Жексенбі, 22 желтоқсан, 21:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Мейірім мен ізгілік мерекесі

09.07.2022

561 0

Күллі ислам үмметі аңсай күткен ұлық мереке – Құрбан айт та келді. Мұсылман ұлық мерекеде Алла разылығы үшін мал шалып, құдайға құлшылық жасап, ел-жұрттың амандығын тілейді. Қасиетті Құрбан айт жамағаттың бірлігін күшейтіп, өзара бауырластықты арттырады. Әрине, әрбір иманжанды азамат бұл мейрам жайлы танымын арттырып, сол күндері орындалар амалдарды білгені жөн. Сондықтан да құрбан айт мерекесіне қатысты маңызды сұрақтарға қалалық «Нұр» орталық мешітінің  бас имамы  Марат Үркімбаевтан жауап алғанды жөн көрдік.

– Құрбан айт – мұсылмандардың асыға күтетін мерекелерінің бірі екені белгілі. Биыл қай күндерге сәйкес келіп отыр?

– Биыл барша мұсылман қауымына ортақ мереке  – Құрбан айт хижра-мұсылман күнтізбесімен Зулжиджа айы­­ның 10,11,12 жұлдызы, милади жыл са­науы бойынша шілде айының 9,10,11 күн­­деріне сәйкес келіп отыр.

– «Құрбан» сөзінің мағынасына кеңінен тоқталып өтсеңіз…

– «Құрбан» сөзі араб тілінде «жақын болу, жақындау»деген ұғымды білдіреді. Ал шариғаттағы термин­дік мағынасы Алла Тағаланың ризашы­лығына жақындау ниетімен құрбан айт күндері арнайы шалынатын мал­дың аты. Бұл – шынайы ниетпен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам. Себебі қасиетті Құран­да «Хаж»  сүресінің 37-ші ая­тын­да: «Шындығында,  құрбандыққа шалын­ған малдың еті де, қаны да Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе жүрек­теріңде ұялаған  тақуалық  қана», – де­лінген. Яғни айт мейрамдары мұ­сыл­мандардың сол күндері Алла Тағаланың кешіріміне, ризашылығына, мейіріміне ең жақын болатын күндер.

– Мерекеде ниет етіп отырған жандар құрбанды қашан, қай уақытта шалған дұрыс деген сұраққа жауап іздейтіні анық. Құрбандық шалудың шарттарын айтып өтсеңіз…

–  Құрбандық шалудың белгілі бір уақыты бар. Ол уақыттан алдын немесе кейін шалуға болмайды. Құрбандық шалу уақыты айт намазы оқылатын жерлерде айт намазынан кейін, ал айт намазы оқылмайтын ауылдық ай­мақтарда таң атқаннан соң басталып, айттың үшінші күні күн батқанға дейін жалғасады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Біз­­дің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе, біздің сүннетімізге ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбан шалатын болса, бұл құрбанның отбасына берілетін ет­тен айырмашылығы жоқ. Бұл құрбан болып есептелмейді». Тағы бір хадите: «Кімде-кім намаздан бұрын шалса, қайтадан шалсын» деп айт намазынан бұрын шалынған малдың құрбандыққа есептелмейтінін ескерткен.

– Ниет етіп құрбандыққа шалынған малдың еті кімге таратылады?

– Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату-мұстахаб, яғни ұнамды амал. Ашып айтқанда жасасаңыз сауапты, жасамасаңыз күнә емес  екенін айта кетейік. Еттің бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне, екінші бөлігі – кедей, мұқтаж жандарға, үшінші бөлігі – отбасына, бала-шағасына бе­ріледі. Алайда, шалынған малдың етін түгелдей кедей, мұқтаждарға тара­туға да болады немесе ниетін азық ретінде емес «Алла разылығы үшін» құрбан ету ниетімен шалып, түгелдей өз отбасына алуына да болады.

– Құрбандықтың үштен бір бөлі­гін тұрмысы төмен отбасыларға та­ратады. Көмекке мұқтаж жандар­дың тізімін қайдан алуға болады?

– Көмекке мұқтаж жандар жекелей мешітке келіп тіркеле алмайды. Олар Қызылорда қаласында «Жұмыспен қамту орталығы» жанынан құрылған «Бақытты отбасы» әлеуметтік көмек көр­сету орталығына барып тіркеледі. Біз сол орталық арқылы көмекке зәру отбасылардың тізімін аламыз.

– Сауап жинауға бәріміз ниеттіміз. Алайда құрбандық шалуға шамасы жетпейтіндер, тұрмысы төмен отбасы­лар айт мерекесінде қандай әрекет жасағаны дұрыс?

– Шариғатта тұрмысы төмен кісі­лер­ге құрбандық шалу міндет­телмейді. Қарызданып-қауғаланып болса да құр­бандық шалсын деген үкім жоқ.

Айт – «мерекелеу», «мерекемен құттықтау», «бірін-бірі қуанту» деген мағыналарды  қамтиды. Сондықтан айт күндері адамдарға мейіріммен қарау амалдардың ең сауаптысы  және жүріс-тұрысымыз, киінуіміз, жүзі­міздің шырайы – дұға іспеттес ғибадат болып табылады. Айт мерекесі – намаз оқумен басталады. Бұл да сауапты амалға жатады және бұл мереке бауыр­малдылыққа баулитын сәт.

– Ораза айт пен құрбан айттың айырмашылықтарына тоқталып өт­сеңіз? Қандай міндеттері бар?

– Біріншіден, құрбан шалу – осы күні жасалатын ең үлкен  құлшылықтардың бірі. Екіншіден, құрбан айтта үлкен қажылық рәсімі орындалады. Ислам дінінің бесінші тірегі, жылына бір-ақ рет келетін үлкен қажылық маусымы дәл осы құрбан айт кезінде орындалады. Үшіншіден, қасиетті рамазан айының парыз етілген отыз күн оразасынан кейін Ораза айт болса, арада тура 70 күн өткеннен кейін құрбан айт мерекесі болады. Яғни, Зулхиджа айының 10-шы жұлдызында басталып, 3 күн той­ланады.

– Көбі құрбан айт кезінде емес, ораза айт кезінде айтшылап қонаққа барады дейді. Негізі қайсысы дұрыс?

– Аллаһ Тағала:«Мен үшін бір-біріне  қонаққа барған, мен үшін бір-бірін жақсы көрген, мен үшін садақа берген, мен үшін бір-біріне  көмек бергендер, менің сүйіспеншілігіме қауышады» – деп бұйырған. Қай айт мерекесі болсын, екеуі де барша мұсылман үшін ұлық мереке. Сондықтан екі айт мерекесінде де, жақыныңа сыйлық беріп, қонаққа барудың еш айыбы жоқ.

– Құрбан айтқа мерекелік ті­легіңіз…

– Аллаһ Тағала еліміз бен жері­мізді, барша адамзат баласын түрлі сынақтардан  аман етіп, жақсылығы мен берекесін нәсіп еткей. Ізгі ниетпен шалатын құрбандығымыз, берген сада­қа­ларыңыз, Аллаға ұнамды әрбір игі істеріңіз, қажылық сапарында жүрген жерлестеріміздің қажылығы қабыл бол­ғай. Әмин!

– Сұхбатыңыза рақмет.

Сұхбаттасқан:

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: