Дүйсенбі, 30 желтоқсан, 23:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№102 – 2112
28.12.2024
PDF мұрағаты

Маңызды міндет – бюджет қаражатын тиімді пайдалану

30.08.2023

484 0

Кеше Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен үкімет отырысы өтті, деп хабарлайды primeminister.kz.

Жиында Қазақстанның 2024-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамы, сондай-ақ республикалық бюджеттің және Ұлттық қордан 2024-2026 жылдарға арналған трансферттердің параметрлері қаралды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров республиканың даму болжамы халық­аралық қаржы ұйымдарының әлемдік эконо­миканың өсуі бойынша болжамдарын, сыртқы нарықтардағы конъюнктураны ескере отырып, қалыптастырылғанын атап өтті. Барлығы үш сценарий қаралып жатыр – базалық, оптимистік және пессимистік.

Елдің бас экономисінің сөзіне сенсек, базалық сценарий кезінде мұнайдың орташа бағасын барреліне $80 деңгейінде алу ұсынылады. Болжам бойынша 5 жыл ішінде ЖІӨ-нің орташа жылдық өсуі 5,8%-ды құрайды. Инфляция 2024 жылы 6-8%, 2025 жылы 5,5-7,5% деңгейінде айқындалды, кейіннен 2026–2028 жылдары 5%-ға дейін төмендейді. 2024 жылы ЖІӨ-нің нақты өсуі 5,3%-ды құрайды, кейін 2028 жылы 6%-ға дейін өседі. Номиналды ЖІӨ 2024 жылғы 135 трлн теңгеден 2028 жылы 218,5 трлн теңгеге дейін өседі.

Жалпы экономиканың барлық базалық саласында өсім күтілуде. Мәселен, өнеркәсіпте орташа жылдық өсу қарқыны 4%-ды, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 4,9%-ды, тау-кен өндіру өнеркәсібінде 3,1%-ды құрайды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемінің орташа жылдық өсімі 4,5%-ды құрайды. Құрылыс саласындағы өсім болжам бойынша орта есеппен 8,8%-ды, саудада 7,4%-ды құрайды.

Алдағы жылы экспорт көлемі $83,1 млрд-тан 2028 жылы  $94,8 млрд-қа дейін ұлғаяды, импорт $60,7 млрд-тан $65,6 млрд-қа дейін өседі деп күтілуде.

Отырыста 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы да қаралды. Бұл бойынша ҚР Премьер-министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады. Оның айтуынша, 2024 жылы түсімдер 20,4 трлн теңге деңгейінде болжануда, ал шығыстар 2023 жылға қарағанда, 1,5 трлн теңгеге өсіп, шамамен 24 трлн теңгеге дейін ұлғаяды деп жоспарлануда. Бюджет шығыстарының негізгі үлесі әлеуметтік салаға тиесілі.

Келесі жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге көлемінде трансферттер тартылатын болады. Бұл қаражат әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға жұмсалады. Бұл автожолдарды, жылу, газ және сумен жабдықтау желілерін, инженерлік желілерді жаңғыртуға, сондай-ақ «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобалары аясында әлеуметтік нысандар салуға қатысты.

Премьер-Министрдің айтуынша, үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасы, ең алдымен, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемесін толық және уақытылы орындауға, сондай-ақ экономиканың сапалы және орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Мұнайға деген ең төменгі бағаны ескере отырып, Ұлттық қорға кепілдендірілген трансферт мұнай секторынан түсетін түсімдер көлемінен аспайтын болады. Оған қоса бюджет шығыстарының өсуі инфляцияны ескере отырып, ұзақ мерзімді экономикалық өсудің орташа деңгейінен аспайды.

– Жалпы жан-жақты ойластырылған әрі теңгерімді бюджет жобасы қалыптастырылды. Ол бұрынғыдай әлеуметтік бюджет болып қала береді. 2024 жылы әлеуметтік салаға 9,9 трлн теңге көзделіп отыр, — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы экономиканың нақты секторында өңдеу өнеркәсібін дамытуға, бизнесті қолдауға, көлік инфрақұрылымын дамытуға және газдандыруға басымдық берілетінін айтты.

– Жалпы аталған салаларға 2024 жылы 2,8 трлн теңге бөлу жоспарлануда. Біздің алдымызда тұрған маңызды міндет – бюджет қаражатын барынша тиімді пайдалану, – деді Үкімет басшысы. 

Ұсынылған құжаттар бойынша дауыс беру рәсімінен кейін Әлихан Смайылов заң жобаларын және Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ҚР Парламентіне енгізуді қамтамасыз етуді тапсырды.

Үкімет отырысында Қазақстанның геология саласын одан әрі дамыту шаралары да қаралды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Азамат Бейспеков республиканың минералдық-шикізат базасына қатты және кең таралған пайдалы қазбалар, көмірсутектер мен жер асты суларының кен орындары кіретінін айтты. Жалпы алғанда, мемлекеттік теңгерімде пайдалы қазбалардың 100-ден астам түрі бойынша 8 мыңнан аса кен орны есепке алынған.

Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу екі бағытта – жер қойнауын аймақтық зерттеу және іздеу-барлау бойынша жүргізіледі. Біріншісі бойынша, бүгінгі таңда Қазақстан аумағының 94,5%-ы екі жүз мыңдық масштабта геологиялық жете зерттеумен қамтылған. Екінші бағыт шеңберінде моноқалалар маңында орналасқан қала құраушы кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін 16 учаскеде іздестіру жұмыстары жүргізіліп келеді.

Биылдан бастап Minerals.gov.kz ақпараттық плат­формасы өнеркәсіптік пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта ол геологиялық ақпаратпен толтырылуда: 40 мыңға жуық есеп жүктелді, жыл соңына дейін тағы 16 мың есеп күтіліп отыр. Геологиялық материалдарға ашық қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін жер қойнауын пайдаланушылардың бизнес-процестерін цифрландыру, сондай-ақ әлеуетті және жұмыс істеп тұрған инвесторлар үшін бірыңғай терезе қағидатын енгізу жоспарланған.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев көмірсутек шикізатын барлау саласындағы жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин геология және жер қойнауын пайдалану саласын цифрландыру туралы баяндама жасады.

Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр геология саласын дамыту еліміздің минералдық шикізат базасын толықтырудың және отандық өңдеу өнеркәсібін шикізатпен қамтамасыз етудің негізі екенін атап өтті.

Осылайша, жер қойнауын пайдаланушыларға «Кім бірінші келсе – сол бірінші алады» қағидаты бойынша тиісті лицензия алу тәртібі жеңілдетілді. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеудің тиімділігін арттыру үшін Геология саласын дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Сонымен қатар геологиялық материалдардың ашық қолжетімді болуын қамтамасыз ететін цифрлық ақпараттық онлайн-платформа іске қосылды. Онда өтінімді беруден бастап, лицензия алуға дейінгі барлық рәсім көзделген.

– Қазір барлық кен орны тексерілуде. Өз міндет­темесін орындамайтын жер қойнауын пайдаланушы компаниялардан лицензиялар алынып, келісім-шарттар бұзылуда, – деді Әлихан Смайылов.

Сонымен бірге ол металдардың жекелеген түрлері бойынша әлемдегі жетекші орындарға қарамастан, шикізат базасының айтарлықтай қысқарғанын атап өтті. Мысалы, хром, алюминий, мырыш, мыс, қорғасын қоры азайып барады. Жоғары технологиялық өнімдерді өндіруге негіз болатын сирек және сирек жер металдарын барлау жұмыстары баяу қарқынмен жүріп жатыр.

– Біз әлі күнге дейін бірінші өтінім принципі бойынша лицензия алған жасөспірімдер компания­ларының жаңа бастамалары мен нақты жұмысын көріп отырғанымыз жоқ», – деп атап өтті Премьер-министр.

Үкімет басшысының пікірінше, жер қойнауын зерттеудің ғылыми базасы мен инфрақұрылымы барынша жаңартуды талап етеді. Инвесторларды одан әрі тартуға қажетті геологиялық ақпаратты цифрландыру жұмыстары да аяқталған жоқ. Білікті геологтар мен геодезист мамандар тапшы.

– 12 жыл ішінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге 2 трлн теңгеден астам жеке инвестициялар салынды. Бірақ соған қарамастан, біз жаңа кен орындарын барлауға жұмсалатын салымдар бойынша артта қалып отырмыз. Аталған проблемаларды шешу үшін қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер қабылданды, – деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр ресурстық базаны ұлғайту, сирек кездесетін және сирек жер металдар негізін­де жоғары технологиялық өнімдер өндірісін ұйым­дастыру үшін Жол картасын әзірлеуді, 2 ай мерзімде заманауи технологиялық шешімдерді пайдалана отырып, газды кен орындарының тарихи деректеріне талдау жүргізуді, жыл соңына дейін ғылыми база мен инфрақұрылымға талдауды тапсырды.

Қорытындылай келе, Әлихан Смайылов жыл соңына дейін тарихи деректердің барлық түрін жан-жақты талдау және онлайн-платформаны барынша толтыруды қамтамасыз ету, сондай-ақ өз міндетін орындамайтын жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты шаралар қабылдай отырып, барлық кен орнын тексеруді аяқтау қажеттігін атап өтті.

 А.АҚЫЛБЕК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: