Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 16:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Масс-медиа: журналист қаншалықты қорғалған?

27.06.2023

594 0

Қоғамның қайсыбір саласы болсын қамын күйттеп, жоғын жоқтап жүретін журналистердің өздеріне де мәртебе керек сияқты. Бұл тақырып көп жылдан бері айтылып жүр. Десе де осыдан 2 жыл бұрын сенатор еді. Нұртөре Жүсіп Премьер-Министрге депутаттық сауал жолдап, онда журналистердің мәртебесін көтеру керектігін айтқан еді. Депутат төртінші билік өкілдерінің қоғамдағы орны заң жүзінде анықталмағанын мәлім еткен.       

Толығырақ тоқталар болсақ, «БАҚ туралы» заң мен еліміздің «Еңбек» кодексін­де жур­налистердің мәртебесі мен кепілдік­тері туралы баптар жоқ. Салалық заңда жур­налистердің құқықтары мен міндеттері ғана жазылған. Мұның бәрі – журналистердің өте жауапты және қауіпті жұмысын ескермеу.

Нұртөре Жүсіп отандық журналистиканы дамыту үшін журналистердің мәртебесін көтеру, оларды әлеуметтік кепілдіктермен және қорғаумен қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті. Сенатор пандемия кезінде журналистер дәрігерлермен, полицейлермен және құтқарушылармен тең дәрежеде жұмыс істегенін, бірақ олардан айырмашылығы – БАҚ қызметкерлері бұл үшін ешқандай қосымша ақы және әлеуметтік кепілдік алмағанын еске салды. Журналистер жеңілдікті санаттар қатарында тұрғын үй алуға үміткер бола алмайды. Себебі олар мемлекеттік қызметкер де, азаматтық қызметкер де емес. Журналистерге сот, про­куратура, ішкі істер, адвокат, нотариус сияқты нақты мәртебе беретін кез келді.Бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалынсыз қоғамды демократияландыру мүмкін емес. Сондықтан Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін арнайы әлеуметтік мәртебе  арқылы қолдауды әрі қорғауды ұсынамыз. Бұл үшін  «Журналист мәртебесі туралы» арнайы заң қабылдау қажет деп ойлаймын», – деген депутат сауалында.

Журналистің мәртебесін көтеру туралы бұл сауалды кей журналистер қолдағанымен, кейбір әріптестер тарапынан мәртебеге ие болған жағ­дайда не болатынын туралы ашық айтыла бас­тады. Сол кездің өзінде-ақ журналистердің пікі­рі екіге бөлініп, бірі мұны дұрыс десе, бірі – мем­лекетке тәуелділік деген сынды пікірлер білдірген.

Жасыратыны жоқ, халықтың мұңын айтып, өзгенің жайын жоқтап жүретін  журналистер қауымы не мемлекеттік, не бюджеттік қызметкер санатында жоқ. Сол себепті олар не тұрғын үй кезегіне тұра алмайды, не басқа да әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмай келеді. Бүгінде баспанасыз, мемлекеттің ешбір қолдауынсыз өз ісін адал атқарып жүрген журналистер жетерлік. Олардың тәулік бойына елдің қамы үшін жасаған еңбегі жылына бір кәсіби мереке де ғана ескеріледі. Онда да бір жапырақ қағаз бен әкімдік тарапынан берілетін сый-құрмет шегінде ғана. Ал олардың да отбасы, бала-шағасы, кұнкөрісі барын ескерсек, нақты әлеуметтік мәртебесін айөындау керек-ақ.

Сенатордың сауалынан соң әріптестердің арасында екіжаөты пікір туындағанын жоғарыда айтқан едік. Журналистерге нақты мәртебе берілсе не өзгеретіні туралы олар да жан-жақты ойларын жеткізді. Мәселен, оңтүстік өңірдегі бірқатар ақпараттық басылым, агенттік редакторы Жәнібек Нұрыш журналистерге мәртебе бермес бұрын, олардың ақпарат алу, тарату құқықтары қорғалу қажеттігін айтады.

– Елімізде журналистердің ақпарат алу, сұрату, тексеру, таратуын, журналистердің кәсіби міндетін орындауын, БАҚ жұмысын рет­тейтін халықаралық заңдар, еліміз қол қойған халықаралық конвенциялар, жергілікті, дәлірегі «БАҚ туралы», «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңдар бар. Осы өзіміздегі екі заңның кейбір баптарын жетілдірсе, яғни журналистің қоғамдық маңызы бар ақпарат алуын жеңілдетіп, қоғамдық маңызы бар ақпарат таралатын орындарға кіріп-шығуын оңайлатып, оның кәсіби міндетін атқаруына шектеулер мен кедергілерді жойып, журналист сауалы мен сұраныс хаттарына жауап беру мерзімін қысқартып әрі жауаптың толым­дылығын бағалауды реттесе екен, – дейді ол мінбер.кз ақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұқбатында.

Осы орайда жәрналист мына мәселеге назар аудару керектігін ескертеді. Оның айтуынша, журналист мәртебесі енгізілер болса, онда журналист мәртебесін беру үшін оны айқындау және мәртебе беру мәселеге айналады-мыс. Себебі журналист мәртебесін беру үшін оның журналистика мамандығын оқығаны, белгілі бір еңбек өтілі болғаны, БАҚ редакциясының штатына қабылдануы, оның материалдары жарияланған болуы талап етіліп, тіпті белгілі бір база жасақталуы мүмкін. Ал мұның барлығы журналистикаға кедергі болмақ. Сонымен қатар мәртебе бергеннен бөлек, одан айыру ұғымы барын айтқан журналист мұның сөз бостандығы, ақпарат алу және тарату ісін қиындататынын, өз кезегінде журналистердің кәсіби қызметін атқаруын қаламайтын мүдделі тараптардың араласып, кедергі келтіруін күшейтіп, соны заңдастыруға жол ашылуы мүмкін деген пікір білдірген. Яғни журналистің мәртебесін айқын­дауға БАҚ өкілі екенін растайтын құжаты да жеткілікті деген ойда.

Иә, әріптесіміздің пікірін қолдаушылар басым. Расымен мемлекет тарапынан мәртебе берілсе бұқара мен билік арасында алтын көпір болған журналистер тек жоғары жаққа тәуелді болады дейді олар. Мүмкін.

Қашанда қоғамның ең өзекті мәселесін көтеріп, оның оң шешім табуына да өзіндік ықпал ететін журналистика саласы қазіргі таңда екіұдай күйде. Жасыратыны жоқ, журналистің сөз бостандығына жол ашық дегенмен, тәуелділік басым. Кейде тиісті органдардан қажетті ақпарат алудың өзі мұңға айналып, баспасөз хатшылар нақтылап берген ақпарат төңірегінен алыстап кете алмайтын жағдайлар болады. Мұның барлығы олардың шарасыздығын, тәуелділігін білдірсе керек.  Сол себепті журналистердің мәртебесінен бұрын қызметтік дәрежесін айқындау керек дегеннің жөні бар сияқты.

Бізде БАҚ туралы заң бар. Журналистер қауымы осы заңдға толықтырулар мен өзгертулер енгізу керектігін үнемі айтып келеді. Заңның журналистердің жұмыс істеуіне мүмкіндік бер­генінен, кедергісі көп болғандықтан қайта қарап, тіпті, шетелдік тәжірибеге сүйену керек дейді олар.

Білуімізше, шетелдік әріптестерге арналған кәсіби-этикалық кодекс ғана бар. Оған қоса демократия қалыптатқан. Еңбегі үшін алатын айлығы да қомақты. Өкінішке орай, біздегі журналистердің айлығы шайлығынан артылмайды. Сол үшін бірнеше жерде жұмыс істеуіне тура келеді. Сондай-ақ журналистерге тұсау болатын бір дүние – мемлекеттік тапсы­рысты орындау. Бір жағы қолдау болғанымен бір жағынан аяққа тұсау мәселеге шешім керек. БАҚ өкілдерінің әлеуметтіктен бұрын қызметтік мәртебені айқындау керек дейтіні осы.

Осылайша бірнеше жылдан бері айтылып келген журналистердің мәртебесін айқындау бойынша жыл басында Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі «Масс медиа» туралы жаңа заң әзірленіп жатқандығын жеткізген. Бар-жоғы 78 баптан құралған заң жобасында журналистердің мәртебесін көтеру, мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландыру тетіктерін реформалау, өзін өзі реттеу институттарын дамыту, телерадио хабарларын тарату саласындағы трендтерді өзгерту жоспарланған. Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері туралы заңға түзетулер әзірленген. Бұл өзгерістер азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектейтін мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтпек. Жаңа заң жобасында оқыту мәселесі де назардан тыс қалмақ емес. Медиасауаттылық бәріне қажет. Медиаға жасалған шабуылдан манипуляцияға түсіп қалмай, дұрысы мен бұрысын ажырата алатын деңгейде болу қажеттігі ескерілген.

Бүгінде БАҚ саласының бағыты күннен күнге өзгеріп, жаңа түсініктер қалыптасып жатыр. Бұрынғыдай дәстүрлі журналистиканы игеру жеткіліксіз. Журналистерге заманға сай болу талабы тұр. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі «Масс-медиа» заң жобасы да уақыт талабына сай өзгерісті қажет еткендіктен қайта қаралғанын айтқан еді. Аталған заң жобасын білікті заңгерлер мен сарапшылар құрамы әзірлеген. Көп ұзамай дайын болған заң  жобасы қоғам талқысына шыққан.  Бұл жолы ол несімен ерекшеленді?

Жаңа медиаға қадам басқан тұста қайта қаралған медиа жобамен алғаш танысқандар әлбетте журналистер қауымы болды. Заңдағы өзгерістер толықтыруларды түгел екшеген әріптестер жобаны әлі де пысықтау керек деген пікірде. Десе де журналистерді ақпаратқа қолжетімділігін арттыру мақсатында сұраныс хатқа жауап беру мерзімінің 7 күннен 5 күнге қысқарғаны қуантқан. Ал көп журналистті толғандырғаны «Баспасөз картасы» болды. Мұндай картасы бар тілшіге 35-бап арқылы жеке құқық берілген. Бұл туралы «Масс-медиа туралы» заң жобасын әзірлеу бойынша құрылған жұмыс тобының мүшесі Жұлдыз Әбділда журналистерге карта берудің түсініксіз екенін айтады.

– Фриланста жүрген, белгілі бір ұжымда жұмыс істемейтін журналистер журналист болып саналмай ма сонда? Ол карта «журналистика факультетін бітірген, үш жыл еңбек өтілі бар адамға беріледі екен. Немесе журналистика факультетін бітірмеген жағдайда бес жыл еңбек өтілі болуы керек. Сонда оған дейін «картасыз» журналист бола ма? Аккредиттеуге қатысты да солай. Журналистерге еркіндік беру емес, керісінше, оларды көбірек бақылауда ұстауға басымдық беріліп кетпесе екен, – дейді ол «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісіне берген сұқбатта.

Белгілі журналисттің айтуынша, заң жоба­сында: «Азамат Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бұқаралық ақпарат құралының редакциясымен еңбек немесе өзге де шарттық қатынастарда болу және кәсіби қызметін жүзеге асыру кезеңінде журналист мәртебесіне ие болады» де¬лінген. «Сонда уақытша жұмыссыз жүрген журналистің мәртебесі қандай болмақ?» деген ол, жобаның мына бір тұсының да шикі екендігін тілге тиек етеді.

– «Егер бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі аккредиттеу ережелерiн бұзса не өзiн аккредиттеген мемлекеттiк органдардың, қо­ғамдық бiрлестiктер мен ұйымдардың іскер­лік беделіне нұқсан келтiретiн, шындыққа сәйкес келмейтiн мәлiметтердi таратса, оның аккредиттелуі күшiн жоюы мүмкiн» делінген. Бұл журналистің үкіметті, билікті сынағаны үшін аккредитациядан айырылуы мүмкін екенін көрсетпей ме? – дейді Жұлдыз Әбділда.

«Масс-медиа» заң жобасы аясында түрлі пікірталас туындауда. Көпшілік мұның әлі де пысықтайтын, қайта қарайтын тұсы барын айтады. Қазіргі журналистиканың да журналистің де мүмкіндігі зор. Тек оған мемлекет тарапынан қолдау, еркіндік қажет. Алыс, жақын шет елдерде тілшілік қызмет атқарған кей әріптестер ондағы журналистердің жағдайын біздегі ахуалмен аалыстыруға келмейтіні алға тартып жүр. Мәселен «Жас қазақ» газетінің редакторы Срайыл Смайыл өзінің  10 жылы Түркияның мемлекеттік ақпарат агенттігінде жұмыс істегенін, ол жақта журналистердің кәсіподақ ұйымының қолдауы­нан бөлек, мемлекет тарапынан көлікте тегін жүру музей, көрме секілді мәдениет нысандарына тегін кіру, коммуналдық төлемақы бойынша жеңілдіктерге ие екенін айтады. Ал Әзербайжанда тек журналистерге арнап салынған тұрғын үйлер бар екен. Өкінішке орай, бізде мұның бірі де жоқ. Тым болмаса баспана алу мәселесінде жеңілдік беріліп, не тұрғын үй кезегін тұруға мүмкіндік болса қазақстандық журналистер үшін мұның өзі үлкен қолдау болмақ.

Қалай десек те «Масс-медиа» туралы заң журналистердің тек этикасы мен құқығын, міндетін бекітпей, әлеуметтік ахуалын жақсартуға да сеп болуы тиіс. Біздегі БАҚ өкілдерінің сұрайтыны еркіндік пен ақпарат алуға деген қолжетімділік. Өз миссиясын орындауға еш кедергі келтірмеу. Ал оларды баспанамен қамту мәселесі шешілсе, мемлекет көрсеткен үлкен қолдау болмақ.

Журналистердің жайын айтар болсақ, жыр­лауға болады. Қай кезде де заман талабына сай икемделіп, көштен қалмайтын кәсіби маман­дардың мәртебесі тек әлеуметтік емес заңды тұрғыда айқындалуы қажет сияқты.

А.ӘЛІМ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: