Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев инвестициялық жобалар және күн тәртібіндегі негізгі мәселелер талқыланған жиын өткізіп, жауапты сала басшыларына, аудан әкімдеріне тапсырмалар жүктеді.
“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы облыстағы әлеуметтік-экономикалық ахуал тұрақты екенін, су тапшылығына қарамастан күріштен мол өнім жиналғанын атап өтіп, өңірдің дамуына оң бағасын берді. Биыл да барлық макрокөрсеткіш бойынша өсімді қамтамасыз ету үшін жұмысты күшейту керек. Экономиканың негізгі үлесін алатын мұнай қорының соңғы жылдардағы төмендеу тенденциясын ескеріп, ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру өте маңызды. Инвестиция көлемін 10 пайыздық өсіммен меже бекітіңіздер. Жоспарланған жобалардың барлығын мерзімінде жүзеге асыруды және іске қосуды қамтамасыз етіңіздер. Өңірдің шикізаттық қорын, қолда бар ресурстарды, инженерлік-инфрақұрылымды тиімді пайдаланып, отандық және шетелдік инвестиция тарту бағытында жұмысты күшейту қажет. Кәсіпкерлік басқармасының басшысы, инвестициялық жобалардың уақытылы жүзеге асуын үйлестіріңіз. Мәселені қатаң бақылауға алыңыз.Облыс көлеміндегі мектепке дейінгі ұйымдардың барлығында цифрландыру бағытындағы мобильді қосымшаны қолдануды жалғастырыңыздар. Мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдардың жобалық қуатына сәйкес толымдылығын қамтамасыз етіңіздер. Балабақшалардың, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың қаржысы қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкес игерілуі керек. Мемлекеттен бөлінген қаржы мақсатты жұмсалуы тиіс. Заң бұзушылықтарға жол беріп, шарт талаптарын орындамаған өнім берушілермен прокуратура органдарының ұсынымдарын негізге алып келісім-шарттарды бұзу қажет ”, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Айта кетейік, 2025-2029 жылдары аймақта құны 2 трлн. теңгеге жуық 87 инвестициялық жоба жүзеге асып, 8 300 жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл құны 275,3 млрд. теңгені құрайтын 24 жобаның іске қосылуы, 1 мыңға жуық жұмыс орнын ашу көзделуде. Өткен жылы Қытай, Ресей, Италия, Испания, Голландия, Корея, Өзбекстан, Түркия елдерінің өкілдерімен сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық және инвестициялық жобаларды іске асыру туралы бірқатар келісімге қол қойылды.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!