Атырауда №37 орта мектептің мұғалімі алаяқтық жасады деп айыпталды. Ата-аналардың айтуынша, ол сенімдеріне кіріп, грант әперемін деп уәде берген соң ақша мен әшекей бұйымдарын алған, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, ата-аналар тобы шағым түсіріп, мұғалім өз қызметін жеке мүддесіне пайдаланғанын айтқан.
Балаларымызды кімге сеніп тапсырамыз? Мектеп ішінде осындай жағдай болып жатқанда тәрбиемен, біліммен қалай мақтана аламыз?» – деп ашуланды ата-аналар.
Олар мұғалімді дереу жұмыстан шығаруды талап етіп, қалалық прокуратураны, полицияны және білім басқармасын жағдайды бақылауға алып, істі сотқа жеткізуге шақырды.
Ата-аналар қауымы балалардың тағдырына немқұрайлық танытпайтынын және деректер расталған жағдайда кінәліге қатаң жаза қолдануды талап ететінін айтты.
Ал білім басқармасы әзірге бұл жағдайға қатысты пікір білдірмеген.
Полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Бұл дерек бойынша «Алаяқтық» бабымен соталды тергеу басталды. Қазір кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды», – деді ведомство өкілдері.
Айта кетейік, бұған дейін Атырауда №30 мектептің бұрынғы қызметкері мектеп директоры балаларға тиісіп жүр деп айыптаған. Бұл жағдайға қатысты облыстық білім басқармасы пікір білдірген еді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!