Бүгінде білім беру саласында интерактивті ойындар мен оқу қосымшалары кеңінен танымал болғанымен, мектеп жасына дейінгі балаларды оқуға үйретудің ең тиімді жолы – қарапайым әрекеттер арқылы оқыту, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл қорытындыны Мичиган мемлекеттік университетінің зерттеушілері жасады. Зерттеу Journal of Research in Reading (JRR) журналында жарияланды.
Ғалымдар 3 пен 6 жас аралығындағы мыңнан астам балаға жүргізілген бақылау нәтижелерін саралап шықты. Олардың қатарында 200-ден астам сөйлеу және тіл дамуында қиындықтары бар балалар болды. Зерттеуде үш түрлі оқыту әдісі қарастырылды:
- Тікелей практикалық әрекеттер: әріп жазу, маңдайшалардан жазулар іздеу, дыбыстарды тану жаттығулары;
- Бірлесіп кітап оқу;
- Сауаттылықты дамытуға арналған ойындар — цифрлық және үстелдік нұсқалар.
Нәтижесінде, тікелей әрекетке негізделген сабақтар барлық балалар үшін ең жоғары нәтиже бергені анықталды. Керісінше, ойындарға көбірек уақыт бөлген балалар әріптер мен дыбыстарды тану, фонологиялық қабылдау бойынша тесттерде нашар нәтиже көрсетті. Бірлесіп оқу тек тілдік бұзылыстары жоқ балаларға ғана оң әсерін берген.
Біздің зерттеуіміз білім мазмұны мен оқыту формасының маңыздылығын көрсетеді. Баланың баспа мәтінімен тікелей жұмыс істеуі мен ата-ананың қатысуы – ең тиімді тәсіл. Ойындар мен цифрлық құралдар ересектердің орнын алмастыра алмайды, – дейді зерттеу жетекшісі Лори Скиббе.
Ғалымдар ата-аналарға баланың оқу дағдыларын дамыту үшін қымбат қосымшалар мен құрылғылардың қажет емес екенін ескертеді. Оның орнына, күнделікті өмірде қарапайым тапсырмалар арқылы қолдау көрсеткен жөн:
- көшедегі маңдайшалардан әріптер іздеу,
- бірге сөздер жазу,
- дыбыстарды талдау,
- және кітап оқығанда сұрақтар қойып, пікір алмасу.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!