Жексенбі, 22 желтоқсан, 10:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Марапатталған аналар – жаңа мәртебе

10.12.2022

684 0

Сурет ашық дереккөзден алынды

Әрбір адам алдағы жылдан жақсылық, игі өзгеріс күтеді. Келер жылы да көпшілік үшін жағымды жаңалық көп болғалы тұр. Әсіресе көпбалалы отбасыларды мемлекеттік қолдаудың жаңа түрі енгізілмек. Бұл жөнінде мәжілістегі Үкімет сағатында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтып өтті. Министр «Әлеуметтік» кодекс жобасына енгізілетін жаңа параметрлер отбасыларға берілетін мемлекеттік қолдауды  кеңейтетініне кеңірек тоқталды.

– Кодекс отбасы мүше­лерін әлеуметтік қолдауға бағытталып отыр. Отбасылық цифрлық картасын қанатқақты жоба ретінде іске асыру барысында көпбалалы отбасы­лардың әлеуметтік қатерлерге тап болу ықтималы жоғары екенін көрдік. Осы орайда әлеуметтік кодекс жобасында балалы отбасыларды әлеуметтік қол­даудың қолданыстағы біртұтас жүйесін толық сақтау және оның негізгі па­раметрлерін өзгерту қарастырылды. Нақтылай кетейін, балалы отбасыларды қолдау жүйесі халықаралық стандартқа сәйкес жүк­тілік және босану, бала туу, бала күтіміне байланысты төлемдерді, көпбалалы аналар және мүгедіктігі бар балалы отбасыларға қарасты тө­лемдерді және табысы аз отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмектерді қамтиды, – деді Тамара Дүйсенова.

Минстрдің айтуын­ша, әлеуметтік кодексті жүзеге асыру үшін мем­лекет, бизнес және азаматтар арасында жаңа әлеуметтік келісім­шарт жасау жос­пар­лан­ған. Құжатты әзірлеуде халықаралық тәжірибе ес­керілген. Еуропалық Одақтың «Әлеуметтік» ко­дексі басшылыққа алынған. Құжат жобасы 5 бөлімнен, 19 тарау мен 267 баптан тұ­рады. Ең басты өзгерістің бі­рі – енді әр отбасының цифрлық картасы болады. Ол мемлекеттік органдардың қолданыстағы ақ­параттық жүйедегі деректері не­гізінде қалыптастырылады.

– Мемлекет басшысының тап­сырмасы бойынша 18 жасқа дейінгі балаларға берілетін ұлттық қордың инвестициялық кірісінен түскен табыстың 50% көлеміндегі бастапқы капитал қосымша көмек көзі болмақ. Тағы бір маңызды па­раметр – 2025 жылдан бастап атау­лы әлеуметтік көмек тағайындау үшін кедейлік шегі бүгінгі күнкөріс деңгейінен емес, медиандық табыс есебінен анықталмақ. Бұл ретте экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесі зер­деленді. Атап айтқанда, 8-ден астам ел осы көрсеткішті пайдаланады және оны отбасы әл-ауқатының нақты дәрежесін көрсететін өлшем ретінде белгілеген. Бүгінде АҚШ-тағы кедейлік шегі медиандық кірістің 40 пайызын құрайды, ал Канадада – 50%, Швеция, Норвегия, Дания, Австрия, Германия және Францияда 60%. Біз де осы тәжірибені енгізгелі отыр­мыз, – деді министр.

Сонымен қатар елімізде «Марапатталған аналар» жаңа мәртебесі енгізіледі. Оған алты және одан да көп бала туып өсірген аналар ие болады. Сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтарға қарап отырған күтушілердің жұмыс уақыты еңбек өтілі ретінде саналатын болды.

«Алтын алқа» алқасымен марапатталғандарға немесе бұрын «Батыр ана» атағын алғандарға, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендері тап­сырылғандарға берілетін жәрдемақы мөлшері енді 6,4 АЕК-тен 7,4 АЕК мөлшеріне дейін өседі.     

Әлеуметтік ко­декске енгізілген жағым­ды жаңа­лықтың бірі –  2023 жылдың 1 қаң­тарынан бастап, бала күтімі бойынша төлем мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұлғайтылмақ. Бұл өзгеріс жұмыс істемейтін ата-аналарды да қамтиды. Одан бөлек, елімізде 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған кепілдік берілген әлеуметтік пакетті монетизациялау да енгізіледі. Бұл шара атаулы әлеуметтік көмек алатын 212 мыңдай балаға қа­тысты болмақ. Монетизация ата-аналарға баланың жеке қажеттіліктерін ес­кере отырып, өнімдерді өз бетінше сатып алуға мүм­кіндік береді.

– Бүгінде мемлекет көп­балалы отбасыларға ерекше көңіл бөліп келеді. Соның нәтижесінде үкімет тарапынан әртүрлі бастамалар мен бағ­дарламалар қолға алынуда. Мемлекет басшысы қыркүйек айындағы Жолдауында әлеу­меттік мәселелер бойынша бір­қатар тапсырма берді. Соның бірі келер жылдан бастап мемлекеттік жәрдемақы және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем төлеу мерзімдері бір жарым жасқа дейін ұлғайтылатын болады. Ана мен баланы қолдаудың басқа да шаралары ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасында қарастырылғаны айтылды. Сондай-ақ көпбалалы аналарға жаңа мәртебе бе­рілетіні аналарды қуантты. Алдағы уа­қытта көпбалалы от­басылардың мәселесі мен оларға берілетін жәрдемақы мөлшері де үнемі мемлекет бақы­лауында болатыны айтылып жатыр. Осындай жағымды жаңалықтарды естіп, қуанып жатырмыз, – дейді алты баланың анасы Перизат Кәрімбаева.

Балаларды өмірге әкеліп, оларды  дұрыс тәрбиелеп, білім беріп, елдің пайдасына жарайтындай етіп қатарға қосу аналардан зор қажыр-қайрат талап ететін еңбек екені белгілі. Демек, мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға қандай көмек берілсе де артық етпейді. Халық санының өсуіне де өзіндік үлес қосып жүрген аналар еңбегі зор құрметке лайық. Елдің келешегі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Олардың әлеуметтік өмір сүру деңгейін арттыру да басты міндеттің бірі.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: