Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық құжатсыз мал өнімдерін сатуға тыйымды күшейтіп, мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, мал өнімдерінің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жауапкершілікті күшейту қажет.
Жеткізушілер мен ветеринариялық құжатсыз өнім сатып алушыларға қатысты жауапкершілікті қылмыстық жауапкершілікке дейін қатаңдату қажет. Бұл шаралар мал өнімдерінің қауіпсіздігін арттырып, заңсыз сауданың алдын алуға бағытталған, – дейді министр үкімет отырысында.
Оның айтуынша, ветеринария саласын трансформациялау аясында бірқатар нақты қадам қарастырылған. Атап айтқанда, цифрландыруды жетілдіру, тауарлар қозғалысын бақылау және заңнаманы күшейту, ветеринариялық-санитариялық жүк бақылауын арттыру көзделіп отыр.
Сондай-ақ, мал сырғаларын ұйымдасқан шаруашылықтар өздері сатып алатын жүйе енгізіліп, бюджет шығыны қысқармақ.
Министрлік мәліметінше, қазіргі таңда елдегі малдың қозғалысы мен ветеринариялық рәсімдер арнайы электрондық сервистер арқылы бақыланады.
Әр жануарға жеке нөмір беріледі. Барлық дерек пен ветеринариялық шаралар жүйеге тіркеледі. Фермерлер мен ветеринарлар осы электрондық жүйе арқылы уақыт үнемдеп, адами фактордан болатын қателіктерді азайтады, – деді Сапаров.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!