Сенбі, 23 қараша, 17:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Маман даярлауға грант бөлінді

03.08.2023

586 0

Биыл жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі мамандар даярлауға Ақтөбе облы­сында жергілікті бюджет есебінен 80 грант бөлінді. 38 орын бакалавриатқа тү­сушілерге, 42 орын магис­тратура мен резидентурада білімін жалғастырушылар үшін қарастырылды.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуованың айтуынша, өңір­ге­ қажетті мамандар даярлау мәсе­лесі жергілікті мемлекеттік орган қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар, «Атамекен» өңірлік ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдері қатысуымен өткен комиссия отырысында қаралған.

Қазіргі уақытта өңірде актер, режиссер, исламтанушы, теолог, сәулетші, жобалаушы және бағалаушы, әлеуметтік қызметкер, балық шаруашылығы маманы және гидролог жетіспейді. Сондай-ақ осы жолы математика, физика, химия, орыс тілі мен әдебиеті пәні, орыс мектебіндегі бастауыш сынып мұғалімі, алғашқы әскери дайындық және дене шынықтыру пәні мұғалімін даярлауға 38 грант бөлінді. Өңірде жылдан жылға сезіліп келе жатқан медицина қызметкерлерінің тапшылығын жою мақсатында спорттық медицина, акушер-гинеколог, онколог, анестезиолог-реаниматолог, кардиолог, невролог, нейрохирургия, балалар хирургиясы және жалпы хирургия бойынша резидентураға түсушілерге грант көп бөлініп отыр. Жергілікті бюджет грантына қол жеткізгендер еліміздің кез келген жоғары оқу орнында оқи алады. Бұл жерде талапкерлер үшін жоғары оқу орындарының рейтингі өте маңызды. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен оқуға өтініш білдірген үміткер ҰБТ-дан 65-тен жоғары ұпай жинаса – ұлттық университетке 50 ұпай жинаса кез келген өңірлік университеттің бакалавриат бөліміне түсуге мүмкіндігі бар. Бірақ бұл жерде грант бөлінген нақты мамандыққа қанша үміткердің құжат тапсыратыны өте маңызды. Ұпайы көп талапкер ғана әкім грантына қол жеткізеді.

Ақтөбе облысында жергілікті бюджет есебінен мемлекеттік білім беру тапсырысы 2018 жылдан қолға алынып, бес жыл ішінде 440 грант бөлінді. Соның нәтижесінде қазіргі кезде еліміздің 15 жоғары оқу орнында 293 ақтөбелік студент оқып жатса, мамандық алған 124-і жолдамамен жұмыс істеп жатыр. Тек кейінгі жылы ғана жергілікті бюджет есебінен оқыған 28 түлек Ақтөбе қаласында жұмысқа орналасса, 33 түлек аудандарда еңбек жолын бастады. Олардың көбі – мал дәрігері, IT-маманы, дәрігер, кіші медицина қызметкерлері. Жергілікті бюджет есебінен оқыту жүйесі бір жағынан ҰБТ-дан жоғары нәтижеге қол жеткізе алмаған талапкер үшін де жақсы мүмкіндік. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен грантқа құжат қабылдау бакалавриатқа оқуға түсушілер үшін республикалық грант нәтижесі жарияланған күні басталып, үш күнге ғана созылады. Ал резидентурада оқығысы келетіндер үшін өтінімдер 23 тамыздан бастап қабылданады. Жергілікті комиссия мүшелері грантқа өтінім тапсырушылардың ҰБТ-дан жинаған ұпайына, магистратура мен резидентураға түсушілер үшін мемлекеттік емтихан нәтижесіне назар аударады. Егер бір мамандыққа бірнеше үміткер құжат тапсырса, ҰБТ мен емтихандардан ұпайы өзгелерден жоғары талапкер ғана өте алады.

Содан кейін жергілікті бюджет грантына қол жеткізген студент, жергілікті мемлекеттік орган және жоғары оқу орны арасында үшжақты келісім жасалып, оның негізінде оқу орнын бітірген жас маман жолдамамен барған жерінде бес жыл табан аудармай еңбек етеді. Егер жас маман оқу орнын бітірген бойы ұсынған жұмыстан бас тартса, онда мемлекеттің оқуға жұмсаған шығыны мен алған шәкіртақысын қайтарып беруге тиіс.

Ақпарат көзі: egemen.kz

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: