Сенбі, 27 желтоқсан, 16:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№99, (2211)
27.12.2025
PDF мұрағаты

МӘМС: жаңа жылдағы өзгерістер халыққа қандай мүмкіндік береді?

27.12.2025

51 0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

2026 жылдан бастап Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесінде тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты ауқымды өзгерістер күшіне енеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаков пен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Жақсылық Абдусаметов баяндады.

«Жаңа өзгерістер Мемлекет басшысының Жолдауында берілген тапсырмаларға сәйкес медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастыруға бағытталған. Басты мақсат азаматтардың сақтандыру мәртебесіне қарамастан әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және МӘМС жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету», – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаков.

Қызылорда облысында бүгінгі таңда 818 мыңнан астам адам тіркелсе, олардың 83,6 пайызы сақтандырылған. Ал сақтандыру мәртебесі жоқ азаматтарды қамту үшін жаңа тетіктер енгізілмек.

«Енді дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы әлеуметтік осал азаматтардың, сондай-ақ ресми жұмыссыздардың МӘМС жарналары жергілікті бюджет есебінен төленеді. Бұл сақтандырылмағандар санын айтарлықтай азайтады», – деді филиал директоры Жақсылық Абдусаметов.

Сонымен қатар, кемінде бес жыл қатарынан жарна төлеген азаматтар уақытша төлем тоқтаған жағдайда алты айға дейін сақтандырылған мәртебесін сақтай алады. Бұл норма жұмысынан айырылған азаматтарға медициналық көмекті үздіксіз алуға мүмкіндік береді.

2026 жылдан бастап онкологиялық аурулар, инфаркт, инсульт, вирустық гепатиттер секілді бірқатар әлеуметтік маңызы бар дерттер бойынша диагностика мен скринингтер сақтандыру мәртебесіне қарамастан тегін жүргізіледі. Ал қант диабеті мен жүрек-қан тамырлары аурулары сияқты созылмалы сырқаттарды емдеу толықтай МӘМС пакетіне ауыстырылады.

«МӘМС жүйесі азаматтарды миллиондаған теңгеге жететін емдеу шығындарынан қорғайды. Ай сайынғы салыстырмалы түрде аз жарна арқылы тұрғындар медициналық көмектің толық пакетін ала алады», – деп түйіндеді филиал директоры.

Спикерлердің айтуынша, МӘМС жүйесіндегі мәртебені уақытылы рәсімдеп, тұрақты сақтап отыру әр азаматтың денсаулығы мен әлеуметтік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді жолы.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: