Жексенбі, 24 қараша, 03:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Медиация – мәміле алаңы

07.05.2022

1045 0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында дау-дамайды шешудің баламалық тәсілдерін дамыту қажеттігін айтты. Бұған қоса осы ұстаным мемлекеттің қатысуынсыз ымыраға келуге жол ашатынын атап өтіп, дамыған елдерде мұндай институттар өзін-өзі танытқанына тоқталды.

Дана қазақ: «Дау мұраты – бітім» дейді.         Осы бағытта бүгінде билер соты мен татуластыру орталықтары әр аймақта жұмыс істеп жатыр. Дегенмен соңғы кезде шағым жазушылардың қарасы көбейіп тұр. Ішінара өнбес мәселені даулайтындар да бар. Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асановтың бастамасымен дау-дамайды сотқа дейін шешу мәселесінде елімізде бірнеше пилоттық жоба жүзеге асты. Соның бірі – медиация қызметін жандандыру. Нәтижесінде екі тараптың татуласып, түсіністікпен қарап «алдына келсе, атасының құнын кешіп» жатқандар да бар.

Сонымен қатар, билер кеңесі құрылды. Елге, ауыл-аймаққа сөзі өтімді ақсақалдар әр түрлі санаттағы даулар бойынша тараптарды бітімге шақыруда. Тіпті экономикалық дауларға нүкте қойып, екі жақ та риза болған жайттар көп. Осылайша «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы өз нәтижесін беруде.

Қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес дауды шешудің баламалы тәсілдері, яғни татуластыру рәсімдерінің келесі түрлері бар: біріншіден, татуластыру келісімін жасау, яғни тараптардың өзара ортақ шешімге келуі арқылы дауды реттеп татуласуы; екіншіден, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасау; үшіншіден, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасау.

Партисипативтік рәсім – бұл жаңа ұғым, ол тараптардың адвокаттардың немесе заң консультанттары палатасының мүшелері болып табылатын тұлғалардың жәрдемдесуімен жүргізілетін татуластыру шарасы. Судья тараптардың татуласуы үшін шаралар қабылдайды, оларға дауды процестің барлық сатысында реттеуге жәрдемдеседі.

Қазіргі таңда сот өндірісінде медиация рәсімі кеңінен қолданылуда. Медиация ұғымы латын тілінен аударғанда екі тарапты мәмілеге келтіруші үшінші тұлға деген мағынаны білдіреді. Медиация тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі. Сөз соңында медиация атауы жаңа ұғым болғанымен оның түп тамыры қазақтың дархан даласында, қазақ халқының тарихында жатқанын айта кеткен жөн. Оны кеңінен қолдану халқымыздың дана билерінен келе жатқан билік жүргізу тәсілінің дәстүрлі жалғасы болып табылады. Ендеше дауларды реттеудің баламалы түрі – медиацияның мәміле алаңы екенін естен шығармайық.

Жанар АСКАРОВА,

Қызылорда қаласының

әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі

мамандандырылған сотының

бас маман-сот отырысының хатшысы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: