – дейді қор басшысы.
Айтуынша, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры жеке тұлғалардың депозиттері төленетін өтем лимитін үнемі қайта қарап отырады.
«Олардың мөлшерін арттыру бағытында дер кезінде шара қолданып отыру маңызды. Мысалы, депозиттергке кепілдік беру жүйесі құрылғалы бері күні бүгінге дейін максималды кепілдік сомасы 100 есе артты. Қор депозит нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жеке тұлғалардың депозиттеріне шекті (максималды) сыйақы мөлшерлемелерін белгілеу саясатын жүргізеді. Сондай-ақ, екінші деңгейлі банктердегі депозиттердің өктем әрекеттеріне шектеу қою үшін ай сайын максималды сыйақы мөлшерлемелерін белгілейді. Ұлттық Банктің монетарлық саясатының талаптары өзгерген жағдайда да осындай шара қабылданады», – деді Әділ Өтембаев.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!