Қыркүйектің екінші жексенбісі – «Отбасы күні» қарсаңында Астана төрінде биыл 10-шы рет «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпаздарын марапаттау шарасы өтті.
Отбасының мерейін үстем ету, қасиетін қастерлеу мақсатында ұйымдастырылған ұлттық конкурста жерлесіміз, ғасыр жасаған қазалылық майдангер, қазыналы қарт Қабақ Смағұловтың әулеті лауреат атанды.Ұрпақтарын еңбекке баулып, төзім мен бірлікке үндеген Қабақ Смағұлұлы – зұлмат жылдарда от пен оқтың ортасында Отан қорғаған батыр, 40 жыл қаржы саласында табан аудармастан қызмет еткен ардагер, Қазалы ауданының құрметті азаматы. Бүгінде балалары білім, медицина, ауыл шаруашылығы салаларында ел дамуына елеулі үлес қосуда.Құтты шаңырақтан 10 бала тәрбиеленіп шыққан, 22 немере, 32 шөбере, 2 шөпшек өсіп келеді. Ата-ананың сеніміне селкеу түсірмей, үмітін ақтаған перзенттерінің қай-қайсы да – өз алдына өнегелі отбасы. Астана төріндегі айтулы конкурстың лауреаты атанған Смағұловтар әулетін шын жүректен құттықтаймыз. Ардақты ақсақалға мықты денсаулық, тамырын тереңге жайған әулетке береке-бірлік, молшылық тілейміз!Жеңіс құтты болсын!
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!