Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік қаржының мақсатты жұмсалуына бақылау жүргізіп, бірқатар бұзушылықтарды анықтады. Мемлекеттік сатып алу, қаржы-шаруашылық қызмет барысында заң талаптарының сақталмауы жиі тіркелген. Құқық қорғау органдарына бірнеше материал жолданып, кейбір фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Ербол Күзембаев мәлімдеді.
– Біздің ең басты мақсатымыз – мемлекеттік қаржының әрбір тиынының дұрыс, мақсатты әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету. Аудит барысында біз анықталған бұзушылықтар бойынша бірден айыппұл салып, жазалауға асықпаймыз. Алдымен жауапты тұлғаларға ескерту жасап, заң аясында кемшіліктерді түзетуге мүмкіндік береміз. Алайда ескертуге қарамастан бұзушылықтар жойылмаса немесе қайталанса, міндетті түрде заңға сәйкес қатаң шара қолданамыз. Қазіргі таңда бірқатар материалдар құқық қорғау органдарына жолданып, тиісті процессуалдық шешімдер қабылдануда. Бұл – біздің жұмысымыздың бір бөлігі ғана. Ең маңыздысы – алдын алу. Әрбір мекеме басшысы өзінің жауапкершілігін түсініп, қаржыны игеру барысында заң талаптарын қатаң сақтау керек. Бюджет қаржысы – халықтың аманаты. Сондықтан біз бақылау жұмыстарын жүйелі түрде жүргіземіз. Әсіресе, мемлекеттік сатып алу рәсімдері мен қаржы-шаруашылық қызметтердегі тәртіпке баса мән береміз. Сонымен қатар, Қаржы министрлігі енгізген онлайн бюджеттік мониторинг жүйесі арқылы да тәуекелі жоғары төлемдерді дер кезінде бақылауға алдық. Бұл да қаржының мақсатты жұмсалуына мүмкіндік береді. Бақылау мен алдын алу шаралары алдағы уақытта да күшейтіледі. Біз бюджет қаражатына қатысты әрбір деректі жіті назарда ұстаймыз. Бұл – біздің тікелей міндетіміз әрі қоғам алдындағы жауапкершілігіміз, – деді Ербол Қабаштайұлы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!